وَلِمُسْلِمٍ فِي أُخْرَى: «أَنَّ رَجُلًا نَزَلَ بِعَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا، فَأَصْبَحَ يَغْسِلُ ثَوْبَهُ، فَقَالَتْ عَائِشَةُ: إِنَّمَا كَانَ يُجْزِيكَ إِنْ تَغْسِلَ مَكَانَهُ، فَإِنْ لَمْ تَرَهُ نَضَحْتَ حَوْلَهُ. لَقَدْ رَأَيْتُنِي أَفْرُكُهُ مِنْ ثَوْبِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَرْكًا فَيُصَلِّي فِيهِ». وَفِي أُخْرَى: «وَلَقَدْ رَأَيْتُنِي، وَإِنِّي لَأَحُكُّهُ مِنْ ثَوْبِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ يَابِسًا بِظُفْرِي».
Мүслимнің бір нұсқасында былай делінген: «Бір кісі Айшаның (р.а.) үйінде қонақ болып, таңертең киімін жуа бастады. Айша оған: “Тиген жерін көрсең, соны ғана жуу жеткілікті. Көрмесең, шамалаған тұсының айналасына су бүркесің. Мен Алла елшісінің (с.а.с.) киіміндегі мәниді ысқылап түсіретінмін, ал ол сол киіммен намаз оқитын”, – деді».
Тағы бір нұсқада Айша (р.а.): «Алла елшісінің (с.а.с.) киіміндегі кепкен мәниді тырнағыммен қырып түсіретінмін», – дейді.1
Түсіндірме
1. Екі риуаятта киімге тиген мәниді тазартудың жолдары көрсетілген. Біріншісі – тиген жерді жуу. Мәни кеппей тұрғанда, оны сумен жуып кетіру жеткілікті.
Екіншісі – ысқылап үгіту. Бұл тәсіл мәни кепкенде қолданылады. Тиген жерді сумен жумай, ұсақ бөлшектерге үгітіп түсіреді. Айша (р.а.) кепкен мәниді тырнақпен қырып тазартуға болатынын айтқан.
2. Мәниді ысқылап не қырып кетіруге берілген жеңілдік оның нәжіс саналу-саналмауына қатысты түсініктен туған. Бұл мәселеде ғалымдардың пікірі әртүрлі.
Ханафи мен мәлики ғалымдары мәниді нәжіс деп санаған. Әбу Ханифа кепкен мәниді киімнен үгітіп түсіру жеткілікті десе, имам Мәлик оны дымқыл күйінде де, кепкен күйінде де жууды шарт еткен. Мәни нәжіс болғанымен, оны жумай оқылған намазды қайта оқу қажет емес деген ғалымдар да бар. Ләйс пен Хасан ибн Хайй осы пікірде болған.
Шафиғи мен ханбали ғалымдарының пікірінше, мәни таза. Дәуіт әз-Заһири де осылай үкім берген. Сахабалардан Әли, Сағд ибн Әбу Уаққас, Абдулла ибн Омар және Айшаның (р.а.) да осы пікірді ұстанғаны риуаят етілген.
Мәниді нәжіс санағандар оны жуғаны айтылған хадистерге сүйенген. Ал таза санағандар оны үгітіп түсіру жеткілікті деген хадистерді негізге алған. Ислам шариғаты жеңілдік пен кеңшілік береді.
Нәуәуи жануарлардың мәниіне қатысты үкімді де түсіндірген.
• Иттің, доңыздың және олардың ұрпағынан туған жануарлардың мәниі нәжіс екені кесімді. Өзге жануарларға қатысты үш пікір бар:
а. Еті желінетін де, желінбейтін де жануарлардың мәниі таза.
ә. Бәрінің мәниі нәжіс.
б. Еті желінетін жануарлардың мәниі таза, еті желінбейтіндердің мәниі нәжіс.
3. Ғалымдар хадистен жұбайына киімін жуып беру сияқты үй ішіндегі қызметтің сүннет әдебіне сай әрі жарасымды тұрмысқа сеп болатынын да түсінген.
4. Жұртқа өнеге, ғибрат болар жағдайда, басшылықтағы адамдардың жеке өміріне, тіпті айтуға ұялатын жайттарға қатысты мәліметті жеткізуге болады. Сахабалар осы ниетпен Алла елшісіне (с.а.с.) қатысты талай деректі айтудан тартынбаған.
- 1Мүслим, «Таһарат», 105, 109 (288, 290). Тирмизи, «Таһарат» (116), мағыналас риуаят.