Хадис

Мұсылманды кәпір не мұнафық деп айыптауға болмайды

Кутуб ситтә, 1-том, 5-тарау · 4 хадис · № 40–43

Хадистер

Әртүрлі діни ұйым мүшелерінің өзара қатынаста жіберетін үлкен қатесі – бір-біріне орынсыз мін тағып, арадағы салқындық пен өшпенділікті өршітетін айыптар айтуы. Дініміз кімнің кәпір, кімнің мұнафық саналатынын анық көрсеткен. Діннің ешбір үкімін теріске шығармай, шаһадат айтқан адамды парыздарын орындамаса да, басқа күнәларға бой алдырса да, ешкімнің дін атынан кәпір деуге хақысы жоқ.

Ақида ғалымдары адам жүрегімен сенбеген күннің өзінде, тілімен иманын растаған соң оған мұсылман ретінде қарау керегін бірауыздан айтқан. «Фәтауа Бәззазияда» «Мұхаммадур-расулуллаһ» немесе «Әмәнту бимә әмәнәр-расул» (Алла елшісі сенгенге сендім), тіпті «Аллаһу уахидун» (Алла – бір) деген кісінің мұсылман саналатыны айтылады. Сол сияқты, бір куәгер әлдекімді орталық мешітте намаз оқып жүргенін көргенін айтып, екіншісі оның сөзін растаса, ол адам мұсылман деп танылады. Алла елшісі (с.а.с.) шаһадат айтқан әр адамға мұсылман ретінде қарауды өсиет еткен. Ол бұл мәселенің маңызын мына хадисінде де білдірген: «Адамдар “Лә иләһә иллаллаһ” (Алладан басқа құдай жоқ) дегенге дейін олармен күресуге бұйырылдым. Кім осы сөзді айтса, жаны мен малын менен қорғаған болады. Оның есебі Аллаға қалады». Яғни оның бұл сөзді шынайы айтқан-айтпағанын тексермейміз.

Осыған қатысты Усама ибн Зәйдтің (р.а.) басынан өткен оқиға мәлім. Ибн Һишамның риуаяты бойынша, бір шайқаста Усама қарсыласын жеңуге таяғанда, әлгі кісі: «Лә иләһә иллаллаһ», – деп Алланың бірлігін мойындайды. Усама мұны ажалдан құтылу үшін айтқан сөз деп ұғып, оны өлтіреді. Мәдинаға оралғанда бұл хабарды естіген Алла елшісі (с.а.с.) қатты қынжылып: «Уа, Усама, “Лә иләһә иллаллаһ” деген адамды неге өлтірдің?» – деп кейиді. Усама: «Уа, Алланың елшісі, ол бұл сөзді ажалдан құтылу үшін айтты», – деп жауап береді.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) осы сұрағын қайта-қайта қойғаны сонша, Усама ибн Зәйд (р.а.) қатты өкініп: «Әттең, осы күнге дейін мұсылман болмағанымда, бұл қылмысты істемес едім!» – дейді.

Мүслимнің риуаятында Алла елшісі (с.а.с.) Усамаға: «Бұл сөзді шын көңілден айтты ма, соны білу үшін жүрегін ашып көрдің бе?» – деп кейіс білдіреді.

Әбу Дәуіттің риуаятында Алла елшісі (с.а.с.): «Қиямет күні “Лә иләһә иллаллаһ” сөзімен не істейсің?» – деп те сұрайды.

Сағд сахабаның (р.а.) «Усама өлтірмейінше, мен де бірде-бір мұсылманды өлтірмеймін» деген сөзі бұл оқиғаның Усамаға да, басқа сахабаларға да қаншалық әсер еткенін көрсетеді. Осы мағынаны қуаттайтын бір риуаят Миқдад ибн әл-Әсуадтан жеткен. Ол былай дейді: «Бірде Пайғамбарымыздан (с.а.с.): “Уа, Алланың елшісі, бір кәпірмен шайқасып, ол қолымның бірін шауып түсірсе, артынша менен амандық тілеп, ‘Мұсылман болдым’ десе, оны өлтірейін бе?” – деп сұрадым. Ол: “Өлтірме”, – деді. Мен: “Уа, Алланың елшісі, ол қолымды шауып түсіргеннен кейін ғана мұсылман болғанын айтса ше?” – дедім. Сонда ол: “Өлтірме. Егер оны өлтірсең, ол сенің оны өлтірмей тұрғандағы күйіңде, ал сен оның сол сөзді айтпай тұрғандағы күйінде боласың”, – деді».

