وَلَهُ فِي أُخْرَى: «أَمَرَهَا أَنْ تَتْرُكَ الصَّلَاةَ قَدْرَ أَقْرَائِهَا وَحَيْضَتِهَا وَتَغْتَسِلَ وَتُصَلِّيَ. فَكَانَتْ تَغْتَسِلُ عِنْدَ كُلِّ صَلَاةٍ».
Нәсәидің басқа бір риуаятында Алла елшісі (с.а.с.) Үммі Хабибаға (р.а.) әдеттегі етеккір күндерінде намаз оқымай, одан кейін ғұсыл алып намаз оқуды бұйырған. Ол әр намаз үшін ғұсыл алатын.1
Түсіндірме
1. Риуаяттарда истихаза қаны келген Үммі Хабиба – Алла елшісінің (с.а.с.) балдызы, мүміндердің анасы Зейнеп бинт Жахштың (р.а.) сіңлісі.
Риуаяттардан оның ұзақ уақыт бойы қан кетуден зардап шеккені анық көрінеді. Тіпті жуынғанда да қан суды қызылға бояп жіберетін.
2. Бірқатар хадисте Алла елшісі (с.а.с.) «әр намаз уақыты үшін дәрет алып, намаз оқуды», ал кейбір риуаятта «әр намаз уақыты үшін ғұсыл алып, намаз оқуды» бұйырған. Үммі Хабибаға айтқан ғұсыл алу бұйрығы кейбір нұсқада белгілі бір мезгілмен шектелмеген. Бұдан әр намаз үшін жуыну қажет немесе ара-тұра жуыну жеткілікті деп те түсінуге болады. Әбу Дәуіттің бір риуаятында әр намаз үшін ғұсыл алу бұйырылады. Риуаяттардағы осы айырмашылықтарға байланысты фақиһтар түрлі үкім берген:
• Ғалымдардың көпшілігі әр намаз үшін жаңадан дәрет алуды міндетті санаған. Сол дәретпен уақытылы немесе қаза намаздың біреуін ғана оқиды. Бір намаз уақытында екінші намаз оқығысы келсе, қайта дәрет алады.
• Ханафилер дәретті намаз уақытына қарай есептейді. Уақыт кіргенде алған дәретімен сол уақыттың парыз намазын және қалағанынша қаза намазын оқи алады.
• Мәликилердің пікірінше, әйелдің әр намаз үшін дәрет алуы – мұстахаб. Қан кетуден өзге дәрет бұзатын жағдай болса, дәретін жаңалайды.
• Ахмад ибн Ханбал мен Исхақ ибн Раһуя: «Сақтық үшін әйелдің әр намаз уақытында ғұсыл алғаны жөн», – деген.
3. Хадис әйелдің өзіне қатысты осындай мәселелерді ер кісіден тікелей сұрауына рұқсат екенін көрсетеді.
4. Әйел етеккір қанын истихаза қанынан ажырата алса, етеккірінің басталатын және бітетін мерзімін өзі анықтай алады. Етеккір күндері өткеннен кейін келген қанды истихазаға жатқызып, өз мәзһабының үкіміне сай амал етеді. Мысалы, ханафи мәзһабын ұстанса, намаз уақыты кіргенде дәретін жаңалайды. Келесі намаз уақыты кіргенше истихаза қаны оның дәретін бұзбайды. Сол дәретпен қалағанынша намаз оқи алады, Құранды ұстай алады, мешітке кіре алады. Яғни дәреті бар кісіге рұқсат етілген амалдардың бәрін орындай алады.
- 1Бұхари, «Хайыз», 26 (№327); Мүслим, «Хайыз», 64, 66 (№334); Әбу Дәуіт, «Таһарат», 111 (№288–291); Тирмизи, «Таһарат», 96 (№129); Нәсәи, «Хайыз», 2–4 (1/181–182); Ибраһим Жанан, «Кутуб-и ситтә тәржүмә уә шәрхи», 11-том, 64-бет.