عَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «أُمِرْتُ أَنْ أُقَاتِلَ النَّاسَ حَتَّى يَشْهَدُوا أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَأَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللَّهِ، وَيُقِيمُوا الصَّلَاةَ، وَيُؤْتُوا الزَّكَاةَ، فَإِذَا فَعَلُوا ذَلِكَ عَصَمُوا مِنِّي دِمَاءَهُمْ وَأَمْوَالَهُمْ إِلَّا بِحَقِّ الْإِسْلَامِ، وَحِسَابُهُمْ عَلَى اللَّهِ». وَلَفْظُ مُسْلِمٍ: «إِلَّا بِحَقِّهَا». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ، وَلَفْظُ مُسْلِمٍ: «إِلَّا بِحَقِّهَا».
Ибн Омар (р.а.) былай жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Адамдар Алладан басқа құдай жоқ екеніне және Мұхаммед Алланың елшісі екеніне куәлік етіп, намаз оқып, зекет бергенге дейін олармен соғысу маған бұйырылды. Осыны орындаса, олардың жаны мен мал-мүлкі менен қорғалады. Исламның ақысы бұдан тыс. Олардың есебі Аллаға қалады”, – деді».
Мүслимнің риуаятында «Исламның ақысы бұдан тыс» деген тұс «Оның ақысы бұдан тыс» деп берілген1.
Түсіндірме
Хадисте Исламның шарттарын орындаған адамның малы, жаны мен ар-намысы қорғалатыны айтылған. «Исламның ақысы» деген тіркес осы кепілдіктің шегін белгілейтін құқықтық міндеттерді білдіреді. Мысалы, нисап мөлшеріне жеткен малдан зекет алынады, ал қылмыс жасаған адамға ісіне сай жаза қолданылады. Біреуді нақақ өлтірсе, қысас үкімі орындалып, оның өзі де өлім жазасына кесіледі. Дін белгілеген мұндай міндеттер мен шектеулер Исламды қабылдаған адамға берілген қауіпсіздік кепілдігіне қайшы келмейді.
Хадистен шығатын тұжырымдар:
- Куәлік сөзін (кәлима-и шаһадатты) айтып, Исламды мойындаған адам мұсылман саналады. Оның жанына, малына және ар-намысына өзге мұсылманның қол сұғуына тыйым салынады. Мұсылмандарға қатысты шариғи үкімдер оған да қолданылады. Куәлігінің шынайылығын Алла біледі. Адам іштей сенбеуі немесе мұсылмандарға қастық ойлауы да мүмкін. Алайда біз оның жүрегіне үңіле алмаймыз. Болашақты білмейтініміз сияқты, өзгенің көкірегіндегі сыр да бізге беймәлім. Сондықтан оның көзге көрінген амалына, яғни куәлік сөзін айтып, намаз оқығанына қарап, мұсылман ретінде қараймыз.
- 1Бұхари, «Иман», 17 (№25). Мүслим, «Иман», 36 (№22).