Тәухид пен шаһадат сөзінің қадірін ашатын тағы бір мысал бар. Бұл сөздерді айтқан адамды мұнафық деуге тыйым салынған. Бұхариде және басқа да хадис пен сияр кітаптарында былай баяндалады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) сахабаларымен әңгімелесіп отырғанда, мұсылмандарға көп жәбір көрсеткен Мәлик ибн әд-Духшунның аты аталады. Бір сахаба: «Ол – мұнафық. Алланы да, Оның елшісін де жақсы көрмейді», – дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Олай деме. Оның Алланың разылығын тілеп, “Лә иләһә иллаллаһ” дегенін көрмедің бе?» – деп жауап береді. Сахаба: «Бірақ оның көбіне мұнафықтармен араласып, соларға жақтасқанын көріп жүрміз», – дейді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Алланың разылығын іздеп, “Лә иләһә иллаллаһ” деген адамды Алла тозақ отына харам етті», – дейді.

Осы тақырыпқа қатысты тағы бір мысал келтірейік. Бір күні Алла елшісі (с.а.с.) шет аймақтан келген зекет малын жүректерін Исламға жақындатуды көздеген төрт адамға бөліп береді. Үлес тимегендердің кейбірі наразылығын білдіреді. Солардың бірі шектен шығып: «Уа, Алланың елшісі, Алладан қорық, әділ бол!» – дейді. Алла елшісі (с.а.с.) бұл сөзге қатты кейісе де: «Саған обал болды! Жер бетінде менен артық Алладан қорқатын кім бар?» – деумен шектеледі. Мұны көрген Халид ибн Уәлид (басқа нұсқада Омар) (р.а.) келіп: «Уа, Алланың елшісі, рұқсат етсеңіз, оның басын алайын», – дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Жоқ, ол намаз оқитын шығар», – деп тоқтатады. Сонда Халид (р.а.): «Тілімен айтқаны жүрегіндегісіне сай келмейтін намазхандар қаншама», – дейді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) оған берген жауабы – біз сөз етіп отырған алауыздыққа қарсы алтын әріппен жазуға татитын сөз: «Маған адамдардың жүрегін тексеріп, ішін жарып қарау бұйырылған жоқ».

Осы хадистер тұрғанда бір мұсылман туралы: «Намазына қарама, елге көрсету үшін оқиды» немесе «Жұртты алдау үшін қажы атанып жүр», – деудің дін тұрғысынан қаншалық орынсыз әрі ауыр айып екенін аңғарамыз.

Құран Кәрім намаз оқып, ораза ұстаған кісіге ғана емес, мұсылманша сәлем берген адамға да мұсылман ретінде қарауды бұйырады. «Уа, иман еткендер! Алла жолында жорыққа шыққандарыңда әрбір жағдайдың байыбына баруға тырысыңдар (яғни, кімнің мүмін, кімнің кәпір екенін анықтаңдар, әр нәрсеге жіті қарап, әр мәселенің қыр-сырына әбден қанығыңдар). Өздеріңе бейбітшілік тілеп, мұсылманша сәлем бергенге дүние тіршілігінің өткінші игілігіне (олжаға) қызығып, “Сен мүмін емессің” деп айтпаңдар...»1

Аяттың түсу себебі де осы мәселеге қатысты. Деректерде оқиға бірнеше нұсқада баяндалады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) белгілі бір міндетпен жіберген жасақ (бір нұсқада жорықтағы мұсылмандар тобы) Батн Идам деген елді мекенге жеткенде, тұрғындары қаша жөнеледі. Малдарының жанында қалған бір ауқатты кісі (бір нұсқада шопан) ғана мұсылмандарға жақындап, мұсылманша сәлем береді. Бірақ Мұхаллам ибн Жәссама оны өлтіріп, малын иемденеді. Жасақ қайтып келіп, бұл оқиға Пайғамбарымызға (с.а.с.) жеткенде, жоғарыдағы аят түседі. Хадис пен сияр кітаптарында Мұхалламның көп ұзамай қайтыс болғаны айтылады. Оны үш рет жерлесе де, жер әр жолы мәйітін қабылдамай, сыртқа шығарып тастаған екен. Бұл хабарды естіген Алла елшісі (с.а.с.): «Жер бұдан да жамандарды қабылдайды. Бірақ Алла Тағала сендерге “Лә иләһә иллаллаһ” сөзіне құрмет көрсетудің маңызын ұқтырғысы келді», – деген.

Аят шайқастың ең шиеленісті кезінде де мұсылманша сәлем берген адамға мұсылман ретінде қарауды бұйырады. Олай болса, мұсылман екенін ашық білдіріп, Исламға қызмет етуді өзіне мұрат тұтқан кісіге партиясы не ұйымы бөлек деп ауыр сөз айтып, ар-намысына дақ түсірудің исламдық өлшемге қаншалық сай келетінін оқырман өзі бағамдасын.

