عَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا لَا نَتَوَضَّأُ مِنْ مَوْطِئٍ، وَلَا نَكُفُّ شَعْرًا وَلَا ثَوْبًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «الْمَوْطِئُ»: مَا يُوطَأُ فِي الطَّرِيقِ مِنَ الْأَذَىٰ.
Ибн Мәсғуд (р.а.) былай дейді: «Жолда лас нәрсені басып кетсек, дәрет жаңартпайтынбыз. Намазда шашымызды да, киімімізді де жинамайтынбыз».1
Түсіндірме
Хадистегі «маути» сөзі жолда аяққа ілігетін лас нәрселерді білдіреді. Хаттабидің түсіндіруінше, Ибн Мәсғуд аяққа кір жұққаны үшін дәретті қайта алмайтындарын айтқан. Ирақи «удуғ» сөзі бұл жерде «жуу» деген тілдік мағынада да қолданылуы мүмкін дейді. Бұл жағдайда «аяққа тиген нәжісті жумайтынбыз» деген мағына шығады. Бәйһақи мұнда құрғақ кір меңзелгенін айтады. Аяқ жолдағы құрғақ лас нәрсеге тисе, лас болып саналмайды. Сахабалар мұндай жағдайда аяқтарын жумаған. Бәйһақи «Мағрифат» еңбегінде «Басып кеткен немесе киімге тиген құрғақ нәжістің үкімі» деген арнайы тарау ашқан.
Тирмизи былай дейді: «Ғалымдардың көпшілігі осы пікірді ұстанған. Олардың айтуынша, кісі құрғақ лас жерді басса, аяғын жуу міндет емес. Нәжіс сұйық болса, тиген жерін жуса жеткілікті. Дәретін жаңартудың қажеті жоқ».
- 1Әбу Дәуіт, «Таһарат», 81 (204). Ибн Мәжа, «Иқамат», 67 (1041), риуаяттың екінші бөлігіне мағыналас нұсқа.