وَفِي أُخْرَىٰ لِأَبِي دَاوُدَ: «كَانَ ﷺ يَخْرُجُ لِحَاجَتِهِ، فَآتِيهِ بِالْمَاءِ، فَيَتَوَضَّأُ وَيَمْسَحُ عَلَىٰ عِمَامَتِهِ وَمُوقَيْهِ».
Әбу Дәуіттің басқа нұсқасында Біләл былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) қажетін өтеуге сыртқа шығатын. Мен оған су әкелетінмін. Ол дәрет алып, сәлдесі мен мәсісінің сыртынан киілетін екі етігіне мәсіх тартатын».1
Түсіндірме
Екі риуаят та Біләлден (р.а.) жеткен. Оларда Алла елшісінің (с.а.с.) қажетін өтеген соң мәсісі мен сәлдесіне мәсіх тартқаны айтылады. Алғашқы риуаятта сәлденің орнына «химар» сөзі қолданылған. Бұл сөз көбіне әйелдің басжапқышын білдіреді. Осы тұста сәлде меңзелгені өзге риуаяттардан көрінеді. Мәселен, екінші риуаятта сәлде мағынасындағы «имама» сөзі келген.
Екінші риуаятта «мәсі» мағынасындағы «хуфф» сөзінің орнына «муқ» сөзі қолданылған. Осы қолданысқа қарағанда, «муқ» хуфф түріне жатады. Біз оны «етік» деп аудардық. Дегенмен хадистегі аяқкиімнің өзіндік үлгісі бар. Ахтари «муқ» сөзінің түбірі парсы тілінен келгенін және оның мәсінің сыртынан киілетін аяқкиім екенін айтады.
Бұл риуаяттар сәлде мен мәсіге мәсіх тартуға рұқсат берген ғалымдардың дәлелдеріне жатады. Мәселенің түсіндірмесі № 3695 хадистен кейін берілді.
- 1Мүслим, «Таһарат», 84 (275). Әбу Дәуіт, «Таһарат», 59 (153). Тирмизи, «Таһарат», 75 (101). Нәсәи, «Таһарат», 86, 96 (1/75, 81).