Исламда біреуді кәпір деп айыптаудың қатері зор, жауапкершілігі ауыр. Алла елшісі (с.а.с.): «Кім бауырына “Кәпір!” десе, бұл сөз екеуінің біріне тиеді. Айыпталған адам айтқанындай болмаса, сөзі айтқанның өзіне қайтады», – деген. Осы ескертудің салмағын харижиттерге қатысты пікірталастан көруге болады. Әһл-сүннет уәл-жамағаттан тыс қалған, адасқан топ деп танылған харижиттерді кәпір деуге бола ма дегенде, бірқатар ғалым мұндай айыптың жауапкершілігін ескеріп, мәселе анықталмайынша екі жаққа да үкім айтудан тартынған. Ал оларды кәпір деуге болады дегендердің кейбірі осы хадиске сүйеніп: «Олар Ислам үмбетін кәпір деп, өздері күпірлікке түсті», – деген. Осы пікірді ұстанған Қади Ияд «Әш-Шифа» еңбегінде: «Үмбетті адасушылықпен, күллі сахабаны күпірлікпен айыптауға апаратын сөзді айтқан әр адамға кәпір деп үкім береміз», – дейді.

Тағы бір маңызды хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) Ислам үмбетінің жетпіс үш топқа бөлінетінін, солардың біреуі ғана тура жолда болып, құтылатынын хабарлаған. Бірнеше жолмен жеткен осы риуаяттың бір нұсқасында тыңдаушылар құтылатын топтың кімдер екенін сұрайды. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Менің жолымдағылар, сахабаларым, Алланың діні жайында дауласпайтындар және тәухид иелерін бір күнәсі үшін кәпірге шығармайтындар», – деп жауап берген.

Ислам ғалымдары үмбетті біреуді кәпір деп айыптаудан сақтандырған. Бұл мәселедегі сақтықтың мәнін «Хужжатул-ислам» атанған Имам Ғазалидің сөзімен түйіндейік: «Мүмкіндігінше мұсылманды кәпір деп айыптаудан аулақ болған жөн. Алланың бірлігін мойындап, намаз оқитын адамның қанын төгуді адал санау – қате. Жаңылысып бір мұсылманның қанын төккеннен гөрі, жаңылысып бір кәпірдің өмірін сақтаған абзал».

Аяққа тұсау болған қателік

Бүгінде айналасындағы мұсылманның кемшілігін көрсе, оған қара күйе жағып, тіпті кәпір деуге дейін баратын адамдар жиі кездеседі. Арасында лауазымды, дипломы бар, тіпті кітап жазған кісілер де бар. Қоғамдағы беделіне қарап, жұрт олардың пікіріне құлақ түреді, кейде еліктейді. Сондықтан олардың бір қатесі мыңдаған, тіпті жүз мыңдаған не миллиондаған адамға әсер етуі мүмкін. Олардың ниеті Аллаға аян. Дінге қызмет етуді шын көңілмен көздеді дегеннің өзінде, жікшілдікті күшейтіп, адамдардың бір-біріне деген өшпенділігін өршіткені байқалады. Сөйтіп, істің нәтижесі ниетіне қайшы шығып, қас түзеймін деп, көз шығарады.

Мұндай қателік діни білімнің таяздығынан туады. Біреуді айыптау үшін келтірген дәлелі анық болуы мүмкін, алайда сол дәлелден шығарған үкімі күмәнді, ал жасаған қиясы жарамсыз болып жатады.

Мұны түсіну үшін Пайғамбарымыз (с.а.с.) күпірлікке теңеген кейбір істерді жасаған адамның жағдайы туралы ғалымдар не дегеніне тоқталайық.

Алла елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Зина жасаған адам зина үстінде мүмін күйінде болмайды. Ішімдік ішкен адам ішіп отырғанда, ұры ұрлық жасап жатқанда мүмін күйінде болмайды», – деген. Тағы бір хадисінде: «Әкелеріңнен бас тартпаңдар. Кім өз әкесінен бас тартса, бұл ісі – күпірлік», – деген. Өзге бір хадисте: «Сендердің бірің өзіне тілегенін бауырына да тілемейінше, иман келтірген болмайды», – делінген. «Сүннетімнен бет бұрған менен емес» деген хадис те осыған ұқсайды. Ғалымдар бұл сөздерді иманның кәмілдігіне қатысты түсіндірген. Мысалы, ішімдік ішкен адам иманынан айырылмайды, бірақ иманының кәмілдігіне нұқсан келеді. Өзіне тілеген жақсылығын бауырына тілемейтін қызғаншақ, өзімшіл адамның да иманы кемелденбеген. Өз әкесін жоққа шығарып, біле тұра басқа біреуді «әкем» деген адам осы ісі үшін кәпір саналмайды. Марқұм Кәмил Мирас осы айырманы аңғарту үшін хадистегі күпірлікті «нығметтің қадірін білмеу» деп аударған.

Қысқасы, иманы кәміл адам зина жасамайды, ішімдік ішпейді, ұрлық істемейді, әкесінен бас тартпайды, өзгелерге жақсылық тілеп, сүннетті ұстанады. Хадистер осы қасиеттерді еске салып, жаман қылықтың иманға нұқсан келтіріп, оның дәрежесін түсіретінін ескертеді.

