Хадис

Кутуб ситтә, № 3670

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
497. Әйелге жанасу
Нөмірі
№ 3670 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
3670
Кутуб ситтә, № 3670 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Убәй ибн Кәғб

وَعَنْ أُبَيِّ بْنِ كَعْبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّهُ قَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِذَا جَامَعَ الرَّجُلُ امْرَأَتَهُ فَلَمْ يُنْزِلْ؟ قَالَ: يَغْسِلُ مَا مَسَّ الْمَرْأَةَ مِنْهُ، ثُمَّ يَتَوَضَّأُ وَيُصَلِّي». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Убәй ибн Кәғб (р.а.) былай дейді: «Уа, Алланың елшісі, ер кісі жұбайымен жыныстық қатынасқа түсіп, мәниі шықпаса, не істейді? – деп сұрадым. Алла елшісі (с.а.с.): “Әйелге тиген жерін жуады, сосын дәрет алып, намаз оқиды”, – деді».1

Түсіндірме

Бұл хадис жыныстық қатынас кезінде мәни шықпаса, ғұсыл алудың қажет еместігін білдіреді. Осы мағынада «Су мәни шыққанда ғана қажет» деген өзге риуаяттар да бар. Ғалымдар бұл риуаяттардың үкімі кейінгі хадистермен жойылғанына бірауыздан келіскен. Солардың бірі мынадай: «Сүндеттелетін екі жер түйісіп, мүшенің басы кірсе, мәни шықса да, шықпаса да, ғұсыл алу керек».

«Хитан» – сүндеттелетін жер. Ибн Хажар әл-Асқаланидің түсіндіруінше, «екі хитан» деген тіркесте ер кісінің сүндеттелетін жері меңзелген. «Хашафа» – ер кісінің жыныс мүшесінің басы. Демек, мүшенің басы кірсе, шариғат бойынша жыныстық қатынас орын алған болып саналады. Мәнидің шығуы шарт емес. Бұдан туындайтын үкімдердің бірі – ғұсыл алу.

Дегенмен жыныстық қатынас болып, мәни шықпаса, ғұсыл алу міндет емес деген аздаған сахаба мен табиғин болған. Тіпті Атадан: «Мәни шықпаса да, ғұсыл алмайынша көңілім көншімейді. Өйткені бұл жөнінде ғалымдардың пікірі әртүрлі», – деген сөз жеткен. Шафиғи «Ихтилаф әл-хадис» еңбегінде былай дейді: «“Су мәни шыққанда ғана қажет” деген хадис сахих. Алайда оның үкімі жойылған. [...] Хижаздық ғалымдардың кейбірі бұл мәселеде бізбен келіспей: “Мәни шықпаса, ғұсыл алу керек емес”, – дейді».

Жоғарыда айтылғандай, хадистің үкімі жойылған деген тұжырымға қатысты пікірталас болған. Ғалымдардың көпшілігі ғұсыл алуды міндет деп санаған.

  1. 1Бұхари, «Ғұсыл», 29 (293). Мүслим, «Хайыз», 85 (346).