وَلِأَبِي دَاوُدَ فِي أُخْرَىٰ، عَنْ بَعْضِ أَصْحَابِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ: «أَنَّ النَّبِيَّ ﷺ رَأَىٰ رَجُلًا يُصَلِّي وَفِي ظَهْرِ قَدَمِهِ لُمْعَةٌ قَدْرُ الدِّرْهَمِ لَمْ يُصِبْهَا الْمَاءُ، فَأَمَرَهُ أَنْ يُعِيدَ الْوُضُوءَ وَالصَّلَاةَ».
Әбу Дәуіттің екінші риуаятында бір сахаба былай деген: «Алла елшісі (с.а.с.) намаз оқып тұрған бір кісінің аяғының үстінде бір дирхамдай жерге су тимегенін көрді де, оған дәретін де, намазын да қайта орындауды бұйырды».1
Түсіндірме
Екі хадисте де дәрет алған кезде асығып немесе селқос қарап, жуылуға тиіс жерге су тигізбей кету жайы сөз болады. Тіпті бір дирхамдай жер құрғақ қалса да, дәрет дұрыс болмайды. Бұл мәселеде ғалымдар бірауызды.
Ғалымдар олқылықтың орнын толтыру үшін су тимеген мүшені ғана жуу жеткілікті ме, әлде дәретті қайта алу керек пе деген мәселеде әртүрлі пікір айтқан. Әбу Ханифа бірінші хадистегі «Дәретіңді дұрыстап ал» деген бұйрыққа сүйеніп, су тимеген жерді жуу жеткілікті деген. Ол осы сөзді дәретті басынан қайталау туралы бұйрық деп түсінбеген және дәрет мүшелерін үзіліссіз жууды уәжіп санамаған. Ал бір топ ғалым дәрет мүшелерін бірінен соң бірін үзіліссіз жууды уәжіп деп есептеген. Олардың уәжі мынадай: бір ғана мүшені жуу жеткілікті болса, Алла елшісі (с.а.с.) «Дәретіңді дұрыстап ал» демей, «Су тимеген жерді жу» дер еді. Қазы Ияд та осы пікірді ұстанған. Имам Шафиғи аяттағы әмірге сүйеніп: «Алла дәрет мүшелерін жууды парыз етті. Оларды жуған адам бұйрықты орындаған болады. Мейлі бірінен соң бірін жусын, мейлі арасына үзіліс салсын, бастысы – бәріне су тиюі», – деген.
Ол бұл пікіріне Ибн Омардың әрекетін дәлел еткен. Бұхари Ибн Омардың өзге дәрет мүшелері құрғағаннан кейін аяқтарын жуғанын риуаят еткен. Уасыл ибн Ата мен бір топ фиқһ ғалымы да осы пікірді ұстанған.
Имам Мәлік пен Рабиға: «Дәрет мүшелерін әдейі үзіліс жасап жуған кісі дәретін қайта алуы керек. Ал ұмытып кеткен кісіге қайта дәрет алудың қажеті жоқ», – деген. Имам Мәліктен мынадай пікір де жеткен: «Арада көп уақыт өтпесе, жуылмай қалған мүшені жуса жеткілікті. Арада көп уақыт өтсе, дәретті басынан қайта алады».
Қатада мен Әузағи жуылған мүшелер құрғап қалса, дәретті қайта алу керек деген. Имам Тахауи: «Жуылған мүшенің құрғауынан дәрет бұзылмайды. Әйтпесе, дәретін толық алып болған адамның денесі құрғағанда да қайта дәрет алуы керек болар еді. Бұл ақылға сыймайды», – деген.
Ғалымдар осы мәселені талқылағанда екінші хадисті (№ 3605) әлсіз деп тауып, дәлелге алмаған. Ол хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) аяқтағы құрғақ жерді көріп, дәрет пен намазды қайталауды бұйырғаны айтылады.
- 1Әбу Дәуіт, «Таһарат» (175).