Хадис

Кутуб ситтә, № 3471

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
468. Құрлықта аң аулау
Нөмірі
№ 3471 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
3471
Кутуб ситтә, № 3471 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ади ибн Хатим

عَنْ عَدِيِّ بْنِ حَاتِمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّا قَوْمٌ نَتَصَيَّدُ بِهَذِهِ الْكِلَابِ، فَمَا يَحِلُّ لَنَا مِنْهَا؟ فَقَالَ: إِذَا أَرْسَلْتَ كِلَابَكَ الْمُعَلَّمَةَ وَذَكَرْتَ اسْمَ اللَّهِ فَكُلْ مَا أَمْسَكْنَ عَلَيْكَ، إِلَّا أَنْ يَأْكُلَ الْكَلْبُ، فَلَا تَأْكُلْ، فَإِنِّي أَخَافُ أَنْ يَكُونَ إِنَّمَا أَمْسَكَ عَلَىٰ نَفْسِهِ، وَإِنْ خَالَطَهَا كَلْبٌ مِنْ غَيْرِهَا فَلَا تَأْكُلْ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Ади ибн Хатим (р.а.) былай дейді: «Уа, Алланың елшісі, біз мына иттермен аң аулаймыз. Олардың ұстағанының қайсысы бізге адал? – деп сұрадым. Ол: “Үйретілген иттеріңді Алланың атын атап салсаң, саған ұстаған аңын же. Бірақ ит аңнан жесе, оны жеме. Өйткені аңды өзі үшін ұстаған болар деп қауіптенемін. Иттеріңе бөтен ит қосылса да, ол аңды жеме”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Хадис бірнеше жолмен жеткен. Бір нұсқасында Ади: «Алла елшісінен (с.а.с.) миғрадпен ауланған аңды сұрадым. Ол: “Оның өткір ұшы тиіп өлтірсе, же. Ал жалпақ тұсы тиіп өлтірсе, жеме. Ол соққыдан өлген аңға жатады”, – деді», – деген.

Миғрад – бір ұшында өткір темірі бар, ортасы жуан жебе. Аңшы оны аңға қарай лақтырады. Темір ұшы тиіп, аң жарақаттан өліп қалса, еті адал. Екінші ұшы немесе орта тұсы тиіп, аң жараланбай, соққыдан өлсе, қаны ақпағандықтан еті желінбейді. Ал соққыдан есеңгіреп құлаған аңды жаны шықпай тұрып бауыздап үлгерсе, етін жеуге болады.

2. Иттің аңшылыққа үйретілгені ұстаған аңына қалай қарайтынынан білінеді. Аңнан өзі жесе, үйретілген ит саналмайды да, аулаған аңын жеуге болмайды. Ал жемей, ұстаған күйі иесіне әкелсе, үйретілгені анықталады. Ондай иттің аулаған аңын жеуге болады.

3. Аңшы итке бөтен ит қосылып, аңды бірге ұстаса, оның етін жеуге болмайды. Өйткені аңды үйретілген ит ұстады ма, әлде бөтен ит пе, белгісіз. Ғалымдар осыған қатысты мына қағиданы айтқан: «Жануарды жеуге оның шариғатқа сай бауыздалуы рұқсат етеді. Осыған күмән туса, еті желінбейді». Демек, аңды үйретілген ит өлтірді ме, үйретілмеген ит өлтірді ме деген күмән оның етін жеуге кедергі болады.

  1. 1Бұхари, «Буйуғ», 3, «Зәбәих», 1–3, 7–10, «Тәухид», 13. Мүслим, «Сайд», 1 (1929b). Әбу Дәуіт, «Сайд», 2 (2847–2851). Тирмизи, «Сайд», 1–7 (1465–1471). Нәсәи, «Сайд», 1–8 (7/179–183), 19–23 (7/193–195).