وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا عَطَسَ غَطَّى وَجْهَهُ بِيَدِهِ أَوْ بِثَوْبِهِ وَغَضَّ بِهَا صَوْتَهُ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Әбу Һурайра (р.а.) айтады: «Алла Елшісі (с.а.с.) түшкіргенде, бетін қолымен не киімімен қалқалап, дауысын бәсеңдететін».1
Түсіндірме
Бұл риуаят түшкіру әдебін көрсетеді. Кей хадисте осы әдеп бұйрық түрінде берілсе, енді бірінде Алла Елшісінің (с.а.с.) ісімен көрсетіледі. Түшкіргенде бетті қалқалап, дыбысты бәсеңдету айналадағы жұртты мазаламауға, ауыз бен мұрыннан шыққан тамшыларды шашыратпауға көмектеседі.
Ибн Хажар өзге риуаяттарға сүйеніп, түшкіргенде дауысты бәсеңдету, тамшы шашырамауы үшін бет пен ауызды қолмен не киіммен қалқалау, басты бір жаққа бұру және содан соң «Әлхамду лиллаһ» сөзін естіртіп айту әдепке сай екенін айтқан.
Ибн әл-Араби түшкіргенде дауысты бәсеңдетудің мәнін түсіндіре келе, тым қатты дыбыстың дене мүшелеріне зақым келтіруі мүмкін деген. Өзге әдептерді де жоғарыда аталған себептермен байланыстырған.
Ибн Дақиқ әл-Идтің айтуынша, түшкірген кісіге дұға ету мұсылмандардың бір-біріне деген ықыласын арттырады. Бұл Пайғамбарымыздың сүннетін ұстануға, сауапқа кенелуге және өкпе-ренішті басуға сеп.
- 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 98 (5029). Тирмизи, «Әдеп», 6 (2745).