وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِذَا رَمَيْتَ بِسَهْمِكَ فَغَابَ عَنْكَ فَأَدْرَكْتَهُ فَكُلْهُ مَا لَمْ يُنْتِنْ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.
Әбу Сағлаба (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Садақпен атқан аңың көзден таса болып, кейін тауып алсаң, иістенбеген болса, же»1.
Түсіндірме
Осы екі хадисте түсіндіруді қажет ететін бірнеше мәселе бар.
1. Кітап иелерінің ыдысын пайдалану. Олар ыдыстарын исламда нәжіс саналатын доңыз еті сияқты тағамға жиі пайдаланғандықтан, ыдысты жумай қолдануға тыйым салынған. Фақиһтар бұл үкімді әртүрлі түсіндірген. Бір тобы осы хадиске сүйеніп, олардың ыдысын жумай қолдануға болмайды деген. Екінші тобы қолдануға рұқсат еткен. Ибн Дақиқ әл-Идтің айтуынша, бұл қайшылық заттың бастапқы қалпы мен іс жүзінде жиі кездесетін жағдайдың қайсысына сүйену керектігінен туған. Хадистің сыртқы үкімін негізге алғандар жиі кездесетін жағдайға сүйенген болжамды бастапқы қалыпқа сүйенген болжамнан басым санаған. Мұнда бастапқы қалып – ыдыстың тазалығы. Ал жиі кездесетін жағдай – кітап иелерінің ыдыстарын біз үшін нәжіс саналатын нәрселерге пайдалануы.
Ыдысқа нәжіс тигені анықталғанға дейін оны таза деп есептеу керек дегендер оларға екі түрлі жауап берген.
1) Хадистегі жуу жөніндегі бұйрық істің мұстахаб екенін білдіреді. Ыдысты жуған адам сақтықты да, хадистің нұсқауын да, тазалық қағидасын да ұстанған болады.
2) Әбу Сағлаба хадисі ыдысқа нәжіс тигенін өз көзімен көрген адамға қатысты. Ондай ыдысты жумай қолдануға болмайды. Кей нұсқаларда мәжусилердің ыдысын жуу керек делінген. Олар малдарын бауыздамайтындықтан, ыдысы нәжіс саналады. Әбу Сағлаба хадисінде де доңыз еті пісірілген немесе шарап ішілген ыдыс меңзелген. Әбу Дәуіттің нұсқасында: «Біз кітап иелерімен көршіміз. Олар қазандарында доңыз етін пісіреді, ыдыстарынан шарап ішеді…», – делінген.
Ыдысты қолдануға рұқсат берген фақиһтар оған нәжіс тигені анықталмаған жағдайды меңзеген. Олар да жуып пайдалануды абзал көреді. Мұны жуылмаған ыдысты пайдалануды мәкруһ санағандықтан емес, пікір қайшылығынан сақтану үшін айтқан.
Ибн Хажар былай дейді: «Бірінші жауапқа сәйкес, мұндай ыдысты жумай пайдалану мәкруһ. Хадистің сыртқы мағынасы да соған саяды. Басқа ыдыс бола тұра, олардың ыдысын жуып пайдалануға рұқсат. Басқа ыдыс болмаса да, оны жуса, пайдаланғаны мәкруһ саналмайды. Хадисте олардың ыдысынан ас ішуге тыйым айтылып, рұқсат екі шартқа, яғни басқа ыдыстың табылмауына және олардың ыдысын жууға байланыстырылған».
Ибн Хазм әз-Заһири кітап иелерінің ыдысын қолдануға төмендегі екі шарт орындалғанда ғана рұқсат етеді. Шарттың бірі орындалмаса, қолдануды харам санайды.
– Басқа ыдыс болмауы керек.
– Пайдаланар алдында ыдысты жуу керек.
2. Хадисте садақпен ауланған аңды ату кезінде «бисмиллә» айтылса, етін жеуге рұқсат берілген. Аң аулағанда және мал бауыздағанда Алланың атын атауды «тәсмия» дейді. Оның жөн екеніне ғалымдар бірауыздан келіскен. Олардың таласқан тұсы – тәсмияның аң мен мал етінің адал болуы үшін шарт саналу-саналмауы.
Әбу Ханифа, Мәлік, Сәури және ғалымдардың көпшілігі «бисмиллә» айтуды ұмытып кеткен адам бауыздаған малды не аулаған аңды жеуге болады деген. Ал тәсмияны әдейі айтпаса, оның бауыздаған малы да, аулаған аңы да желінбейді.
Имам Шафиғи мен бір топ фақиһтың пікірінше, тәсмия – сүннет. Бұл пікір Мәлік пен Ахмадтан да риуаят етілген. Адам оны ұмытып кетсе де, әдейі айтпаса да, бауыздаған малы мен аулаған аңының еті адал.
Ахмад ибн Ханбалдың кең тараған пікірі бойынша, тәсмия – уәжіп. Әбу Сәур мен бір топ ғалым да осы пікірді таңдаған. Өйткені Ади хадисінде (№ 3471) «бисмиллә» айту шарт етілген. Ғалымдар осы үкімге өзге де дәлелдер келтірген. Бұл мәселе жөніндегі пікірлер көп, мұнда оларды егжей-тегжейлі қарастырмаймыз.
3. Әбу Сағлаба хадисінің соңғы бөлігінде аңшы өзі атқан аңды бірнеше күннен кейін тауып алса, оның еті қандай жағдайда адал болатыны айтылған. Аң иістенбесе, еті адал. Хадистің басқа нұсқаларына қарағанда, аңның денесінде бөтен оқтың не өзге жарақаттың ізі болмауы керек. Оның өлуіне аңшының оғы ғана себеп болғаны анықталуға тиіс. Өліміне басқа себеп араласса, еті харам болады. Жоғарыда үйретілген итке бөтен ит қосылып, аңды бірге ұстағанда да осындай үкім жүретіні айтылды. Ғалымдар «басқа себеп» дегенде өзге оқтың ізін ғана емес, аңды өлтіруі мүмкін кез келген жарақатты меңзеген. Сондықтан аңның неден өлгені күмәнді болса, еті желінбейді. Хадистің өзге нұсқасында: «Аңның бойынан өз оғыңды тауып, соның салдарынан өлгенін білсең әрі жыртқыштың жарақаттаған ізі болмаса, оны же», – делінген.
Имам Шафиғиге телінген пікірде аңшының көзінен таса жерде өлген аңның етін жеуге болмайды делінген. Нәуауи мен Бәйһақи секілді шафиғи ғалымдары бұл пікірді бекітілген сүннетке қайшы санаған.
Нәуауи Алла елшісінің (с.а.с.) иістенген асты үзілді-кесілді харам етпегенін айтады. Сондықтан ол мұндағы тыйымды тахрими емес, тәнзиһи деп түсіндіреді. Кей ғалымдар үш күнге жетпей, екі күннен кейін табылған аңның өзі иістенсе, жеу мәкруһ деген.
- 1Мүслим, «Сайд», 9 (1931). Әбу Дәуіт, «Сайд», 4 (2861), «үш түннен кейін» делінген нұсқа. Нәсәи, «Сайд», 20 (7/193–194). Бұхари, «Сайд», 8, мағыналас нұсқа.