Хадис

Кутуб ситтә, № 3599

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
483. Дәреттің сипаттамасы
Нөмірі
№ 3599 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 12
3599
Кутуб ситтә, № 3599 · тараудағы реті: 12

وَفِي رِوَايَةٍ أَبِي دَاوُدَ عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «أَتُحِبُّونَ أَنْ أُرِيكُمْ كَيْفَ كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَتَوَضَّأُ؟ فَدَعَا بِإِنَاءٍ فِيهِ مَاءٌ فَاغْتَرَفَ غَرْفَةً بِيَدِهِ الْيُمْنَى فَتَمَضْمَضَ وَاسْتَنْشَقَ، ثُمَّ أَخَذَ أُخْرَى فَجَمَعَ بِهَا يَدَيْهِ، ثُمَّ غَسَلَ وَجْهَهُ ثُمَّ أَخَذَ أُخْرَى فَغَسَلَ بِهَا يَدَهُ الْيُمْنَى، ثُمَّ أَخَذَ أُخْرَى فَغَسَلَ بِهَا يَدَهُ الْيُسْرَى، ثُمَّ قَبَضَ قَبْضَةً مِنَ الْمَاءِ، ثُمَّ نَفَضَ يَدَهُ، ثُمَّ مَسَحَ رَأْسَهُ وَأُذُنَيْهِ، ثُمَّ قَبَضَ قَبْضَةً أُخْرَى مِنَ الْمَاءِ فَرَشَّ عَلَى رِجْلِهِ الْيُمْنَى وَفِيهَا النَّعْلُ، ثُمَّ مَسَحَهَا بِيَدَيْهِ، يَدٌ فَوْقَ الْقَدْمِ، وَيَدٌ تَحْتَ النَّعْلِ، ثُمَّ صَنَعَ بِالْيُسْرَى مِثْلَ ذَلِكَ».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттің бір нұсқасында Ибн Аббас (р.а.): «Алла елшісінің (с.а.с.) қалай дәрет алғанын көрсетейін бе?» – дейді. Суы бар ыдыс алдырып, оң қолымен уыстап су алды да, аузын шайды, мұрнына су тартты. Сосын қайтадан су алып, екі қолын қосып бетін жуды. Тағы бір уыс сумен оң қолын, келесі уыс сумен сол қолын жуды. Бір уыс су алып, қолын сілкіп, басы мен құлағына мәсіх тартты. Содан соң бір уыс су алып, аяқкиімі бар оң аяғына септі. Екі қолымен, бірін аяқтың үстіне, екіншісін аяқкиімнің астына қойып сипады. Сол аяғына да осылай істеді.1

Түсіндірме

1. Хадис дәрет мүшелерін суды ысырап етпей, бір уыс сумен де жууға болатынын көрсетеді. Ауыз бен мұрынға да бір уыс су қолданған.

2. Аяқкиімі бар аяғына бір уыс су құйғаны табанын жумады деген сөз емес. Ибн Хажар: «Аяғын екі қолымен сипады, яғни суды аяғының барлық бөлігіне жеткізді», – деген. Бұхари «Аяқкиім киген күйде аяқ жуу» тарауында Абдулла ибн Омардан осыны білдіретін риуаят келтіреді. Онда Алла елшісінің (с.а.с.) жүні алынған теріден жасалған аяқкиімін шешпей дәрет алғаны, аяғын да аяқкиімімен жуғаны айтылады.

Ғалымдар осы хадистегі «мәсіх тартты» сөзін «ысқылады», «уқалады» деп түсіндірген. Осы мағынада Алла елшісінің аяқтың барлық жеріне су жетуі үшін қолымен ысқылағаны ұғынылады.

Бірқатар ғалым бұл хадисті де № 3593 хадис секілді түсіндіруге тырысқан. Алайда сахих риуаяттарға қайшы тұстары болғандықтан, оны шәзі, яғни үкімге негіз бола алмайтын оқшау риуаят санаған.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Таһарат» (137) • Бұхари, «Уудуғ», 7, мағыналас нұсқа • Нәсәи, «Таһарат», 84–85 (1/73–74).