قَالَ التِّرْمِذِيُّ: «وَقَدْ رُوِيَ عَنِ النَّبِيِّ ﷺ: وَيْلٌ لِلْأَعْقَابِ وَبُطُونِ الْأَقْدَامِ مِنَ النَّارِ».
Тирмизи Алла елшісінен (с.а.с.) мына сөз жеткенін айтады: «Су тимеген өкшелер мен табандарды тозақ оты күтеді!»1
Түсіндірме
1. Хадис дәрет алғанда жуылатын мүшелерге суды түгел тигізіп, титтей де құрғақ жер қалдырмауды ескертеді. Ғалымдар хадисте өкше арнайы аталғанымен, үкімнің барлық дәрет мүшесіне ортақ екенін айтқан. Өкшенің бөлек аталуына сол жолы су тимей қалған жердің өкше болуы себеп болған.
2. Өкшеге су тигізу туралы ескертуге назар аударайық. Алла елшісі (с.а.с.) су тимей қалуы ықтимал жердің біріне қатысты қатаң ескерту жасаған. Ескерту барлық дәрет мүшесіне қатысты.
3. «Уәйл» сөзінің мағынасы жөнінде ғалымдар әртүрлі жорамал айтқан. Ибн Хажардың пікірінше, қисынға көбірек келетіні – «тозақтағы бір шұңқыр» деген түсінік. Ибн Хузәйма: «Егер аяққа мәсіх тарту жеткілікті болса, оны істеген адам тозақ отымен ескертілмей, тозақ отынан қорғалар еді», – дейді. Ол бұл сөзін шииттердің пікіріне жауап ретінде айтқан. Шииттер «Намазға тұрарда беттеріңді жуыңдар, қолдарыңды шынтаққа дейін жуыңдар, бастарыңа мәсіх тартыңдар және аяқтарыңды тобыққа дейін жуыңдар» («Мәида» сүресі, 6-аят) деген аятта аяқтың аталуын басқа мәсіх тарту бұйрығына қосып оқиды да, аяққа да мәсіх тарту жеткілікті деп есептейді. Қазіргі кезде сүнниттер арасында да жеткілікті білімі жоқ, ғалымдардың пікірін ескермейтін кей адамдар жалаң аяққа, тіпті аяқ киімнің сыртынан мәсіх тартуға болады деп жүр. Алла елшісінің (с.а.с.) дәрет алуы туралы риуаяттар мұтауатир дәрежесіне жеткен. Алайда оларда жалаң аяқтың сыртын мәсіхпен шектегені айтылмайды. № 3599 хадисте аяқ киімін шешпей үстіне су шашу мәсіх тартуға ұқсайды. Алайда ғалымдар ондағы әрекеттің мәсіх мағынасында айтылмағанын және хадистің әлсіз екенін көрсеткен.
Сол риуаятты аяққа мәсіх тарту деп қабылдаған күннің өзінде, өкшеге су тимесе немесе аяқта бір дирхамдай құрғақ жер қалса, дәретті қайта алуды бұйыратын риуаяттарды қалай түсінеміз? Екі түсінік бір-біріне қайшы келеді. Осындай жағдайда көпшілік ғалымның үкіміне жүгінген жөн. Әһлі сүннет ғалымдары аяқты жуу керек дегенге бірауыздан келіскен. Аяққа мәсіх тарту жеткілікті деу – дінге енгізілген бидғат. Бидғат адасуға, адасу тозаққа жетелейді. Алла тағала мұсылмандарды мұндай бидғаттан сақтасын!
Ибн Хажар былай деген: «Алла елшісінің (с.а.с.) дәрет алу үлгісі туралы мұтауатир риуаяттардың бәрінде оның аяғын жуғаны айтылады. Пайғамбарға (с.а.с.) Алланың әмірін бізге түсіндіру міндеті жүктелген. Ибн Хузәйма және өзге де ғалымдар Амр ибн Абәсадан жеткізген дәрет туралы ұзақ хадисте “Содан кейін Алла бұйырғандай, аяқтарын жуды” делінген. Бұл мәселеде сахабалардың барлығы дерлік бірауызды болған. Тек Әли, Ибн Аббас және Әнәстен (р.а.) өзге пікір жеткен. Бірақ олардың кейін бұл пікірден қайтқаны туралы да анық риуаяттар бар. Абдуррахман ибн Әбу Ләйла: “Алла елшісінің (с.а.с.) сахабалары аяқты жуу керек дегенге бірауыздан келіскен”, – деген».
Дәрет алғанда аяқты жуу исламның тазалық қағидасына сай. Өйткені дәрет мүшелерінің ішінде аяқ жиі кірлеп, одан жағымсыз иіс шығуы мүмкін. Аяқты жумай, мәсіхпен шектеле берсе, мешіттің іші жағымсыз иіске толуы ғажап емес. Дәреттің бір мақсаты – тазалық. Бес уақыт намазға мешітке жиналған мұсылман жанындағы бауырына қолайсыздық туғызбауы керек. Аяқты жумау осы әдепке үйлеспейді. Қазірдің өзінде мешітте жамағатты мазалайтын жайттың бірі – жағымсыз иіс. Парыз бен сүннетке қайшы пікір айтып, аяқты жумауды ұсынғандар, кейін мешітке аяқ киіммен кіруге де болады демесіне кім кепіл? Алла сақтасын!
4. Хадистен мынадай ғибрат алуға болады:
• Білмеген адамға үйрету керек.
• Тыйым салынған істі тоқтату үшін дауыс көтеріп ескертуге болады.
• Ойды анық жеткізу үшін бір сөзді бірнеше рет қайталауға болады.
- 1Тирмизи, «Таһарат» (41), хадистен кейінгі қосымша.