وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «وَسُئِلَ عَنْ امْرَأَةٍ مَاتَ عَنْهَا زَوْجُهَا وَلَمْ يَدْخُلْ بِهَا وَلَمْ يَفْرِضْ لَهَا صَدَاقًا؟ فَقَالَ: لَهَا الصَّدَاقُ كَامِلًا، وَعَلَيْهَا الْعِدَّةُ، وَلَهَا الْمِيرَاثُ. فَقَالَ مَعْقِلُ بْنُ سِنَانٍ: سَمِعْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَضَى فِي بَرْوَعَ بِنْتِ وَاشِقٍ بِمِثْلِهِ. فَفَرِحَ بِهَا ابْنُ مَسْعُودٍ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ، وَهَذَا لَفْظُ التِّرْمِذِيِّ.
Ибн Мәсғудтан (р.а.) мәһірі белгіленбей, күйеуі өзімен жақындаспастан қайтыс болған әйелдің жағдайы сұралды. Ол: «Әйел қатарластарына берілетін мәһірді толық алады, ғиддатын күтеді және мұрадан үлес алады», – деді. Сонда Мағқил ибн Синан: «Алла Елшісінің (с.а.с.) Баруа бинт Уашиқ туралы дәл осындай үкім шығарғанын естідім», – деді. Ибн Мәсғуд бұған қуанды1.
Түсіндірме
1. Бұл риуаятта Ибн Мәсғудтың пәтуасы келтірілген. Одан күйеуі мәһірдің мөлшерін белгілемей және әйелімен жақындаспай дүние салған жағдайда, әйелдің қандай құқығы барын сұраған.
Ибн Мәсғуд әйел өзіне тең әйелдерге берілетін мәһірді толық алады, ғиддат мерзімін күтеді және мұрадан үлес алады деген. Егер мәһірдің мөлшері алдын ала белгіленген болса, сол мөлшер толық беріледі.
Ибн Мәсғуд үкім айтқан соң, жамағат арасындағы Мағқил ибн Синан Пайғамбардың да осыған ұқсас жағдайда дәл осылай үкім бергенін жеткізді. Ибн Мәсғуд пәтуасының Пайғамбар үкімімен сәйкес келгеніне қуанды.
2. Сахабалардың бір бөлігі, Әбу Ханифа мен шәкірттері, Ибн Сирин, Ибн Әбу Ләйла және Ахмад ибн Ханбал осы пікірді ұстанған.
Әли, Ибн Аббас, Ибн Омар секілді сахабалардан және имам Шафиғи, Әузағи, Ләйстен өзгеше пікір жеткен. Олардың пікірінше, әйел мұрадан үлес алады әрі ғиддатын күтеді, мәһір алмайды.
- 1Әбу Дәуіт, Никах: 32, (2114); Тирмизи, Никах: 44, (1145); Ибн Мәжа, Никах: 18, (1891); Нәсәи, Никах: 68, (6, 121).