Кей ғалымдар хадистегі қатаң сөздер аталған күнәлардың ауырлығын білдіріп, олардан үзілді-кесілді тыйылуға шақырады деп түсіндірген. Бұл екі түсіндірме де орынды.

Діни білімі таяз кісілер мұнафықтықтың белгілері туралы хадистерден де жаңсақ үкім шығарып жатады. Уағызда жиі айтылатын осы хадистердің бірінде Алла елшісі (с.а.с.): «Мұнафықтың үш белгісі бар. Сөйлесе, өтірік айтады. Уәде берсе, сөзінде тұрмайды. Аманат тапсырылса, қиянат жасайды», – деген. Тағы бір риуаятта: «Төрт қасиет кімнің бойынан табылса, ол – нағыз мұнафық. Кімде олардың бірі болса, одан арылғанша бойында мұнафықтықтың бір қасиеті болады. Аманат тапсырылса, қиянат жасайды. Сөйлесе, өтірік айтады. Келісім жасаса, оны бұзады. Дауласса, шектен шығады», – делінген.

Бір риуаятта: «Ансарларды жақсы көру – иманның белгісі, оларды жек көру – мұнафықтықтың белгісі», – делінген. Басқа бірінде: «Оларды тек мүмін жақсы көреді, тек мұнафық жек көреді. Оларды жақсы көргенді Алла жақсы көреді, оларды жек көргенді Алла да жек көреді», – делінген.

Осы хадистерде аталған бір мінезді мұсылманның бойынан көре сала оған «мұнафық» деген ат тағу – дін атынан жасалған ауыр қиянат, кешірілуі қиын қателік, терең надандықтың көрінісі. Өйткені шын мәніндегі мұнафық тілімен иман келтіргенін айтып, ісімен мұсылман болып көрінгенімен, жүрегімен Алланың бар әрі бір екеніне сенбейді, Мұхаммедтің (с.а.с.) пайғамбарлығын мойындамайды. Мұндай мұнафықтықтың жазасы Алланың алдында күпірліктің жазасынан да ауыр.

Бұл хадистерде Алла елшісі (с.а.с.) мұсылманға жараспайтын, Ислам тыйым салған мінездерді көрсеткен. «Кімде олардың бірі болса, одан арылғанша бойында мұнафықтықтың бір қасиеті болады» деген сөз де осыны аңғартады. Ал «Кім жорыққа шықпай және шығуды іштей ойламай қайтыс болса, мұнафықтықтың бір белгісімен көз жұмады» деген хадисті Имам Нәуәуи былай түсіндірген: «Кім осылай істесе, осы қылығымен жорықтан қалып қойған мұнафықтарға ұқсаған болады. Өйткені жиһадты тәрк ету – мұнафықтықтың бір сипаты».

Ендеше, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бұл хадистерін осындай мінез байқалған кісіні мұнафық деп айыптауға, онымен қатынасты үзуге негіз етуге болмайды. Хадистердің мақсаты – адамдармен қарым-қатынаста осы мінездерге жол бермеу. Бойынан сондай қасиетті аңғарған кісі одан тезірек арылуға тырысып, мүмінге жараспайтын қылыққа жол бермесін.

Бұл хадистер адамның бойында жақсы да, жаман да мінез болатынын аңғартады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұсылманды жақсы қасиеттерді бойына сіңіруге үндеп, жаман қылықтан тыйған. Мүмінге көркем мінез бен мұсылманға тән жақсы қасиеттер жарасады.

Іс жүзінде кәпір мен мұнафықтың бойында да жақсы мінез, ал мүміннің бойында да жағымсыз қылық кездеседі. Алланың бар екенін және Мұхаммедтің (с.а.с.) пайғамбарлығын тілімен айтып, жүрегімен бекітпеген адамды көркем мінезіне қарап мұсылман дей алмаймыз. Сол секілді шаһадат айтқан мұсылманға да бойындағы бір жағымсыз қылығы үшін кәпір деген таңба басуға болмайды. Күпірлікке үкім беруді қажет ететін сөз бен іс-әрекеттің жөні бөлек.

Мұсылманға тән асыл қасиеттің бірі – жомарттық. Өзіне пайда іздемей, өзгеге қайырымдылық жасау, садақа беру, игілік істеу дінімізде жоғары бағаланып, дәріптелген. Дегенмен иман келтірмеген кісі жер жүзін толтырарлық садақа берсе де, сол ісіне қарап оны мұсылман дей алмаймыз. Құран Кәрімде былай делінген: «Шүбәсіз, (өмірінің соңына дейін) күпірлікте табандап, сол күйі кәпір болып өлгендердің әрбірі азаптан құтылу үшін жер беті толы алтын берсе де, олардың ешбірінен (ондай төлем) қабыл болмайды. Міне, соларға жан төзгісіз азап бар һәм оларға қол ұшын беретін медеткер де болмайды»2.

