وَلِأَبِي دَاوُدَ فِي أُخْرَىٰ: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ مَسَحَ عَلَى الْخُفَّيْنِ، فَقُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، نَسِيتَ؟ فَقَالَ: بَلْ أَنْتَ نَسِيتَ، بِهَذَا أَمَرَنِي رَبِّي عَزَّ وَجَلَّ».
Әбу Дәуіттің басқа нұсқасында Мұғира былай дейді: «Пайғамбар (с.а.с.) мәсілеріне мәсіх тартты. Мен: “Уа, Алланың елшісі, ұмыттыңыз ба?” – деп сұрадым. Ол: “Оны өзің ұмыттың. Мұны маған құдіретті де ұлық Раббым бұйырды”, – деді».1
Түсіндірме
1. Хадис мәсінің үстіне мәсіх тартуға рұқсат бар екенін көрсетеді. Ибн әл-Мүбәрак: «Мұның рұқсат екеніне қатысты сахабалар арасында талас жоқ. Кімнен оған қарсы риуаят жетсе, сол кісіден оны қуаттайтын риуаят та жеткен», – дейді. Ибн Абдулбәрр Мәліктен өзге алғашқы буын фиқһ ғалымдарынан мәсіх рұқсатын терістейтін сөз жетпегенін айтады. Ол: «Мәліктің мәсіхті құптағанын білдіретін анық риуаят та бар», – деп қосады. Шафиғи «әл-Умм» еңбегінде мәликилердің бір кезде бұл рұқсатты қабылдамағанына ишарат еткен. Кейін мәлики мәзһабында екі пікір қалыптасқан:
1) Мәсіге мәсіх тартуға барлық жағдайда рұқсат.
2) Мәсіге мәсіх тартуға сапардағы кісіге ғана рұқсат.
2. Ибн әл-Мунзир ғалымдардың мәсінің үстіне мәсіх тарту абзал ма, әлде мәсіні шешіп, аяқты жуу абзал ма деген мәселеде әртүрлі пікір ұстанғанын айтады. Оның жазуынша, харижилер мен рафизилер мәсіхке қарсы шыққандықтан, мәсіх тартуды абзал көрген ғалымдар да болған. Олардың пайымынша, қарсыластар терістеген сүннетті жаңғырту оны қалдырудан абзал.
Нәуауи былай дейді: «Бірқатар сахаба мәсіхті сүннет ретінде кемітпеу шартымен аяқты жууды абзал санаған». Сапарда намазды қысқартып оқудың толық оқудан абзал екені жөнінде де осындай шарт айтылған. Бірқатар хадис хафизы мәсінің үстіне мәсіх тарту туралы хабарлар тауатур дәрежесіне жеткенін айтқан. Хасан Басридің айтуынша, бұл амал жетпіс сахабадан риуаят етілген.
3. Нәуауидің айтуынша, мәсіхке сапарда да, елде де, қажеттік туса да, тумаса да рұқсат. Ол үйдегі әйелге де, жүре алмайтын кісіге де рұқсат. Нәуауи Мәліктен бұл мәселеде әртүрлі пікір жеткенін айтып: «Оның мәзһабындағы кең тараған пікір өзге мәзһабтардағыдай», – дейді.
4. Хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) қажетін өтеуге оңаша жерге барғаны, дәрет суын алдырғаны, қажетін өтегеннен кейін бірден дәрет алып, намаз оқығаны айтылады. Бұл парыз намаздан гөрі дәреттен кейін оқуға кеңес берілген екі рәкат сүннет намаз болуы мүмкін.
5. Дәрет аларда шапанының жеңі тар болғандықтан, оны түре алмады. Қолын жеңінен суырып алып, шапанын иығына қалдырған күйі етегінен шығарды. Бұдан шапанның алды тұйық болғаны байқалады. Автор мұны қажетті жағдайда ғана рұқсат амал деп санайды және жамағат арасында бұлай киінуді шариғат құптамайтынын айтады.
6. № 3693 риуаяттағы сөз әртүрлі түсіндірілген. Пайғамбардың (с.а.с.) «Оларды дәретім бар кезде кигенмін» дегенін шафиғи ғалымдары «дәретімді толық алып болған соң кидім» деп түсінген. Содан олар дәретті аяқтамай киілген мәсінің үстіне мәсіх тартылмайды деген үкім шығарған.
Мәселен, кісі дәретін аяқтардан бастап, әуелі бір аяғын жуып, құрғатып, мәсісін кисін. Сосын екінші аяғын жуып, екінші мәсісін кисін де, кейін қалған мүшелерін жусын. Не болмаса дәретті ретімен алып, бірінші аяғын жуған бойда мәсісін киіп, екінші аяғын кейін жуып, оның да мәсісін кисін. Екі жағдайда да шафиғилер ол кісінің дәреті бұзылғаннан кейін мәсілеріне мәсіх тартуына болмайды деген. Өйткені алғашқы мәсісін кигенде екінші аяғы жуылмаған, дәреті толық болмаған. Олардың пікірінше, мәсіх тартуға дәрет толық алынғаннан кейін киілген мәсі ғана жарайды. Мәликилер, ханбалилер және Исхақ ибн Раһуя осы үкімді ұстанған.
Ханафи ғалымдары дәретті аяқтамай тұрып киілген мәсінің үстіне мәсіх тартуға болады деген. Олардың пікірінше, мәсіні киер алдында аяқты жуу жеткілікті. Суфиян әс-Сәури, Яхия ибн Адам, Музани, Әбу Сәур және Дәуіт әз-Заһири де Әбу Ханифаның осы үкімін ұстанған.
