وَعَنْ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «إِنَّ مِنْ عِبَادِ اللَّهِ لَأُنَاسًا مَا هُمْ بِأَنْبِيَاءَ وَلَا شُهَدَاءَ، يَغْبِطُهُمُ الْأَنْبِيَاءُ وَالشُّهَدَاءُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ بِمَكَانِهِمْ مِنَ اللَّهِ تَعَالَى». قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، تُخْبِرُنَا مَنْ هُمْ؟ قَالَ: «هُمْ قَوْمٌ تَحَابُّوا بِرُوحِ اللَّهِ عَلَى غَيْرِ أَرْحَامٍ بَيْنَهُمْ، وَلَا أَمْوَالٍ يَتَعَاطَوْنَهَا، فَوَاللَّهِ إِنَّ وُجُوهَهُمْ لَنُورٌ، وَإِنَّهُمْ عَلَى نُورٍ، لَا يَخَافُونَ إِذَا خَافَ النَّاسُ، وَلَا يَحْزَنُونَ إِذَا حَزِنَ النَّاسُ». وَقَرَأَ هَذِهِ الْآيَةَ: ﴿أَلَا إِنَّ أَوْلِيَاءَ اللَّهِ لَا خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلَا هُمْ يَحْزَنُونَ﴾. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Омар (р.а.) жеткізеді: «Алла Елшісі (с.а.с.) “Алланың құлдарының арасында пайғамбар да, шейіт те болмаған бір топ бар. Қиямет күні Алланың құзырындағы дәрежесіне пайғамбарлар мен шейіттер қызыға қарайды”, – деді. Жұрт: “Уа, Алла Елшісі, олардың кім екенін бізге айтыңызшы”, – деді. Ол: “Олар – туыстық байланысы да, өзара алыс-берісі де жоқ, Алланың рухы үшін бір-бірін жақсы көрген адамдар. Аллаға ант етемін, олардың жүздері нұрлы, өздері де нұр үстінде болады. Адамдар қорыққанда, олар қорықпайды. Адамдар қайғырғанда, олар қайғырмайды”, – деп мына аятты оқыды: “Біліп қойыңдар, Алланың достарына қауіп жоқ. Олар қайғырмайды да”» (Юнус, 62)1.
Түсіндірме
Бір түсінік бойынша, хадистегі «Алланың рухы» деген сөз Құранды меңзейді. Ғалымдар бұған «Осылайша саған өз әмірімізден бір рух уахи еттік» деген аятты дәлел етеді (Шура, 52). Дене рухпен тірі болғаны секілді, жүрек Құранмен жанданады. Бұл тіркесті Алланың жүректеріне салған таза сүйіспеншілігі деп ұғынғандар да бар. Олардың пайымынша, мұндай адамдар бір-бірін Алланың разылығы үшін жақсы көреді.
- 1Әбу Дәуіт, «Буюғ», №3527; «Юнус» сүресі, 62-аят.