Хадис

Кутуб ситтә, № 3666

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
496. № 3666–3667 хадистер
Нөмірі
№ 3666 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
3666
Кутуб ситтә, № 3666 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Мисуар ибн Махрама

عَنِ الْمِسْوَرِ بْنِ مَخْرَمَةَ: «أَنَّهُ دَخَلَ عَلَىٰ عُمَرَ بْنِ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ اللَّيْلَةَ الَّتِي طُعِنَ فِيهَا، فَأَيْقَظَ عُمَرَ لِصَلَاةِ الصُّبْحِ، فَقَالَ عُمَرُ: نَعَمْ، وَلَا حَظَّ فِي الْإِسْلَامِ لِمَنْ تَرَكَ الصَّلَاةَ. فَصَلَّىٰ عُمَرُ وَجُرْحُهُ يَثْعَبُ دَمًا». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ. «يَثْعَبُ»: يَسِيلُ.

Қазақша аудармасы

Мисуәр ибн Махраманың айтуынша, Омар ибн әл-Хаттабқа (р.а.) қанжар сұғылған түні оның қасына барып, таң намазына оятқан. Омар: «Иә, намазды тәрк еткеннің исламнан нәсібі жоқ», – деді. Сосын жарасынан қан ағып тұрса да, намаз оқыды.1

Түсіндірме

1. Омарға (р.а.) намазды еске салған оқиға қастандық жасалған күннің таң намазы кезінде болған. Ибн Абдулбәрр Ибн Аббастан (р.а.) мына риуаятты жеткізеді: «Омарға қанжар сұғылғанда, бір топ ансармен бірге оны үйіне апардық. Ол есінен танып, таң ағара бастағанда есін жиды. Бір кісі: “Оны намаздан басқа себеппен мазаламаңдар”, – деді. Біз: “Уа, мүміндердің әміршісі, намаз уақыты кірді”, – дедік. Ол көзін сипап: “Жұрт намазын оқыды ма?” – деп сұрады. “Иә”, – дедік».

2. Әбу әл-Уәлид әл-Бажи осы риуаятқа сүйеніп, таң намазының уақыты түнге жатады деген. Риуаятта «қанжар сұғылған түні» делінеді, ал Омарға (р.а.) қастандық таң намазы үстінде жасалған. Мисуәрдің осы мезгілді «түн» деуіне Омардың таң намазын уақыты кірісімен оқытқаны себеп болуы мүмкін. Шафиғилер де таң намазын айнала әлі қараңғы кезде, уақытының басында оқиды. Мұндай мезгіл сырттай түнге ұқсайды. Алайда көпшілік ғалымның пікірінше, шынайы таң атқанда, айнала әлі қараңғы болса да, түн аяқталып, күндіз басталады. Күн батып, ақшам уақыты кіргенше күндіз саналады. Ақшам кіргенде, айнала әлі қараңғыланбаса да, түн басталады.

3. Суюти жалқаулықпен намазды тәрк еткендерді кәпірге санағандар осы риуаяттың сыртқы мағынасына сүйенгенін айтады. Көпшілік ғалым намаздың парыз екенін жоққа шығарған адамға ғана ондай үкім берген. Олар жалқаулықтың өзін адамды кәпірге санауға себеп көрмеген.

Ибн Абдулбәрр «Намазды тәрк еткеннің исламнан нәсібі жоқ» дегенді «Исламнан алатын нәсібі аз» деп түсінуге болатынын айтады. Ол осыған ұқсас қолданыстарды мысалға келтіреді: «Мешітке жақын тұрған кісінің мешіттен өзге жерде намазы жоқ», «Аманатқа берік болмағанның иманы жоқ», «Нағыз міскін – есік қағып, қайыр тілеп жүретін кісі емес».

  1. 1Мәлік, «Муатта», «Таһарат», 51 (1/39–40).