Бұл аят иман келтірмеген адамның бойындағы жомарттық сияқты жақсы қасиетке қатысты үкімді білдіреді. Бұл үкім өзге де көркем қасиеттерге жүреді. Басқа бір аятта: «Кімде-кім Исламнан басқа бір дін іздесе, (біліп қойсын), ол дін әсте қабыл болмайды. Сөйтіп, ол ақыретте зиян шегетіндердің қатарында болады»3, – делінген.

Мұсылманға жат кейбір қасиеттердің хадистерде неліктен күпірлік пен мұнафықтыққа телінетінін түсіну үшін Әбу Зәррдан (р.а.) жеткен риуаятқа жүгінейік: «Пайғамбарымызға (с.а.с.) барсам, ұйықтап жатыр екен. Оянғанда жанына отырдым. Ол: “Лә иләһә иллаллаһ деп, осы сеніммен жан тапсырған әр құл жаннатқа кіреді”, – деді. Таңырқап: “Зина жасап, ұрлық істесе де ме?” – деп сұрадым. Ол: “Иә, зина жасап, ұрлық істесе де”, – деп жауап берді. Таңданысымды жеңе алмай: “Зина жасап, ұрлық істесе де кіре ме?” – деп қайта сұрадым. Ол: “Зина жасап, ұрлық істесе де”, – деді. Осы жауабын үш рет қайталап, төртінші жолы: “Зина жасап, ұрлық істесе де, Әбу Зәрр қанша қаламаса да, кіреді”, – деді».

Жоғарыда осы екі күнәнің Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сөзінде күпірлікке телінгенін көрдік. Демек, бір ғана хадиске немесе аятқа сүйеніп, тұтас үкім шығару жаңсақтыққа ұрындыруы мүмкін.

Құранда күнәлар туралы былай делінген: «Алла Өзіне серік қосқанды әсте кешірмейді. Ал одан өзге күнәларды істеген құлдарынан қалағанын кешіреді. Кімде-кім Аллаға серік қосса, сұмдық жала жапқан әрі өте ауыр күнәға батқан болады»4.

Исламның өлшемі – осы. Аллаға және ақыретке иман келтірген адам бұл өлшемнен айнымайды. Оның орнына өзінің не өзгенің әуесінен туған көмескі өлшемді қоймайды.

Мұсылман бір ғана хадиске не аятқа қарап үкім шығарудың қателікке ұрындыратынын біледі. Аяттар мен хадистердің насих, мансух, мұжмал секілді түрлері бар. Оларды ажыратып, еңбектерінде түсіндіру – ғалымдардың міндеті. Мүмін ғалымдардың осы жолын ұстанады. Бұл – әһл-сүннет уәл-жамағаттың жолы, Ислам үмбетінің дұрыс бағыты.

Серт берудің үкімі

40
Кутуб ситтә, № 40 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Убада ибн әс-Самит

عَنْ عُبَادَةَ بْنِ الصَّامِتِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: «كُنَّا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي مَجْلِسٍ، فَقَالَ: “أَتُبَايِعُونِي عَلَى أَنْ لَا تُشْرِكُوا بِاللَّهِ شَيْئًا، وَلَا تَسْرِقُوا، وَلَا تَزْنُوا، وَلَا تَقْتُلُوا النَّفْسَ الَّتِي حَرَّمَ اللَّهُ إِلَّا بِالْحَقِّ؟”». وَفِي أُخْرَى: «وَلَا تَقْتُلُوا أَوْلَادَكُمْ، وَلَا تَأْتُوا بِبُهْتَانٍ تَفْتَرُونَهُ بَيْنَ أَيْدِيكُمْ وَأَرْجُلِكُمْ، وَلَا تَعْصُونِي فِي مَعْرُوفٍ، فَمَنْ وَفَّى مِنْكُمْ فَأَجْرُهُ عَلَى اللَّهِ، وَمَنْ أَصَابَ مِنْ ذَلِكَ شَيْئًا فَسَتَرَهُ اللَّهُ عَلَيْهِ فَأَمْرُهُ إِلَى اللَّهِ تَعَالَى، إِنْ شَاءَ عَفَا عَنْهُ وَإِنْ شَاءَ عَذَّبَهُ». فَبَايَعْنَاهُ عَلَى ذَلِكَ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ. وَزَادَ النَّسَائِيُّ فِي أُخْرَى بَعْدَ قَوْلِهِ: «فَأَجْرُهُ عَلَى اللَّهِ تَعَالَى»: «وَمَنْ أَصَابَ مِنْ ذَلِكَ شَيْئًا فَأُخِذَ بِهِ فِي الدُّنْيَا فَهُوَ كَفَّارَةٌ لَهُ وَطَهُورٌ». وَفِي أُخْرَى لِلثَّلَاثَةِ وَالنَّسَائِيِّ: «بَايَعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَلَى السَّمْعِ وَالطَّاعَةِ فِي الْعُسْرِ وَالْيُسْرِ، وَالْمَنْشَطِ وَالْمَكْرَهِ، وَعَلَى أَثَرَةٍ عَلَيْنَا، وَعَلَى أَنْ لَا نُنَازِعَ الْأَمْرَ أَهْلَهُ، وَعَلَى أَنْ نَقُولَ بِالْحَقِّ أَيْنَمَا كُنَّا، لَا نَخَافُ فِي اللَّهِ لَوْمَةَ لَائِمٍ». وَفِي أُخْرَى: «أَنْ لَا نُنَازِعَ الْأَمْرَ أَهْلَهُ إِلَّا أَنْ تَرَوْا كُفْرًا بَوَاحًا عِنْدَكُمْ فِيهِ مِنَ اللَّهِ تَعَالَى بُرْهَانٌ».

