وَعَنْ يَحْيَى بْنِ سَعِيدٍ: «أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: مَا عَلَىٰ أَحَدِكُمْ لَوْ اتَّخَذَ ثَوْبَيْنِ لِجُمُعَتِهِ سِوَى ثَوْبَيْ مَهْنَتِهِ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ. «الْمَهْنَةُ»: بِفَتْحِ الْمِيمِ وَسُكُونِ الْهَاءِ: الْعَمَلُ وَالْخِدْمَةُ، وَرُوِيَ بِكَسْرِ الْمِيمِ.
Яхия ибн Сағид (рахимаһуллаһ) былай дейді: «Маған жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): “Жұмыс киімдеріңнен бөлек жұмаға арнап екі бөліктен тұратын киім алсаңдар, қайтер еді?” – деген».1
Түсіндірме
1. Хадистегі «саубайн» – үстіңгі және астыңғы бөліктен тұратын киім. Ол көйлек пен ридадан немесе шапан мен ридадан құралады.
2. Алла елшісі (с.а.с.) мұсылманның апталық мерекесі – жұма күніне арнап киім киюді ұсынған. Жұма әдебіне жуыну, хош иіс жағу, тісті мисуакпен тазалау және арнайы киім кию кіреді. Ғалымдардың айтуынша, мұндай киім кию міндеттелмеген. Бұл – мүмкіндігі бар адамға арналған, сәнденуге үндейтін мұстахаб амал. Ұсыныс жұмаға да, айтқа да қатысты. Риуаяттарда Алла елшісінің (с.а.с.) жұма мен айт күндері ең жақсы киімін киіп, сәлде орап, хош иіс жаққаны айтылады.
- 1Мәлік, «Муатта», «Жұма», 17 (1/110). Әбу Дәуіт, «Салат» (1078). Ибн Мәжа, «Иқамат әс-салат» (1095).