وَعَنْ يَحْيَى بْنِ عَبْدِ الرَّحْمَنِ: «إِنَّ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ خَرَجَ فِي رَكْبٍ فِيهِمْ عَمْرُو بْنُ الْعَاصِ حَتَّى وَرَدُوا حَوْضًا، فَقَالَ عَمْرُو بْنُ الْعَاصِ: يَا صَاحِبَ الْحَوْضِ، هَلْ تَرِدُ حَوْضَكَ السِّبَاعُ؟ فَقَالَ عُمَرُ بْنُ الْخَطَّابِ: يَا صَاحِبَ الْحَوْضِ، لَا تُخْبِرْنَا، فَإِنَّا نَرِدُ عَلَى السِّبَاعِ وَتَرِدُ عَلَيْنَا. وَإِنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: لَهَا مَا أَخَذَتْ فِي بُطُونِهَا، وَمَا بَقِيَ فَهُوَ لَنَا طَهُورٌ وَشَرَابٌ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ إِلَى قَوْلِهِ: وَتَرِدُ عَلَيْنَا، وَأَخْرَجَ بَاقِيَهُ رَزِينٌ.
Яхия ибн Абдуррахман былай дейді: «Омар (р.а.) бір топ кісімен сапарға шыққан. Араларында Амр ибн әл-Ас та бар еді. Олар бір суатқа жеткенде, Амр оның иесінен: “Уа, суаттың иесі, суатыңа жыртқыш аңдар келе ме?” – деп сұрады. Омар ибн әл-Хаттаб: “Уа, суаттың иесі, бізге айтпа. Біз жыртқыштар келетін суға келеміз, олар да біз келетін суға келеді. Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Олардың ішкені – өздерінікі. Қалғаны бізге тазалануға да, ішуге де жарайды’, – дегенін естідім”, – деді»1.
Түсіндірме
Мұнда жыртқыш аңнан қалған судың үкімі сөз болады. Амр ибн әл-Ас мұндай суды нәжіс санайды. Сондықтан жолай кезіккен суаттан ішпес бұрын, оған жыртқыш аң келіп су ішкен-ішпегенін сұрайды. Оның түсінігінше, жыртқыш ішкен су нәжіс болып, қолдануға жарамайды.
Омар (р.а.) бұл мәселені басқаша түсінген. Оның пікірінше, жыртқыштан қалған су ластанбайды, ішуге жарайды. Зурқани Омардың суат иесіне «Бізге айтпа» деуін былай түсіндіреді: «Бізді әуелгі анық ұстанымымызда қалдыр. Негізінде, су таза деп есептеледі. Оның ластанғанын білмесек, тазалығын ұстанамыз. Ластану – кейін туған күмән. Күмән анық үкімнің күшін жоймайды2».
Омардың сөзі «айтсаң да, айтпасаң да, біздің үкіміміз өзгермейді» деген мағына береді. Мұны оның келесі сөзі айқындайды: «Біз жыртқыштар келетін суға келеміз, олар да біз келетін суға келеді». Яғни жыртқыш су ішкен болса да, ол суды ала береміз, алаңдауға негіз жоқ дегені. Омар (р.а.) бұл сөзінде сүннетке сүйенген. Ол Алла елшісінің (с.а.с.): «Олардың ішкені – өздерінікі. Қалғаны бізге тазалануға да, ішуге де жарайды», – деген сөзін еске салады.
Бұл түсіндірме мен үкім мәликилердің көзқарасына сай. Олар аз мөлшердегі таза суға түскен нәжіс судың табиғи үш сипатының, яғни түсі, иісі мен дәмінің ешбірін өзгертпесе, оны нәжіс санамайды. Алайда мұндай суды қолдануды мәкрүһ көреді.
Өзге мәзһабтарда аз деп саналатын суға, яғни кіші хауыздағы не екі құллаға жетпейтін суға, бір тамшы нәжіс түссе де, ол су нәжіс болады. Осы ұстанымға сай, ит, қасқыр, арыстан, жолбарыс, доңыз және жабайы мысық сияқты жануардан қалған су нәжіс саналады. Зәрулік болмаса, оны ішпейді әрі тазалыққа қолданбайды.
Бұл жануарлардың сілекейі мен тері де нәжіс саналады. Олар тиген не араласқан нәрсені де нәжіс етеді.