وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَتَوَضَّأُ وَعَلَيْهِ عِمَامَةٌ قِطْرِيَّةٌ، فَأَدْخَلَ يَدَهُ مِنْ تَحْتِ الْعِمَامَةِ، فَمَسَحَ مُقَدَّمَ رَأْسِهِ وَلَمْ يَنْقُضِ الْعِمَامَةَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) дәрет алып жатқанын көрдім. Басына қызыл қитри сәлде ораған екен. Қолын сәлденің астына салып, басының алдыңғы жағына мәсіх тартты. Сәлдесін шешкен жоқ».1
«الْقِطْرِيُّ»: ثَوْبٌ أَحْمَرُ لَهُ أَعْلَامٌ، وَفِيهِ بَعْضُ الْخُشُونَةِ. وَقِيلَ: الْبُرُودُ الْقِطْرِيَّةُ حُلَلٌ جِيَادٌ تُحْمَلُ مِنْ قِبَلِ الْبَحْرَيْنِ. قَالَ الْأَزْهَرِيُّ: وَفِي الْبَحْرَيْنِ قَرْيَةٌ يُقَالُ لَهَا قَطَرُ.
Түсіндірме
1. Жоғарыдағы үш риуаят сәлденің үстінен мәсіх тартуға қатысты. Бұл амалды құптайтын да, құптамайтын да өзге риуаяттар бар. Сәлденің үстінен мәсіх тартуды жеткілікті санағандар қатарында Әбу Бәкір, Омар, Әнәс (р.а.), сондай-ақ кейінгі буын ғалымдарынан Әузағи, Ахмад ибн Ханбал, Исхақ ибн Раһуя, Әбу Сәур және басқалар бар.
Әбу Ханифа, Суфиян әс-Сәури, имам Мәлік, Ибн әл-Мүбәрак және Шафиғи сәлденің үстінен мәсіх тартуды жеткілікті санамаған.
2. Хадистегі «қитри» сөзі біршама қатқыл, сызықтары мен өзге өрнектері бар қызыл матаға қатысты. Ол Бахрейн өңіріндегі Қатар деген жерде тоқылғандықтан солай аталған.
3. Кей ғалымдар осы риуаятқа сүйеніп, қызыл матадан сәлде орауға болады деген үкім берген. Алайда риуаяттың жеткізу тізбегі әлсіз.
4. Дәрет алғанда сәлдені шешпей, қолды астына салып, басқа мәсіх тартуға болады.
- 1Әбу Дәуіт, «Таһарат» (147).