Хадис

Кутуб ситтә, № 3487

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
472. № 3486–3491 хадистер
Нөмірі
№ 3487 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
3487
Кутуб ситтә, № 3487 · тараудағы реті: 2

وَفِي رِوَايَةٍ لَهُ قَالَ: «أَيُّمَا رَجُلٍ أَضَافَ قَوْمًا فَأَصْبَحَ الضَّيْفُ مَحْرُومًا، فَإِنَّ نَصْرَهُ حَقٌّ عَلَى كُلِّ مُسْلِمٍ حَتَّى يَأْخُذَ بِقِرَى لَيْلَةٍ مِنْ زَرْعِهِ وَمَالِهِ». «الْقِرَى» نُزُلُ الضَّيْفِ، وَهُوَ مَا يُعَدُّ لَهُ وَيُحْضَرُ إِلَيْهِ مِنْ طَعَامٍ وَشَرَابٍ وَنَحْوِهِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіттің басқа риуаятында Алла елшісі (с.а.с.): «Бір кісі ел ішіне қонақ болып, ешқандай күтім көрмей таң атырса, оған жәрдем беру әр мұсылманның міндеті. Қонақ бір түндік күтіміне жететінін солардың егіні мен мал-мүлкінен алады», – деген. Хадистегі «қира» – қонаққа әзірленетін ас-су және соған ұқсас күтім1.

Түсіндірме

Екі риуаятта да бір үйге не елді мекенге түскен жолаушының бір түн қонақ болуға құқығы бары айтылады. Оны күту сол үй иесінің немесе өзі аялдаған ауыл тұрғындарының міндеті. Жолаушы бір түнге қажетті ас-су алуға құқылы. Үй иесі оның осы қажетін өтеуге тиіс.

Екінші хадиске сәйкес, үй иесі осы міндетін өтемесе, қонаққа қиянат жасаған болады. Мұндай жағдайда қонақ өзіне шариғат берген құқыққа сүйеніп, үй иесінің егіні мен малынан қажетін рұқсатсыз алса, бұл ұрлыққа жатпайды.

Ахмад ибн Ханбал мен Ләйс хадистің сыртқы мағынасына сүйенген. Көпшілік ғалымдар оған бірқатар шектеу қойып, бұл үкімнің барлық жағдайға бірдей жүрмейтінін айтқан. Бір тобы: «Алла елшісінің (с.а.с.) осы тектес хадистері исламның алғашқы кезеңінде айтылған. Ол уақытта қонақ күту уәжіп еді, кейін оның міндеттілігі жойылды», – деген. Бұған: «Алла елшісі әкелген шариғат үкімін белгілі бір уақыт пен жағдайға ғана қатысты деу үшін дәлел керек. Бұл мәселеде ондай дәлел жоқ. Демек, үкім өз күшінде. Оның шариғат қағидаларына қайшы тұсы да жоқ. Қонақ күту жөнінде үкім берілсе, үй иесі өзіне келген қонақты қарсы алуға тиіс. Қонақ та өзге ақысын талап еткендей, шариғат бекіткен осы ақысын талап ете алады…», – деп жауап берген.

Хаттаби былай түсіндіреді: «Хадистің мәні – қонақты бір түн күту көпке мәлім жақсы дәстүр. Қонақтың қажетін өтеп, оны лайық қарсы алу ежелден жомарт та ізгі кісілердің әдеті болған. Қонақты жайғастырмай, ас-суын бермеуді жұрт қай тілде де жаман қылық санаған. Қонақ күтпеген кісіні айыптап, жазғырған. Алла елшісі (с.а.с.) де: “Кім Аллаға және ақыретке сенсе, қонағын құрметтесін”, – деген».

Екінші хадисте елді мекенге түскен мұсылманды қарсы алып күту сол жердегі жұрттың ортақ міндеті екені айтылады. Бір адам осы міндетті атқарса, басқалардың мойнынан түседі. Қонақты ешкім күтпесе, барлығы міндетін орындамай, оған қиянат жасаған болады.

Хаттаби мұндай міндет жолаушы зәрулікке ұшырағанда туатынын айтады. Жолаушы әбден қиналып, қажетіне жаратар қаражаты болмай, аштан өліп қалудан қорықса, мұсылман бауырының мал-мүлкінен жанын аман алып қалуға жететін азық ала алады. Осы жағдайда оның алған азығының құнын өтеу-өтемеуі туралы ғалымдардың пікірлері әртүрлі.

Шафиғи және бір топ ғалым жолаушы алғанының құнын иесіне төлеуге тиіс деген. Тағы бір топ, соның ішінде кей сахабалар, құнын өтеу міндетті емес деген. Олар һижрет кезінде Әбу Бәкірдің Құрайыш адамының отарындағы бір қойды сауып, Алла елшісінің (с.а.с.) сол сүтті ішкенін дәлел етеді. Ол кезде отардың иесі жоқ, қасында шопаны ғана болған. Тағы бір дәлел – Ибн Омар жеткізген: «Баққа кірген адам жемісінен жесін, бірақ етегіне салып, алып кетпесін», – деген хадис.

Хасан Басри да: «Шөлдеген адам түйеге кезіксе, үш рет дауыстасын. Жауап берілсе, мұқтаждығын айтсын. Жауап болмаса, түйені сауып, сүтінен ішсін», – деген.

Зәйд ибн Әсләмнан өлексе мен мұсылманның малының бірін жеуге мәжбүр болған адам туралы сұрағанда: «Ол өлексені жейді», – деген. Абдулла ибн Динар: «Бұл жағдайда мұсылманның малынан жейді», – деген. Зәрулікте қалған жолаушыға осы екеуінің бірін де адал санамаған ғалым бар.

Мәселенің егжей-тегжейіне қатысты бірнеше пікір айтылған. Ғалымдар арасындағы осы айырмашылыққа қарағанда, қонақ күтуді уәжіп деген хадистердің үкімі өзге насстармен шектеліп түсіндірілген деуге болады.

Бұл үкімнің аясын айқындауда ғалымдар аят пен хадиске сүйенген. Бір аятта «Уа, иман келтіргендер! Бір-біріңнің мал-дүниелеріңді арам жолмен жемеңдер. Ал өзара келісіп жасаған сауда-саттықтың жөні бөлек.» («Ниса», 29-аят) делінген.

Алла елшісі (с.а.с.) де бір хадисінде адамның ризалығынсыз оның мал-мүлкін алуға тыйым салған.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Атғима», 5 (3751).