وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: مَنْ غَسَّلَ الْمَيِّتَ فَلْيَغْتَسِلْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَزَادَ: «وَمَنْ حَمَلَهُ فَلْيَتَوَضَّأْ».
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Мәйіт жуған адам ғұсыл алсын”, – деді». Әбу Дәуіттің нұсқасында: «Мәйітті көтерген адам дәрет алсын», – деген қосымша бар.1
Түсіндірме
Хадисте мәйіт жуған адамға ғұсыл алу, көтерген адамға дәрет алу бұйырылады. Ол әртүрлі жолмен жеткен. Ғалымдар оның сахихтығына бірдей көз жеткізбегендіктен, үкімімен амал ету жөнінде әртүрлі пікір айтқан. Тирмизи былай түсіндіреді: «Хадис – хасан. Ол Әбу Һурайраның (р.а.) өз сөзі, яғни мауқуф риуаят ретінде де жеткен. Ғалымдар мәйіт жуған адамның үкімі жайында әртүрлі пікір айтқан. Сахабалар мен кейінгі ғалымдардың бірқатары “Ғұсыл алсын” десе, кейбірі “Дәрет алсын” деген. Имам Мәлік: “Мәйіт жуған кісінің ғұсыл алуын мұстахаб санаймын. Ол уәжіп емес”, – деген. Шафиғидің үкімі де осындай. Ахмад ибн Ханбал: “Мәйіт жуған адамға ғұсыл уәжіп емес. Айтылатын талаптың ең азы – дәрет алу”, – деген. Исхақ ибн Раһуя “Дәрет алу керек” десе, Абдулла ибн Мүбәрак: “Мәйіт жуғаны үшін ғұсыл да, дәрет те қажет емес”, – деген».
Осы пікірді ұстанғандар Бәйһақидың Ибн Аббастан жеткізген риуаятына да сүйенеді. Онда Алла елшісі: «Мәйіт жуғандарың үшін ғұсыл алуларың міндет емес. Мәйіттерің таза, нәжіс емес. Қолдарыңды жусаңдар, жеткілікті», – деген. Ибн Хажар бұл риуаятты Әбу Һурайраның риуаятымен былай үйлестіреді: «Әбу Һурайраның хадисіндегі бұйрық уәжіптікті білдірмейді, мәндуб амалды меңзейді. Немесе мұндағы ғұсыл Ибн Аббастың хадисінде түсіндірілгендей, қолды жууды білдіреді».
«Муаттадағы» № 3815 риуаят бойынша, Әбу Бәкір (р.а.) дүние салғанда, жұбайы Әсма бинт Үмәйс оның денесін жуған. Ісі аяқталғанда, қасындағы мұһажирлерден: «Бүгін күн қатты суық. Өзім оразамын. Маған ғұсыл алу керек пе?» – деп сұрайды. Олар: «Жоқ», – дейді.
Мәйіт жуған адамның ғұсыл алуы уәжіп емес, мұстахаб екенін білдіретін риуаяттар бар. Абдулла ибн Мүбәрак секілді кей ғалымдар оны мұстахабқа да жатқызбаған.
Жоғарыдағы хадисті мансух санағандар да бар. Кей ғалым насх болғанын қабылдамаған. Олар: «Жорамалмен насх дәлелденбейді», – деп, риуаяттың үкім шығаруға негіз болатындай сахих еместігін айтқан. Ибн Омардан жеткен бір риуаят та осы мәселені ашады: «Мәйіт жуатынбыз. Болған соң кейбіріміз жуынатынбыз, кейбіріміз жуынбайтынбыз».
Хаттаби былай дейді: «Мәйіт жуғаны үшін ғұсыл алу, оны көтергені үшін дәрет алу міндетті деп үкім берген фақиһты білмеймін. Мұндағы бұйрық мұстахаб амалға қатысты сияқты. Мәйіт жуған кісіге жуындырған суы шашырауы мүмкін. Мәйіттің денесіне сырт көзге білінбейтін нәжіс сіңген болса, су оған араласып, жуушыға тиеді. Сол себепті толық тазару үшін оның ғұсыл алғаны жөн». Хаттаби мәйіт көтерген кісіге дәрет алу жөніндегі сөзді оның дәретті болып, жаназа намазына қатысуына қатысты деп түсіндірген.
- 1Әбу Дәуіт, «Жанаиз» (3161). Тирмизи, «Жанаиз» (993).