Хадис

Кутуб ситтә, № 3460

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
466. Мәһірдің мөлшері
Нөмірі
№ 3460 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 9
3460
Кутуб ситтә, № 3460 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَمَّا قَدِمَ عَبْدُ الرَّحْمَنِ بْنِ عَوْفٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ آخَى النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بَيْنَهُ وَبَيْنَ سَعْدِ بْنِ الرَّبِيعِ الْأَنْصَارِيِّ، وَعِنْدَ الْأَنْصَارِيِّ امْرَأَتَانِ فَعَرَضَ عَلَيْهِ أَنْ يُنَاصِفَهُ أَهْلَهُ وَمَالَهُ. فَقَالَ لَهُ: بَارَكَ اللَّهُ لَكَ فِي أَهْلِكَ وَمَالِكَ، دُلَّونِي عَلَى السُّوقِ. فَأَتَى السُّوقَ فَرَبِحَ شَيْئًا مِنْ أَقِطٍ وَسَمْنٍ. فَرَآهُ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بَعْدَ أَيَّامٍ وَعَلَيْهِ وَضَرٌ مِنْ صُفْرَةٍ. فَقَالَ: مَهْيَمٌ يَا عَبْدَ الرَّحْمَنِ؟ قَالَ: تَزَوَّجْتُ أَنْصَارِيَّةً. قَالَ: فَمَا سُقْتَ إِلَيْهَا؟ قَالَ: وَزْنَ نَوَاةٍ مِنْ ذَهَبٍ. قَالَ: أَوْلِمْ وَلَوْ بِشَاةٍ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. وَزَادَ فِي رِوَايَةٍ بَعْدَ قَوْلِهِ: «مِنْ ذَهَبٍ»، قَالَ: «فَبَارَكَ اللَّهُ لَكَ». «الْوَضَرُ» هُنَا: أَثَرٌ مِنْ خَلُوقٍ أَوْ طِيبٍ. وَ«مَهْيَمٌ» كَلِمَةٌ يَمَانِيَّةٌ بِمَعْنَى: مَا أَمْرُكَ وَمَا شَأْنُكَ؟ وَ«النَّوَاةُ» اسْمٌ لِمَا وَزْنُهُ خَمْسَةُ دَرَاهِمَ، كَمَا سَمَّوُا الْأَرْبَعِينَ أُوقِيَّةً وَالْعِشْرِينَ نَشًّا.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай деген: «Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) Мәдинаға келгенде, Алла Елшісі (с.а.с.) оны ансарлық Сағд ибн әр-Рабиғпен бауырластырды. Сағдтың екі жұбайы бар еді. Ол Абдуррахманға мал-мүлкін бөлісуді және жұбайларының біріне үйленуіне жағдай жасауды ұсынды. Абдуррахман: “Алла отбасың мен дүние-мүлкіңе береке берсін. Маған базарды көрсетіңдер”, – деді. Базарға барып, кепкен ірімшік пен сары май саудасынан пайда тапты. Бірнеше күннен кейін Алла Елшісі оны көріп, үстіндегі сары дақты байқады. “Уа, Абдуррахман, не болды?” – деп сұрады. Ол: “Ансарлардан бір әйелге үйлендім”, – деді. Пайғамбар: “Оған мәһірге не бердің?” – деді. Ол: “Құрма сүйегінің салмағындай алтын бердім”, – деп жауап қатты. Сонда Алла Елшісі: “Бір қоймен болса да той бер”, – деді»1.

Бір нұсқада «алтын» деген сөзден соң Пайғамбардың: «Алла саған береке берсін», – дегені айтылады.

Түсіндірме

1. Бұл риуаят Алла Елшісінің (с.а.с.) мұһажирлер мен ансарларды бауырластырудағы көрегендігін және сахабалардың бір-бірі үшін қолындағысын бөлісуге даяр болғанын көрсетеді.

2. Бұхаридегі бір нұсқада Сағд ибн әр-Рабиғ Абдуррахманға: «Мен ансарлардың ең дәулеттілеріненмін. Дүниемді екеумізге тең бөлейін. Екі жұбайымның бірін таңдасаң, онымен ажырасайын. Ғиддаты аяқталған соң, оған үйлене аласың», – деген.

Абдуррахман (р.а.) тек базардың қайда екенін сұраған. Оған Қайнуқа базарын көрсеткен. Ол жерде май мен кепкен ірімшік саудасынан пайда тауып, көп ұзамай ансарлық әйелге үйленіп, мәһір берген.

3. Риуаяттағы «сәуқ» сөзі мәһір беруді білдіреді. «Ән-Ниһаяда» арабтар жаһилия дәуірінде мәһірге түйе айдап жібергендіктен, осы сөз қолданылғаны айтылады. Кейін ол мәһір ретінде берілген кез келген мүлікке қатысты айтыла бастаған.

Абдуррахманның бергені бір науат салмағындағы алтын еді. Түсіндірушілер науатты бес дирхам салмағына теңеген. Уқия – қырық дирхам, нәш – жиырма дирхам.

  1. 1Бұхари, Никах: 7, 49, 54, 56, 68, Буйуғ: 1, Кәфәлат: 2, Әдеп: 67, Дағауат: 53, Мәнәқиб әл-Әнсар 3, 50; Мүслим, Никах: 79, (1427); Муатта, Никах: 47, (2, 545); Тирмизи, Никах: 10, (1094), Бирр: 22, (1934); Әбу Дәуіт, Никах: 30, (2109); Нәсәи, Никах: 67, (6, 119, 120).