وَعَنْ أَبِي خَرَاشٍ السُّلَمِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ هَجَرَ أَخَاهُ سَنَةً فَهُوَ كَسَفْكِ دَمِهِ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Әбу Хираш әс-Сүләми (р.а.) жеткізген хадисте Алла Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Кім бауырымен бір жыл бойы қатынасын үзсе, оның қанын төккенмен тең»1.
Түсіндірме
1. «Һижрет» пен «һижран» сөздерінің түбірінде «тастап кету, тәрк ету» мағынасы бар. Бұл сөздер отаннан көшуді де, біреуден ірге ажыратып, кездескенде тілдеспеуді де білдіреді. Хадисте соңғы мағынасы айтылған.
2. Алла Елшісі (с.а.с.) мұсылмандардың үш күннен артық араз жүруіне тыйым салған. Нәуәуидің түсіндіруінше, үш күннен асқан араздық харам. Ашу мен өкпе адам табиғатында бар болғандықтан, алғашқы үш күнге кеңшілік берілген. Әбул-Аббас әл-Құртуби үш түнді есепке алады. Оның пікірінше, адамдар күндіз ренжіскен болса, мерзім сол күннің кешінен басталып, үшінші түн аяқталғанда бітеді. Өзге ғалымдар мерзімді реніш туған сәттен бастап есептейді. Мысалы, сенбі күні түсте ренжіскендер үшін үш күн сейсенбі күні түсте толады. Олардың түсіндіруінше, ашудың басылуына осы уақыт жеткілікті.
3. Мұхибб әт-Табари ренжіскен екі адам жолыққанда сәлем бермей, берілген сәлемді де алмай кетсе, мұны араздықтың белгісі деп түсіндірген. Басқа ғалымдар араздықты тілдесуді доғару деп таныған. Сәлемдесу де тілдесуге жатады.
4. Хадиске сай, араз екі кісінің жақсысы – бірінші болып сәлем бергені. Табари жеткізген нұсқалардың бірінде сәлем берген кісінің жәннатқа бұрын кіретіні айтылады. Тағы бір риуаятта екеуі араз күйінде жан тапсырса, жәннатқа кірмейтіні ескертілген.
5. Ғалымдардың көпшілігі сәлемдесумен араздық тоқтайды деп есептеген. Ахмад ибн Ханбалдың пікірінше, бұрынғы қарым-қатынас қалпына келуі керек. Кейбір ғалымдар тілдеспеу екеуінің көңіліне әлі де салмақ салса, сәлемнің өзі жеткіліксіз деген. Қади Ияд та сәлемдескен соң әңгімелеспесе, өкпенің әлі тарқамағанын айтқан.
Сәлемдесуді жеткілікті санағандар Ибн Мәсғудтан жеткен мәуқуф риуаятты дәлелге алады. Онда жолдасына барып сәлем беру онымен араздықты тоқтатудың белгісі екені айтылған.
6. Кейбір ғалымдар хадистегі «бауыры» сөзі үш күнге қатысты үкімнің мұсылмандардың өзара қатынасы жайында айтылғанын білдіреді деп түсіндірген.
Ибн Абдулбәррдің айтуынша, ғалымдар үш күннен артық араз жүрудің харам екеніне бірауыздан келіскен. Егер біреумен араласу адамның дініне, өз басына немесе мал-мүлкіне зиян тигізуі мүмкін болса, онымен араласпауына рұқсат. Мұндай жағдайда бойын аулақ ұстаған абзал.
7. Біреумен сөйлеспеуге ант еткен адам жөнінде ғалымдар оның тілдесіп, антының кәффаратын өтеуі керегін айтқан. Ал «Онымен сөйлессем, құлымды азат етемін» немесе «Пәлен рәкат намаз оқимын» деген секілді шартты нәзір айтылса, шарт орындалғанда оның үкімі де ескеріледі. Ғалымдар мұны анттың түріне және уәде етілген істің үкіміне қарай таразылаған.
Бұхариде Абдулла ибн Зубәйр мен Айша анамызға қатысты бір оқиға баяндалған. Ибн Зубәйрдің сөзі көңіліне батқан Айша онымен енді сөйлеспеуге нәзір айтқан. Арадағы өкпенің ұзаққа созылғанын көрген кісілер оларды татуластырмақ болады. Айша нәзірін алға тартып, бастапқыда көнбейді. Ақыры Ибн Зубәйрдің жақындары екеуін жүздестіреді. Ибн Зубәйр кешірім сұрайды. Қасындағылар мұсылманға бауырымен үш күннен артық араз жүруге болмайтынын еске салады. Айша онымен тілдесіп, нәзірінің өтеуіне қырық құл азат етеді. Рауидің айтуынша, Айша сол нәзірін есіне алғанда жаулығы суланғанша жылайтын.
- 1Әбу Дәуіт, Әдеп: 55, (4915).