Қазақша аудармасы

Убада ибн әс-Самит (р.а.) былай жеткізеді: «Бірде Алла елшісімен (с.а.с.) бірге отырған едік. Ол: “Аллаға еш нәрсені серік қоспауға, ұрлық жасамауға, зинаға бармауға және Алла қол сұғуға тыйым салған жанды заңды негізсіз өлтірмеуге серт бересіңдер ме?” – деді». Басқа риуаятта: «Балаларыңды өлтірмеуге, ойдан шығарып жала жаппауға әрі ізгі істе маған қарсы келмеуге серт беріңдер. Кім сертінде тұрса, сауабын Алла береді. Ал кім осы тыйымдардың бірін бұзып, Алла оның күнәсін жасырса, оның ісі Аллаға қалады. Қаласа, оны кешіреді, қаласа, азаптайды», – делінген. Убада: «Біз де осы шарттармен серт бердік», – дейді.

Нәсәи басқа бір риуаятта «Сауабын Алла береді» деген сөзден кейін мына сөйлемді келтіреді: «Кім осы тыйымдардың бірін бұзып, бұл дүниеде сол үшін жазаланса, алған жазасы оның күнәсіне кәффарат болып, өзін сол күнәдан тазартады».

Бұхари, Мүслим, Мууатта және Нәсәи келтірген басқа риуаятта Убада ибн әс-Самит (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) таршылықта да, кеңшілікте де, көңіліміз қаласа да, қаламаса да, өзгелерді бізден артық көргенде де құлақ асып, бойсұнуға, басшылармен билікке таласпауға, қай жерде жүрсек те, ақиқатты айтуға және Алла жолында ешкімнің жазғыруынан қаймықпауға серт бердім».

Тағы бір риуаятта: «Алладан келген айқын дәлелі бар ашық күпірлікті көрмейінше, басшылармен билікке таласпауға…» – делінген1. Мұндағы «бауах» – басқаша жорамалдауға келмейтін айқын нәрсе.

Түсіндірме

1. «Серт беру» деп аударылған «бәйғат» сөзінің бастапқы мағынасы – сауда келісімін қол алысып бекіту.

Билеуші мен халық арасындағы бойсұну туралы келісім сауда мәмілесіне ұқсатылып, «бәйғат» аталған. Мұндай серттесуді «мүбайаға» деп те атайды. Алла елшісі (с.а.с.) сауап уәде етсе, серт берушілер оған бойсұнуға уәде берген. Алла елшісі (с.а.с.) мен мұсылмандар әуелі бірінші Ақаба сертін, кейін екінші Ақаба сертін жасасты. Хұдайбияда бір ағаштың түбінде бір жарым мыңға жуық мұсылман берген Ридуан серті де Пайғамбардың (с.а.с.) жамағаттан алған айтулы серттерінің бірі еді. Һижреттен кейін мәдиналық әйелдер де топ болып серт берді. Алла елшісі (с.а.с.) жекелеген адамдардан да, кейде балалардан да серт алған. Ақабада серт берген ансарлар: «Уа, Расулалла! Жерімізге келгеніңе дейін сенің амандығыңа жауап бере алмаймыз. Бізге келсең, сені қорғау біздің міндетіміз болады. Өзімізді, балаларымыз бен әйелдерімізді неден қорғасақ, сені де содан қорғаймыз», – деген. Жоғарыда Убада ибн әс-Самит (р.а.) риуаят еткен серт те Ақабада жасалған. Ол «Әйелдер серті» деген атпен белгілі. Алла елшісі (с.а.с.) осы серт арқылы Исламның негізгі талаптарының орындалуын және өзіне бойсұнуды бекітті. Мұны Ислам мемлекетінің қалыптасуына бастар алғашқы маңызды қадам деуге болады.

