وَفِي رِوَايَةٍ لِأَبِي دَاوُدَ قَالَ: «بَعَثَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ أُسَيْدَ بْنَ حُضَيْرٍ وَأُنَاسًا مَعَهُ فِي طَلَبِ قِلَادَةٍ أَضَلَّتْهَا عَائِشَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا، فَحَضَرَتِ الصَّلَاةُ فَصَلَّوْا بِغَيْرِ وُضُوءٍ، فَأَتَوُا النَّبِيَّ ﷺ فَذَكَرُوا لَهُ ذَلِكَ، فَأُنْزِلَتْ آيَةُ التَّيَمُّمِ». زَادَ فِي رِوَايَةٍ: «فَقَالَ أُسَيْدٌ: يَرْحَمُكِ اللَّهُ، مَا نَزَلَ بِكِ أَمْرٌ تَكْرَهِينَهُ إِلَّا جَعَلَ اللَّهُ فِيهِ لِلْمُسْلِمِينَ وَلَكِ فَرَجًا». «النُّقَبَاءُ» جَمْعُ نَقِيبٍ، وَهُوَ الْمُقَدَّمُ عَلَىٰ جَمَاعَةٍ يَكُونُ أَمْرُهُمْ مَرْدُودًا إِلَيْهِ كَالْعَرِيفِ، وَهُوَ أَكْبَرُ مِنْهُ.
Әбу Дәуіт жеткізген Айшаның (р.а.) риуаятында Алла елшісінің (с.а.с.) Айша жоғалтқан алқаны іздеуге Усәйд ибн Худайрды (р.а.) бірнеше кісімен бірге жібергені айтылады. Намаз уақыты кіргенде, олар дәретсіз намаз оқыған. Кейін Пайғамбарға жағдайды баяндаған. Сол кезде тәяммум туралы аят түскен.
Бір нұсқада Усәйдтің Айшаға: «Алла сені рақымына бөлесін. Басыңа өзіңе жайсыз іс түскен сайын, Алла сол істен өзіңе де, мұсылмандарға да тығырықтан шығар жол ашты», – дегені қосылған1.
وَالْمُرَادُ بِالنُّقَبَاءِ هُنَا سُبَّاقُ الْأَنْصَارِ إِلَى الْإِسْلَامِ فِي الْعَقَبَةِ، جَعَلَهُمُ النَّبِيُّ ﷺ نُقَبَاءَ عَلَىٰ قَوْمِهِمْ، وَكَانَ أُسَيْدٌ مِنْهُمْ.
Түсіндірме
1. «Тәяммум» сөздікте «меңзеу», «ниет ету» деген мағыналарды білдіреді. Шариғи термин ретінде ол намаз бен дәрет қажет ететін өзге құлшылықтарды орындауға мүмкіндік алу үшін, дәрет не ғұсыл орнына бетті және екі қолды сүрту ниетімен таза топыраққа жүгінуді білдіреді. Сөз осы мағынада жиі қолданылып, келе-келе бетті және екі қолды топырақпен сипау амалының атауына айналған. Бұл – сөздіктегі мағынадан ауысқан шариғи қолданыс.
2. Тәяммум азиматқа2 жата ма, әлде рұқсатқа жата ма деген мәселеде ғалымдардың пікірі әртүрлі. Кей ғалымдар су табылмаған жағдайда оны азимат, ал науқас кісі үшін рұқсат деп санаған.
3. Тәяммумның қандай жағдайда және қалай алынатыны келесі хадистерде, әсіресе № 3723 хадистің түсіндірмесінде баяндалады.
4. Ислам ғалымдары тәяммумды Мұхаммедтің (с.а.с.) үмбетіне берілген жеңілдік әрі Алланың рақымы деп түсіндіреді. Алла тағала алдыңғы үмбеттерге бермеген осы жеңілдікті бұл үмбетке нәсіп еткен. Сөйтіп су жоқта құлшылықтан қол үзу мен өзін таза сезінбей қиналудың алдын алған.
5. Бұл оқиғаның қай сапарда болғаны риуаятта нақтыланбаған. Ғалымдар да бұл жөнінде бірауызды пікір айтпаған. Ибн Сағд, Ибн Хиббан және Ибн Абдулбәрр оқиға һижраның бесінші жылындағы Мурайсиғ деп те аталатын Бәни Мұсталық жорығында болған деген. Айшаға (р.а.) жала жабылған оқиға да осы сапарда болған. Ол да Айшаның алқасын жоғалтып алуынан басталған.
Ибн Хажар тәяммум оқиғасы да Бәни Мұсталық сапарында болды десек, Айша сол сапарда алқасын екі рет жоғалтқан болып шығатынын айтады. «Оқиғаның баяндалуынан бұлардың екеуі бөлек оқиға екені байқалады», – дейді. Ол бұл жөніндегі пікірталасты сөз етіп: «Ұстаздарымыздың бірі екі оқиғаның да Бәни Мұсталық сапарында болуы мүмкін емес деп есептеген. Оның уәжі мынадай: “Мурайсиғ – Қадид пен Сақилдың арасында, Мекке бағытында. Ал бұл оқиға Хайбар бағытында болған. Өйткені Айша риуаятта Байда мен Зат әл-Жайшты атаған. Нәуауи бұл екеуінің Мәдина мен Хайбар арасында жатқанын нақты айтқан”», – дейді.
