Хадис

Кутуб ситтә, № 3713

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
504. Мәсінің үстіне мәсіх тарту
Нөмірі
№ 3713 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 22
3713
Кутуб ситтә, № 3713 · тараудағы реті: 22

وَعَنْ خُزَيْمَةَ بْنِ ثَابِتٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ قَالَ: الْمَسْحُ عَلَى الْخُفَّيْنِ لِلْمُسَافِرِ ثَلَاثَةُ أَيَّامٍ، وَلِلْمُقِيمِ يَوْمٌ وَلَيْلَةٌ، وَلَوِ اسْتَزَدْنَاهُ لَزَادَنَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Хузайма ибн Сәбиттен (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Мәсіге мәсіх тарту жолаушыға үш күн, тұрғылықты кісіге бір күн, бір түн», – деген. Рауи: «Мерзімді ұзартуды сұрасақ, ұзартып берер еді», – деп қосқан.1

Түсіндірме

Шафиғи хадистің соңындағы сөзді: «Оның мағынасы – “Бұдан да ұзақ мерзім сұрасақ, ‘Иә’ дер еді”», – деп түсіндіреді.

Ибн Сәйид ән-Нас былай дейді: «Бұл қосымша сөздің риуаяты қуатты болған күннің өзінде, оны дәлел етуге болмайды. Өйткені мерзімге қатысты бұл сөз жорамалға сүйенген. Сахабалар сұрағанда, Алла елшісі мерзімді ұзартып берер еді деген. Демек, олар сұрамаған әрі Алла елшісі мерзімді ұзартпаған. Орын алмаған істі осы қосымша сөзбен қалай бекітеміз?»

Шәукәни де былай дейді: «Риуаятты сахих деп қабылдаған күннің өзінде, қосымша мерзімге дәлел болмайды. Өйткені бұл – сахабалардың жорамалы. Жорамалдың өзі дәлел бола алмайды. Мәсіх мерзімінің үш күн, үш түнмен шектелгені бір топ сахабадан жеткен. Олар Хузайма сияқты қосымша жорамал айтпаған».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 60 (157). Тирмизи, «Таһарат», 71 (95). Ибн Мәжа, «Таһарат», 86 (553).