وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ وَهُوَ يُسْأَلُ عَنِ الْمَاءِ يَكُونُ فِي الْفَلَاةِ مِنَ الْأَرْضِ، وَمَا يَنُوبُهُ مِنَ الدَّوَابِّ وَالسِّبَاعِ. فَقَالَ: إِذَا كَانَ الْمَاءُ قُلَّتَيْنِ لَمْ يَحْمِلِ الْخَبَثَ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ. «يَنُوبُهُ»: يَتَرَدَّدُ إِلَيْهِ مِنْ دَابَّةٍ وَسَبُعٍ.
Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.а.с.) айдалада мал мен жыртқыш аңдар келіп су ішетін судың үкімі жайында сұралғанын естідім. Ол: “Су екі құллаға жетсе, нәжісті бойына сіңірмейді”, – деді»1.
Түсіндірме
Алла елшісінен (с.а.с.) мал мен жыртқыш аң келіп шөлін қандыратын елсіз жердегі судың үкімі сұралған. Хадистің мағынасы суға жануардың сілекейі араласуы, жануардың суға түсуі, дәрет сындыруы сияқты ықтимал жағдайларды да қамтиды.
Алла елшісі (с.а.с.) көлемі екі құллаға жеткен судың үкімі таза екенін айтқан. Автор ағын судың немесе белгілі бір көлемнен асқан судың бойына түскен ластықтан арылу қабілетін, бұған суда тіршілік ететін кейбір микроағзалардың қатысатынын мысалға келтіреді.
Құлла деген не?
Сөздік жасаушылар мен хадис түсіндірушілері құлланы су сақтайтын үлкен құмыра деп сипаттаған. Мужаһидтен «Қуллатани жарратан», яғни «Екі құлла – екі құмыра» деген сөз жеткен. Ол құмыраны үлкен деп нақтыламаған. Кей түсіндірушілер құллаға 250 ратл немесе одан да көп су сыяды деген. Дегенмен жұрт түгел қабылдаған бір көлем жоқ.
Хадис екі құлла суға нәжіс түссе, оның үкімі қандай болатынын көрсетеді. Шафиғи ғалымдары осы хадиске сүйенген. Олардың пікірінше, екі құлла суға жыртқыш келіп су ішсе немесе нәжіс түссе де, иісі, дәмі не түсі өзгермеген су таза саналады. Екі құллаға жетпейтін суға нәжіс араласса, аталған үш белгі өзгермесе де, су нәжіс болады.
Ханафи ғалымдары таза және нәжіс суды ажырататын өлшемдерді көбіне рәйге, яғни пайымға сүйеніп белгілеген. Олар екі құлла өлшемінің орнына2 «үлкен хауыз» ұғымын қолданған. Бұл – ағынсыз суға қатысты ұғым. Оның көлемін анықтаудың он екі түрлі сипаттамасы бар.
Осы сипаттамалардың ең көп қабылданғанын келтірейік. Бетінің ауданы жүз шаршы шынтаққа жеткен су үлкен хауыз саналады. Төртбұрышты болса, ені мен ұзындығы он-он шынтақ, ал дөңгелек болса, шеңберінің ұзындығы отыз алты шынтақ болуы керек. Екеуінің де суы уыстап алғанда түбі ашылып қалмайтындай терең болуы шарт.
Шафиғи ғалымдары сүйенген құлла хадисінің жеткізілуі сенімді. Алайда Тахауидің айтуынша, жұртқа бірдей мәлім құлла өлшемі болмаған. Дәстүрде үлкен құмыраны да, кіші құмыраны да құлла деген. Сондықтан көлемді нақты белгілеу мүмкін болмай, ханафи мәзһабында бұл хадис мөлшерді анықтауға негіз етілмеген.
Ағын судың аз-көбіне қарамайды. Ағысы бір сабанды ілестіріп әкететіндей болса, тазалық үкімі үлкен хауызбен бірдей. Яғни суға түскен нәжістен оның иісі, түсі не дәмі өзгермесе, су таза саналады.
Қорыта айтқанда, шариғат бекіткен осы өлшемдер адамның табиғи байқау мүмкіндігіне сүйенеді. Бүгінде судың сапасы мен зиянын анықтайтын бірнеше құрал бар. Әйтсе де діни өлшемдердің мәні жоғалмайды, өйткені адам зерттеу құралдарын өзімен бірге әрдайым алып жүре алмайды. Тауда, жазық далада не сапарда суға қатысты мәселе кез келген уақытта тууы мүмкін. Таза және нәжіс су жөніндегі діни қағидаларды білу кей қателік пен қауіпті азайтады. Құрал-жабдық қолжетімсіз ауылдар, тіпті тұтас аудандар әлі бар. Ол жерлерде бұл өлшемдерді білу қажет.
Тазалығына күмән жоқ су барда, шариғаттың сыртқы өлшеміне сай келгенімен, көңілде күдік тудыратын суды қолданудың қажеті жоқ.
Ал басқа су болмаса, шариғатта көрсетілген шарттар жеткілікті. Сол шарттарға сай келмейтін судан сақтану керек. Оны ішуге де, тазалыққа қолдануға да болмайды.
Су туралы қосымша түсіндірмелер төмендегі хадистерде беріледі.