Ибн Хажар бұл уәжді келтірген соң, түрлі деректегі риуаяттардың айырмашылықтарына сүйеніп айтылған өзге пікірлерге де орын береді. Әуелі өзі бір пікірге тоқтамай, Ибн әт-Тиннің тұжырымы орынды екенін айтады. Ибн әт-Тиннің пайымынша, Байда – Мекке мен Мәдина жолындағы Мәдинаға жақын Зул-Хулайфа маңы. Зат әл-Жайш одан әрі орналасқан.
Кейбір ғалымдар жала оқиғасы мен тәяммум оқиғасы екі бөлек сапарда болған деген. Төменде келетін Табарани риуаяты осы пікірді қуаттайды.
Ибн Хажар басқа нұсқадағы: «Аллаға ант етемін, өзіңді мұңайтқан жағдайға тап болған сайын, Алла сені тығырықтан шығарып, мұсылмандарға сол істен береке нәсіп етті», – деген қосымшаны келтіреді. Оның пікірінше, бұл сөз тәяммум оқиғасының жала оқиғасынан кейін болғанын аңғартады және осыны айтқан ғалымдардың сөзін қуаттайды.
Тәяммум оқиғасының кейін болғанын қуаттау үшін Ибн Хажар Ибн Әбу Шәйбаның Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген риуаятына жүгінеді. Әбу Һурайра: «Тәяммум аяты түскенде, тәяммумды қалай алуды білмедім», – деген. Ибн Хажар: «Бұл аяттың Бәни Мұсталық сапарынан кейін түскенін көрсетеді. Әбу Һурайра һижраның жетінші жылы мұсылман болды, ал Бәни Мұсталық сапары одан бұрын болғанына дау жоқ», – дейді.
Табарани жеткізген риуаятта Айша былай дейді: «Алқа оқиғасы өтіп, жалақорлар айтарын айтып болғаннан кейін, Алла елшісімен (с.а.с.) тағы бір сапарға шықтым. Бұл жолы да алқамды жоғалтып алдым. Оны іздеп, жұртты тағы да жолынан қалдырдым. Әбу Бәкір: “Қызым-ай, әр жолы жұртты әбігерге салдың ғой”, – деп ұрысты. Осы кезде тәяммумға рұқсат беретін аят түсті. Сонда Әбу Бәкір: “Сен қандай берекелі жансың!” – деп, осы ілтипатын үш рет қайталады».
6. Кей ғалымдар Айшаның (р.а.) риуаяттарда «әкем» демей, «Әбу Бәкір» деп атауынан мынадай астар байқаған: «Әке балаға мейіріммен, жұмсақ қарайды. Ал бұл жолы Әбу Бәкір Айшаны сөзбен де, ісімен де жазғырған. Сол сәттегі қатқылдықты жеткізу үшін Айша оны “әкем” демей, өз атымен атаған».
7. Хадистен шығатын ғибраттар:
Бұл риуаятта бірнеше ғибрат бар. Солардың бірқатарына тоқталайық.
• Имам мұсылманның құқығы елеусіз көрінсе де, оны қорғауға тиіс. Айшаның (р.а.) бір алқасы үшін бүкіл жасақ аялдаған. Кейбір риуаятта алқаның құны он екі дирхам болғаны айтылады.
• Тұрмыстағы әйелдің ісіне қатысты шағымды оның әкесіне де айтуға болады. Жұрт Алла елшісін (с.а.с.) ұйқысынан оятқысы келмегендіктен, Әбу Бәкірге барған. Сахабалар уахи келуі мүмкін деп, Алла елшісін ұйқысынан оятпайтын.
• Оқиғаға себеп болған кісінің ісін атауға болады. Жұрт аялдаудың себебін Айшаның ісіне байланыстырып, Әбу Бәкірге: «Айшаның не істегенін көрдіңіз бе?» – деген.
• Әке күйеуімен бірге отырған қызының жанына рұқсатсыз кіре алады. Мұндайда олардың оңаша жақындасып жатпағанына көзі жетуі керек.
• Қызы тұрмыс құрып, жасы ұлғайып, әке шаңырағынан кеткеннен кейін де әке оған жөн айта алады. Өйткені әркім тәрбиесіне жауапты кісісін имамның арнайы рұқсатынсыз да тәрбиелей алады.
• Қимылдаса ұйықтап жатқан кісі оянып кететін болса, өзіне жайсыз тисе де, тырп етпей отыру – мұстахаб. Намаз, Құран оқып отырған немесе іліммен айналысып жатқан кісінің де мазасын алмау үшін осылай істеу мұстахаб.
- 1Бұхари, «Тәяммум», 2 (334, 336), «Фадаил әл-асхаб», 5, 30, «Тәпсір», «Ниса», 10, «Мәида», 3, «Никах», 65, 125, «Либас», 52, «Худуд», 39. Мүслим, «Хайыз», 108 (367). Мәлік, «Муатта», «Таһарат», 89 (1/53–54). Әбу Дәуіт, «Таһарат», 123 (317). Нәсәи, «Таһарат», 194 (1/163–164).
- 2Азимат – қалыпты жағдайда әр адамға міндеттелетін түпкі үкім. Аудармашының ескертпесі.