Хадис

Кутуб ситтә, № 3809

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
509. Мәйітті жуу және мәйіт жуған адамның ғұсыл алуы
Нөмірі
№ 3809 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
3809
Кутуб ситтә, № 3809 · тараудағы реті: 3

وَفِي أُخْرَى: «فَضَفَرْنَا شَعْرَهَا ثَلَاثَةَ قُرُونٍ وَأَلْقَيْنَاهَا خَلْفَهَا». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ وَهَذَا لَفْظُ الشَّيْخَيْنِ.

Қазақша аудармасы

Өзге бір риуаятта: «Шашын үш өрім етіп өріп, өрімдерін артына түсірдік», – делінеді.1

Түсіндірме

1. Бұл риуаяттарда марқұм «Алла елшісінің бір қызы» деп, аты аталмай беріледі. Кей нұсқада оның Әбу әл-Ас ибн әр-Рабиғтың (р.а.) жұбайы Зейнеп (р.а.) екені анық айтылған. Өзге нұсқаларда Османның (р.а.) жұбайы Үммі Күлсім (р.а.) делінеді. Мүслимнің риуаятында Зейнептің есімі аталғандықтан, көпшілік осы нұсқаны құптаған. Ибн Хажар: «Үммі Атия (р.а.) екеуінің де жаназасына қатысқан болуы мүмкін», – деп, риуаяттарды осылай үйлестіреді. Бұған Ибн Абдулбәррдің мына дерегі де негіз болады: осы хадистерді жеткізген Үммі Атия мәйіт жууды кәсіп еткен. Сол себепті ол екі жаназаға да қатысқан болуы ықтимал.

2. Мәйітті кемінде үш рет жуады. Қажет болса, бес, жеті рет немесе одан да көп жууға болады. Жуу саны тақ болуы керек.

3. Мәйітті жууға таза судың өзі жеткілікті. Алла елшісі (с.а.с.) суды сидрмен араластыруды, соңғы жууға кәфур қосуды бұйырған.

Сидр – ағаштың атауы. Оның кептіріліп, уатылған жапырағын жуынғанда сабын секілді тазартқыш ретінде қолданады.

Кәфур – Үндістанда өсетін ағаштың шайырынан алынатын ақ түсті, хош иісті зат. Мәйіттің соңғы жуылатын суына оны хош иісі үшін қосады.

Қазы Иядтың айтуынша, мәйіттегі кірді кетіру үшін алғашқы жууда сидр қолдану жеткілікті. Кейінгі жууда оны қайта қосудың қажеті жоқ. Ол сидрдің мәйіттің бұзылуын баяулату, ұсақ жәндік болса, оны кетіру секілді өзге пайдасын да атайды. Ибн әл-Һумам: «Хадис мәйітті жуу кезінде оның кірін кетірумен бірге әбден тазартуға ұмтылудың құпталатынын көрсетеді», – дейді. Оның пікірінше, тазалық үшін судың өзі жетеді, ал суды жылыту, оған сидр мен кәфур қосу – шариғат құптайтын амал.

Кей ғалымдар мәйітті әуелі таза сумен жуып, кірін кетіруді, содан соң сидр қосылған сумен әбден тазартуды, ең соңында кәфур қосылған сумен жуып, хош иістендіруді жөн санаған. «Әл-Һидаяда» алғашқы екі рет суға сидр қосып жуған абзал делінеді. Кей ғалым хадисті әр жуған сайын сидр қосылған су қолдану керек деп түсінген.

4. Алла елшісі (с.а.с.) изарын тәбәрікке беріп, Зейнептің денесін әуелі соған орауды қалаған. Хадисте «Оған мынаны шиар етіңдер» делінеді. Араб тілінде «шиар» – денеге тікелей тиетін киім. Оны ішкөйлек деп түсінуге болады. Сондықтан хадистегі сөзді «Денесін алдымен осыған ораңдар» деп аудардық. Алла елшісі (с.а.с.) изарын кебіннің ішінен орауға бергенде, қызы Зейнепке береке дарысын деген болуы керек.

5. Хадисте Зейнептің (р.а.) шашын үшке бөліп өріп, арт жағына түсіргені айтылады. Құртубидің айтуынша, мұны Алла елшісі (с.а.с.) бұйырды ма, әлде Үммі Атия өз ұйғарымымен істеді ме, ол жағы анық айтылмаған. Екі ықтималдық та бар. Осыдан ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Кейбірі әйел мәйітінің шашын өруге қарсы болса, өзгелері осы хадиске сүйеніп, өру қажет деген. Әузағи мен ханафи ғалымдары шашының бір бөлігін бет жағына, бір бөлігін арт жағына жайған жөн дейді. Нәуауи Үммі Атияның ісін Алла елшісі көріп, құптаған деп тұжырымдаған. Ибн Хажар Сағид ибн Мансұр жеткізген мына риуаятқа сүйеніп, бұл Пайғамбардың нұсқауы болғанын айтады: «Оны үш рет жуыңдар, шашын да өріп реттеңдер».

  1. 1Бұхари, «Жанаиз», 8–17 (1253–1263), осы нұсқа (1263). Мүслим, «Жанаиз» (939). Мәлік, «Муатта», «Жанаиз», 2 (1/222). Әбу Дәуіт, «Жанаиз» (3142–3146). Тирмизи, «Жанаиз» (990). Нәсәи, «Жанаиз», 28, 30–36 (4/28–32).