وَعَنْ أُمِّ سَلَمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَانَ عِنْدَهَا وَفِي الْبَيْتِ مُخَنَّثٌ. فَقَالَ لِعَبْدِ اللَّهِ بْنِ أَبِي أُمَيَّةَ أَخِي أُمِّ سَلَمَةَ: يَا عَبْدَ اللَّهِ إِنْ فَتَحَ اللَّهُ لَكُمْ غَدًا الطَّائِفَ فَإِنِّي أَدُلُّكَ عَلَى ابْنَةِ غَيْلَانَ، فَإِنَّهَا تُقْبِلُ بِأَرْبَعٍ وَتُدْبِرُ بِثَمَانٍ. فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا يَدْخُلَنَّ هَؤُلَاءِ عَلَيْكُمْ. يَعْنِي الْمُخَنَّثِينَ فَحَجَبُوهُ. قَالَ ابْنُ جُرَيْجٍ: الْمُخَنَّثُ هِيتٌ. أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ وَأَبُو دَاوُدَ. قَوْلُهُ: «تُقْبِلُ بِأَرْبَعٍ» أَيْ بِأَرْبَعِ عُكَنٍ. «وَتُدْبِرُ بِثَمَانٍ» أَرَادَ أَطْرَافَ الْعُكَنِ الْأَرْبَعِ مِنَ الْجَانِبَيْنِ.
Үммі Сәләмә (р.а.) былай деген: «Алла Елшісі (с.а.с.) қасымда еді. Үйде әйелге ұқсас қимыл-қылықтары бар бір ер кісі болатын. Ол бауырым Абдулла ибн Әбу Үмәйяға: “Уа, Абдулла! Алла ертең Таифті алуды нәсіп етсе, саған Ғайланның қызын көрсетейін. Алдыңа келгенде төрт қатпары, теріс бұрылғанда сегіз ұшы көрінеді”, – деді. Пайғамбарымыз: “Мұндай кісілер енді қастарыңа кірмесін”, – деді. Содан кейін әлгі адамды үйге кіргізбеді». Ибн Журайж оның аты Һит болғанын айтқан1.
Түсіндірме
1. «Муханнас» сөзі классикалық еңбектерде жүріс-тұрысы, дауысы немесе қимылы әйелге ұқсайтын ер адамға қатысты қолданылған. Ғалымдар табиғи ерекшелікке кінә артылмайтынын, әдейі еліктеудің үкімі бөлек екенін түсіндірген. Кейбір риуаятта үйге кіріп жүрген кісі әйелдерге құмартпайтын адамдардың бірі деп қабылданғаны айтылады.
Әбу Дәуітте қол-аяғын қынамен бояған бір муханнастың Мәдинадан екі түндік жердегі Нақиғқа жіберілгені айтылады. Сахабалар оны өлтіру туралы сұрағанда, Алла Елшісі (с.а.с.): «Маған намаз оқитындарды өлтіруге тыйым салынған», – деген. Деректерде ол кісінің аты Һит немесе Һинт деп, барған жері де әртүрлі аталады. Түсіндірушілер осыған қарап бірнеше бөлек оқиға болуы мүмкін деген. Кей деректе сол дәуірде осындай төрт кісі болғаны айтылады.
2. «Келе жатқанда төрт, бұрылып кеткенде сегіз» дегені – алдынан денесіндегі төрт қатпар, арт жағынан сол қатпарлардың екі жақтағы сегіз ұшы көрінеді деген сөз. Ибн Хажар мұны дене бітімінің толықтығын білдіретін сипаттама деп түсіндірген. Оның айтуынша, ол дәуірде бұл сұлулықтың бір белгісі саналған.
3. Бірнеше риуаятта әйелдің ерге, ердің әйелге әдейі еліктеуі айыпталған. Бірінде Алланың жаратқанына разы болмай, әйелге ұқсауға ұмтылған ерлер жөнінде қатаң ескерту бар. Келесі хадисте ерге еліктеген әйелге де, әйелге еліктеген ерге де лағынет айтылғаны баяндалады.
4. Түсіндірушілер Һитке қатысты шешімнің үш себебін атаған.
• Ол әйелдерге ықыласы жоқ адамдай көрініп, шын ниетін жасырған.
• Әйелдің дене бітімін бөгде ерге егжей-тегжей суреттеген. Түсіндірушілер мұндай әңгімені әдепке жат деп санаған. Бір риуаятта оның қыздың аузын түймедаққа теңеп, түр-сипатын бейнелеп айтқаны баяндалады.
• Әйелдерге қатысты өзіне мәлім болуға тиіс емес жайларды білгені анықталған соң, оны олардың қасына кіргізбеген. Бұл хадиске қатысты өзге талдаулар да бар.
- 1Бұхари, Мағази: 56, Никах: 113, Либас: 62; Мүслим, Сәлам: 32, (2180); Муатта, Уасият: 5, (2, 767); Әбу Дәуіт, Әдеп: 61, (4929).