2. Хадисте түсіндіруді қажет ететін тағы бір жайт бар. Қылмысы үшін бұл дүниеде жазасын өтеген адам сол ісі үшін ақыретте қайта жазалана ма? Жоғарыдағы хадисте дүниедегі жазаның адамды күнәсінен арылтатыны ашық айтылған. Алайда өзге риуаяттарға сүйенген ғалымдар шариғатта белгіленген жазаның күнәға кәффарат болу-болмауы жайында әртүрлі пікір білдірген. Ғалымдардың көпшілігі осы хадистің сахихтығына сүйеніп, діннен шыққаны үшін берілетін өлім жазасынан өзге шариғи жазаларды күнәнің кәффараты деп санаған. Өйткені хадис мүміндерге қарата айтылған. Діннен шыққан кісі, яғни мүртәд, Исламды тәрк етуімен мүміндік сипатын жоғалтады. Сондықтан мүмінге уәде етілген кәффарат оған жүрмейді.

3. Хадисте ескерілетін тағы бір жайт – құқық аяқасты болғанда да билік иелерімен тартысқа түспей, сабыр сақтау. Ғалымдар мұны одан да үлкен залалдың алдын алумен түсіндірген. Дегенмен бүлікке жол бермей биліктен тайдыру мүмкін болса, залым басшыға қарсы тұруға болады деген ғалымдар да бар.

  1. 1Бұхари, «Иман», 11 (№18). Мүслим, «Худуд», 41 (№1709). Нәсәи, «Бәйғат», 17 (7/148). Тирмизи, «Худуд», 12 (№1439). Билікке қатысты риуаят: Бұхари, «Фитән» (№7055–7056).
41
Кутуб ситтә, № 41 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Ауф ибн Мәлик әл-Әшжағи

وَعَنْ عَوْفِ بْنِ مَالِكٍ الْأَشْجَعِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا عِنْدَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ تِسْعَةً أَوْ ثَمَانِيَةً أَوْ سَبْعَةً، فَقَالَ: “أَلَا تُبَايِعُونَ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ؟” فَبَسَطْنَا أَيْدِيَنَا وَقُلْنَا: “عَلَامَ نُبَايِعُكَ يَا رَسُولَ اللَّهِ؟” قَالَ: “عَلَى أَنْ تَعْبُدُوا اللَّهَ تَعَالَى وَلَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا، وَتُصَلُّوا الصَّلَوَاتِ الْخَمْسَ، وَتَسْمَعُوا وَتُطِيعُوا”، وَأَسَرَّ كَلِمَةً خَفِيَّةً، قَالَ: “وَلَا تَسْأَلُوا النَّاسَ شَيْئًا”. قَالَ: فَلَقَدْ رَأَيْتُ بَعْضَ أُولَئِكَ النَّفَرِ يَسْقُطُ سَوْطُ أَحَدِهِمْ فَمَا يَسْأَلُ أَحَدًا يُنَاوِلُهُ إِيَّاهُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ауф ибн Мәлик әл-Әшжағи (р.а.) былай жеткізеді: «Алла елшісінің (с.а.с.) қасында тоғыз, сегіз немесе жеті кісі едік. Ол: “Алла елшісіне серт бермейсіңдер ме?” – деді. Қолымызды созып: “Уа, Алла елшісі! Не нәрсеге серт береміз?” – деп сұрадық. Ол: “Аллаға құлшылық етіп, Оған еш нәрсені серік қоспауға, бес уақыт намаз оқуға, құлақ асып, бойсұнуға”, – деді. Содан соң дауысын бәсеңдетіп: “Адамдардан ештеңе сұрамауға”, – деп қосты. Кейін сол топтағы кей кісілердің қамшысы түсіп қалғанда, оны алып беруді ешкімнен сұрамағанын көрдім»1.

  1. 1Мүслим, «Зекет», 108 (№1043). Әбу Дәуіт, «Зекет», 27 (№1642). Нәсәи, «Салат», 5 (1/229). Ибн Мәжа, «Жиһад», 41 (№2867).
42
Кутуб ситтә, № 42 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «كُنَّا إِذَا بَايَعْنَا رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَلَى السَّمْعِ وَالطَّاعَةِ يَقُولُ لَنَا: “فِيمَا اسْتَطَعْتُمْ”». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай жеткізеді: «Біз Алла елшісіне (с.а.с.) құлақ асып, бойсұнуға серт берген сайын, ол бізге: “Шамаларың жететін істе”, – дейтін»1.