7. № 3694 риуаятта мәсі мен сәлдеге мәсіх тарту туралы да айтылады. Ғалымдар бұл мәселеде әртүрлі пікір ұстанған.
• Ахмад ибн Ханбалдың пікірінше, сәлденің үстіне ғана мәсіх тартса жеткілікті. Алайда сәлде дәретпен оралуы керек. Әбу Бәкір, Әбу Умама, Сағд ибн Мәлік, Әбуд-Дәрда, Омар ибн Абдулазиз, Хасан Басри, Қатада, Әузағи және Мәкхулдың сәлдесіне мәсіх тартқаны риуаят етілген.
• Бірқатар ғалым мұны құптамай, وَامْسَحُوا بِرُءُوسِكُمْ «бастарыңа мәсіх тартыңдар» деген аятты («Мәида» сүресі, 6-аят) дәлел еткен. Бұл пікір бойынша, сәлдеге тартылған мәсіх басқа тартылған болып есептелмейді. Ғалымдар тәяммумда беттегі жабуға мәсіх тартуды жеткіліксіз санап, бетке тікелей мәсіх тартуды талап еткен. Басқа мәсіх тартуды да осыған ұқсатқан. Хаттаби былай дейді: «Алла тағала басқа мәсіх тартуды парыз етті. Сәлдеге мәсіх тарту жөніндегі хадис түсіндіруді қажет етеді. Сондықтан анық үкімді қойып, жорамалға сүйенуге болмайды». Уруа, Ибраһим ән-Нахаи, Шағби, Қасым ибн Мұхаммед, Мәлік, Шафиғи және Әбу Ханифа (Алла оларды рақымына бөлесін) сәлдеге мәсіх тартуды жөн көрмеген. Сәлдеге мәсіх тартуға рұқсат еткендер екі шарт қойған:
1) Сәлденің бір ұшы иектің астынан өткізілуі керек. Сәлденің үлкен-кішілігі шарт емес.
2) Сәлде басты тұтас жауып тұруы керек. Әдетте ашық қалатын құлақ пен бастың алдыңғы жағы бұған кірмейді. Сәлденің үстіне мәсіх тартқанда, бастың ашық жеріне де мәсіх тарту мұстахаб. Ибн әл-Мунзир қалансуа деп аталатын бөрікке мәсіх тартуға ешкім рұқсат бермегенін, тек Әнәстің солай істегені риуаят етілгенін айтады.
8. Нәуауи «басының алдыңғы бөлігіне және сәлдесіне мәсіх тартты» деген сөзді былай түсіндіреді: «Бұл хадис бастың бір бөлігіне мәсіх тартуды жеткілікті санаған ғалымдарымыздың дәлелдерінің бірі. Басты түгел сипау парыз болса, Алла елшісі (с.а.с.) осы көлеммен шектелмес еді. Бір мүшеде негізгі амал мен оның орнына жүретін амалды қатар орындауға болмайды. Мәселен, бір аяқтағы мәсіге мәсіх тартып, екінші аяқты жууға болмайды. Шафиғи мен бір топ ғалым бастың ашық жағына мәсіх тартып, оны сәлденің үстінен аяқтауды мұстахаб санаған. Бұл тазалықтың бүкіл басқа таралуы үшін жасалады. Мұндайда сәлденің дәретпен оралуы шарт емес. Мәзһабымызда басқа қол тигізбей, сәлденің үстін ғана сипау жеткіліксіз. Мәлік, Әбу Ханифа және ғалымдардың көпшілігі де осы пікірде. Ахмад ибн Ханбал сәлденің үстіне ғана мәсіх тартуды жеткілікті санаған. Оны бұрынғы буын ғалымдарының бір тобы қолдаған». Ол ғалымдарды жоғарыда атадық.
Әйелдің орамалына мәсіх тарту туралы да әртүрлі пікір айтылған. Кей ғалымдар рұқсат берген, енді біреулері рұқсат етпеген. Басты қорғау үшін ғана киілген нәрсенің үстіне мәсіх тартуға рұқсат берілмеген. Олар мұны баскиімді шешудің қиындығы жоқ деп түсіндірген.
9. № 3695 хадисте Мұғира ибн Шуғба аяқ жууды ұмыттыңыз ба деп сұрағанда, Алла елшісі (с.а.с.) «Оны өзің ұмыттың» деп жауап берген. Ғалымдар осы сөзді бірнеше түрлі түсіндірген:
• «Мәсінің үстіне мәсіх тартуға рұқсат берілгенін ұмыттың ба?» деген мағынада айтылған болуы мүмкін.
• «Менің шариғи үкім жеткізуші екенімді ұмытып, маған “Ұмыттыңыз ба?” дедің» дегенді меңзеуі мүмкін. Бұл жорамал бойынша, сөз Алла елшісінің (с.а.с.) шариғи үкімді ұмытпайтынын білдіреді.
Ол: «Сен мені ұмытты деп анық ойладың. Ал Раббым мұны маған уахимен бұйырды», – дегісі келген болуы мүмкін.
- 1Бұхари, «Уудуғ», 35, 48–49 (182, 206), «Салат», 7, 25, «Жиһад», 90, «Мағази», 80, «Либас», 10–11. Мүслим, «Таһарат», 77, 79, 81–82 (274). Мәлік, «Муатта», «Таһарат», 42 (1/36). Әбу Дәуіт, «Таһарат», 59 (149–151, 156). Тирмизи, «Таһарат», 72 (97–100). Нәсәи, «Таһарат», 87, 96–97, 100 (1/76, 82–84).