وَفِي رِوَايَةٍ لِأَبِي دَاوُدَ عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ: «فَإِنْ كَانَ جَامِدًا فَأَلْقُوهَا وَمَا حَوْلَهَا، وَإِنْ كَانَ مَائِعًا فَلَا تَقْرَبُوهُ».
Әбу Дәуіттің Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген бір риуаятында: «Май қатты болса, тышқанды да, айналасындағы майды да алып тастаңдар. Сұйық болса, оған жоламаңдар», – делінген.1
Түсіндірме
Нәсәидің бір нұсқасында майдың қатты болғаны анық айтылған. Ғалымдар қатқан майға нәжіс түссе, сол бөлігін алып тастап, қалғанын жеуге болады деген. Олардың айтуынша, нәжістің ешбір ізі қалған майға өтпегеніне көз жеткізу керек. Ластық тарады деген күдік не белгі болса, майдың бәрін тастайды.
Сұйық майдың үкімі жөнінде ғалымдардың пікірі әртүрлі.
Ғалымдардың көпшілігі нәжіс тигенде сұйық майдың бәрі ластанады деп үкім берген. Зуһри, Әузағи және Ахмад сияқты бірқатар ғалым бұған келіспеген. Ахмад ибн Ханбал сұйықтыққа түскен нәжіс оның дәмін, иісін не түсін өзгертсе ғана нәжіс болады деген. Имам Мәликтен де осыған жақын пікір жеткен.
Әбу Ханифа: «Мұндай сұйықтықты ішіп-жеуге болмайды, сатуға және майшамда жағуға болады», – деген.
Шафиғи: «Жеуге де, сатуға да болмайды, майшамда жағуға болады», – деген.
- 1Әбу Дәуіт, «Атғима» (3842). Әл-Албани бұл жеткізу нұсқасын шәзз деп бағалаған. Мәймунадан жеткен Бұхари нұсқасы үшін алдыңғы риуаятты қараңыз.