  1. 1Бұхари, «Ахкам», 42 (№7202). Мүслим, «Имәрат», 90 (№1867). Нәсәи, «Бәйғат», 18 (7/148). Тирмизи, «Сияр», 34 (№1593). Мәлик, «Муатта», «Бәйғат», 1 (2/982). Ибн Мәжа, «Жиһад», 43 (№2874).
43
Кутуб ситтә, № 43 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ أُمَيْمَةَ بِنْتِ رُقَيْقَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «أَتَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي نِسْوَةٍ مِنَ الْأَنْصَارِ فَقُلْنَا: “نُبَايِعُكَ عَلَى أَنْ لَا نُشْرِكَ بِاللَّهِ شَيْئًا، وَلَا نَسْرِقَ، وَلَا نَزْنِيَ، وَلَا نَقْتُلَ أَوْلَادَنَا، وَلَا نَأْتِيَ بِبُهْتَانٍ نَفْتَرِيهِ بَيْنَ أَيْدِينَا وَأَرْجُلِنَا، وَلَا نَعْصِيَكَ فِي مَعْرُوفٍ”. فَقَالَ: “فِيمَا اسْتَطَعْتُنَّ وَأَطَقْتُنَّ”. فَقُلْنَا: “اللَّهُ وَرَسُولُهُ أَرْحَمُ بِنَا مِنَّا بِأَنْفُسِنَا، هَلُمَّ نُبَايِعْكَ”. قَالَ سُفْيَانُ رَحِمَهُ اللَّهُ تَعَالَى: تَعْنِي: “صَافِحْنَا”. فَقَالَ: “إِنِّي لَا أُصَافِحُ النِّسَاءَ، إِنَّمَا قَوْلِي لِمِائَةِ امْرَأَةٍ كَقَوْلِي لِامْرَأَةٍ وَاحِدَةٍ”». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Умәймә бинт Руқайқа (р.а.) былай жеткізеді: «Ансар әйелдерінің бір тобымен бірге Алла елшісіне (с.а.с.) бардым. Біз: “Аллаға еш нәрсені серік қоспауға, ұрлық жасамауға, зинаға бармауға, балаларымызды өлтірмеуге, ойдан шығарып жала жаппауға және ізгі істе сізге қарсы келмеуге серт береміз”, – дедік. Алла елшісі: “Шамаларың жететін, күштерің көтеретін істерде”, – деді. Біз: “Алла мен Оның елшісі бізге өзімізден де мейірімді. Келіңіз, сізге серт берейік”, – дедік».

Суфиян (Алла оны рақымына бөлесін): «Ол “Бізбен қол алысыңыз” дегенді меңзеді», – деп түсіндіреді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Мен әйелдермен қол алыспаймын. Жүз әйелге айтқан сөзім бір әйелге айтқан сөзіммен бірдей», – деді1.

Түсіндірме

1. Алла елшісі (с.а.с.) ерлерден де, әйелдерден де серт алғанда: «Шамаларың жететін іске серт беріңдер», – дейтін. Ол серт беру кезінде осы шартты ескеруді айтатын. Өйткені Алла Тағала бұл үмбетке шамасынан тыс міндет жүктемейді2.

Бұл шарт әйел сахабаларға қатты әсер етті. Олар: «Алла мен Оның елшісі бізге өзімізден де мейірімді», – деді. Кей риуаяттарда олардың серт беруге асығып: «Уа, Расулалла, қолыңды соз, саған серт берейік», – дегені айтылады.

2. Жоғарыдағы риуаяттан әйелдердің де ерлер секілді қол алысып серт бергісі келгенін аңғарамыз. Алла елшісі (с.а.с.) осы орайда, бәлкім, алғаш рет Исламдағы мына әдепті үйреткен: бір-біріне некелесуі мүмкін ер мен әйел қол алыспайды.

Зурқани осы оқиғаға қатысты өзге риуаяттарды да келтіреді. Соның бірінде: «Әйелдер серт бергенде Алла елшісінің (с.а.с.) қолын киімінің сыртынан ұстады», – делінген.

Тағы бір риуаятта: «Алла елшісі (с.а.с.) қолына мата ұстамаса, серт үстінде әйелдермен қол алыспайтын», – делінеді. Бұхариде Айша анамыздан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) әйелдерден сертті ауызша алғаны айтылады. Ол «Уа, пайғамбар! Жаңадан иман келтірген әйелдер алдыңа келіп: Аллаға ешкімді һәм еш нәрсені серік етіп қоспау, ұрлық-қарлыққа бармау, зина жасамау, балаларын өлтірмеу, бөтен баланы немесе басқа біреуден тапқан баласын күйеуіне теліп өтірік айтпау, бірде-бір игі істе саған қарсы келмеу мәселелерінде саған ант бергілері келсе, анттарын қабылда һәм олар үшін Алладан кешірім тіле!..»3 деген аятқа сүйенген. Айша анамыз: «Иелігіндегі күңді қоспағанда, Алла елшісінің (с.а.с.) қолы ешбір әйелдің қолына тиген емес», – деген.

Бұл риуаяттардың бәріне ортақ тұс – серт берген әйелдердің қолына Алла елшісінің (с.а.с.) жалаң қолы тимеген.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Бәйғат», 2 (2/982). Тирмизи, «Сияр», 37 (№1597). Нәсәи, «Бәйғат» (№4181).
  2. 2«Бақара» сүресі, 286-аят.
  3. 3«Мумтахана» сүресі, 12-аят. Айша анамыздың риуаяты: Бұхари, «Ахкам» (№7214).