وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا تُصَاحِبْ إِلَّا مُؤْمِنًا، وَلَا يَأْكُلْ طَعَامَكَ إِلَّا تَقِيٌّ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Мүмінмен ғана жақын дос бол. Дастарханыңнан тақуа жан ғана дәм татсын»1.
Түсіндірме
Ғалымдар хадистің достыққа қатысты бөлігін екі қырынан түсіндірген.
1. Адам иманы мен мінезі кемел мұсылманмен жақын дос болсын.
2. Адам иманы мен мінезіне теріс ықпал етуі мүмкін кісімен тым жақын араласпасын. Түсіндірушілер осы орайда хадистегі «мүмін» сөзі иманы кемел жанды білдіретінін айтқан.
Екінші сөйлем жақын араласып, дастарқандас болатын адамды таңдауға қатысты айтылған.
Хадис адамның жұртпен араласуы мен біреуді сырлас дос тұтуының арасын ажыратады. Адамдармен амандасу, сұрағына жауап беру, сыйластық таныту – жалпыға ортақ әдеп. Ал үйге шақырып, отбасымен етене араластыру жақындық пен сенімді қажет етеді.
Достықтың да дәрежелері бар. Біреумен кездескенде амандық сұрасумен шектелеміз. Біреумен жолай әңгімелесеміз. Тағы біреумен шай ішіп, шүйіркелесуге уақыт табамыз. Ал көңілдегі шерді тарқатып, қуаныш пен қиындықты бөлісетін достың орны бөлек.
Достықты өзара сенім мен ортақ мұрат бекітеді. Адам танысының бәрін отбасының ортасына кіргізіп, дастарқандас етпейді. Сондықтан сырлас дос таңдағанда оның адалдығына, тақуалығы мен мінезіне мән берген жөн.
- 1Әбу Дәуіт, Әдеп: 19, (4832); Тирмизи, Зүһд: 56, (2397).