وَعَنْ عَطَاءٍ الْخُرَاسَانِيِّ: أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: تَصَافَحُوا يَذْهَبِ الْغِلُّ، وَتَهَادَوْا تَحَابُّوا وَتَذْهَبِ الشَّحْنَاءُ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Ата әл-Хурасани Алла Елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Қол алысыңдар, сонда кек кетеді. Бір-біріңе сыйлық беріңдер, сонда араларыңда сүйіспеншілік орнап, өшпенділік жоғалады».1
Түсіндірме
1. Бұл төрт хадисте қол алысып амандасудың артықшылығы баяндалады. Осы тақырыптағы өзге риуаяттар да бар. Ғалымдар Алла Елшісінің (с.а.с.) бұл әдепті ел ішінде жаюға үндегенін айтып, оны бекітілген сүннетке жатқызған. Бір риуаятта Пайғамбарымыз Йеменнен келгендердің қол алысу әдебін алғаш қолданғандар қатарында болғанын айтқан.
Әнәстен (р.а.) жеткен бір риуаятта Алла Елшісінен (с.а.с.) «Кісі бауырына жолыққанда иіліп сәлем бере ме?» деп сұрайды. Ол «Жоқ» дейді. «Қол алысып амандаса ма?» дегенде, «Иә» деп жауап береді.
Ибн Батталдың айтуынша, ғалымдардың дені қол алысып амандасуды құптаған. Имам Мәлик алғашында оны мәкруһ санап, кейін мұстахаб деген пікірге келген. Имам Нәуәуи кездескенде қол алысудың сүннет екеніне ғалымдар бірауыздан келіскенін айтқан.
Бәра (р.а.) бір риуаятта былай дейді: «Алла Елшісімен (с.а.с.) жолыққанымда, қолымнан ұстап амандасты. Мен “Уа, Алла Елшісі! Мұны арабтан өзге жұрттың әдеті деп ойлайтынмын” дедім. Ол “Қол алысуға біз олардан гөрі лайықтымыз” деп жауап берді».
Кей жерлерде таң мен екінті намаздарын жамағатпен оқып болған соң, бір-бірімен қол алысу әдетке айналған. Нәуәуидің айтуынша, Ибн Абдуссалам мұны рұқсат етілген жаңалықтар қатарына жатқызған.
2. №3392 хадистегі «қол алу» сөзін кейбір ғалымдар қол алысып амандасу деп түсіндіріп, оны мусафаха әдебіне жатқызған. Әнәстен (р.а.) жеткен бір риуаятта Алла Елшісінің (с.а.с.) жолыққан кісімен қол алысып, ол қолын тартып алмайынша, өз қолын бірінші жібермегені айтылады. Жүзін де одан бұрын бұрмаған.
3. №3393 хадис адамдарды бір-біріне сыйлық беру арқылы сүйіспеншілікті арттыруға шақырады. Сыйлық беру жайы №5780–5787 хадистерде кеңірек баяндалады.
- 1Мәлик, «Муатта», «Хусн әл-хулқ», 16 (2/908).