وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ فَلْيُكْرِمْ ضَيْفَهُ، وَمَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ فَلْيُحْسِنْ إِلَى جَارِهِ، وَمَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ فَلْيَقُلْ خَيْرًا أَوْ لِيَسْكُتْ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ، وَأَبُو دَاوُدَ، وَاللَّفْظُ لَهُ.
Әбу Һурайра (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Аллаға және ақырет күніне иман келтірген кісі қонағын құрметтесін. Аллаға және ақырет күніне иман келтірген кісі көршісіне жақсылық жасасын. Аллаға және ақырет күніне иман келтірген кісі жақсы сөз айтсын немесе үндемесін».1
Түсіндірме
1. Хадисте «Аллаға және ақырет күніне иман келтірген кісі» деген сөзді қайталау арқылы осы амалдардың маңызы ашылады. Ақырет – адам әр ісі мен сөзі үшін есеп беретін күн. Көршіге жақсылық жасау, жақсы сөз айту, қонақты құрметтеу – сол сенімнің іс жүзіндегі көріністері.
2. Хадисте иманның кемелдігі меңзелген. Аллаға және ақыретке сенген кісі дүниенің өткінші екенін, барша жаратылыстың Аллаға қайтатынын және өз ісі үшін есеп беретінін біледі. Сол сенім оны хадистегі амалдарды орындауға жетелейді.
3. Кей нұсқада «Көршісіне жақсылық жасасын» дегеннің орнына «Көршісіне зиян келтірмесін» делінген. Өзге нұсқада «ихсан» орнына «икрам» сөзі қолданылған. Екеуі де көршіге дүниемен де, ықыласпен де жақсылық жасауды білдіреді. Жақсылықтың бір түрі – зиян келтірмеу. Бір риуаятта Алла Елшісінен (с.а.с.) көршінің ақысы сұралып, оған қарыз сұраса беру, көмек сұраса жәрдемдесу, ауырса көңілін сұрау, мұқтаж болса бөлісу, қуанышында құттықтап, қайғысында көңіл айту, қайтыс болса жаназасына қатысу жатады делінген. Үй салғанда көршісінің рұқсатынсыз оның үйінен биік етіп, желі мен күнін бөгемеу, ас пісіргенде көршіге дәм татқызу да аталған. Жеміс алса, көршісімен бөліскені жөн. Бөлісе алмаса, оны көзге түсірмей үйге кіргізіп, балаларының сол жемісті сыртта жеп, көршінің баласын дәмелендірмеуін қадағалайды.
4. Ғалымдардың айтуынша, көршіге ас беру үкімі адамның жағдайына қарай өзгереді. Кейде ол әр адамның жеке міндеті, кейде қауымға ортақ міндет, кейде мұстахаб болады. Көршіге ас ұсынудан адамның кішіпейілдігі мен көркем мінезі көрінеді.
5. Хадисте қонақ күту және қонаққа ас ұсыну да сөз болады. Бұл мәселе қонаққа арналған бөлімде, №3487–3492 хадистердің түсіндірмесінде кеңірек қаралады.
6. Ғалымдар «Жақсы сөз айтсын немесе үндемесін» дегенді Алла Елшісінің (с.а.с.) аз сөзбен көп мағына жеткізуіне, яғни «жәуамиғул-кәлимге» мысал еткен. Кісі аузынан жақсы, жаман және пайдасыз сөз шығуы мүмкін. Жақсысын айтқан жөн. Жаман не пайдасыз сөз айтуға оқталса, үндемегені абзал.
- 1Бұхари, «Әдеп», 31 және 85, «Неке», 80, «Риқақ», 23. Мүслим, «Иман», 74 (47). Әбу Дәуіт, «Әдеп», 132 (5154).