وَعَنْ أَبِي إِدْرِيسَ الْخَوْلَانِيِّ، عَنْ مُعَاذٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «يَقُولُ اللَّهُ تَبَارَكَ وَتَعَالَى: وَجَبَتْ مَحَبَّتِي لِلْمُتَحَابِّينَ فِيَّ، وَلِلْمُتَجَالِسِينَ فِيَّ، وَلِلْمُتَزَاوِرِينَ فِيَّ، وَلِلْمُتَبَاذِلِينَ فِيَّ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Әбу Ыдырыс әл-Хаулани Мұғаз ибн Жәбәлден (р.а.) жеткізеді: «Алла Елшісі (с.а.с.) былай деді: “Алла Тағала: ‘Мен үшін бір-бірін жақсы көргендер, бас қосқандар, бір-біріне зиярат еткендер және бір-біріне малын жұмсағандар сүйіспеншілігіме бөленеді’, – деді”»1.
Түсіндірме
1. «Муаттада» хадистің қандай жағдайда айтылғаны баяндалады. «Тәйсирге» оның Пайғамбардан (с.а.с.) жеткен марфуғ бөлігі ғана алынған.
2. «Мұжаласа» – Алланы зікір ету не Оның разылығына жеткізетін мақсат үшін бірге отыру. Жүнәйд (рахимаһулла) оңашада құлшылық етіп отырғанда, бауырлары келіпті. Ол оңашалығын тоқтатып, қастарына отырыпты да: «Сендермен отырғаннан қайырлы іс тапсам, соны істер едім. Ықыласты кісілермен бірге болу жүректі орнықтырып, ілімді таратуға сеп», – депті.
3. Әл-Бажи «мұтабазил» сөзін Алланың разылығы үшін жанын да, малын да жұмсаған адамдарға қатысты түсіндірген. Өзге ғалымдар мұны бауырының маңызды ісіне жанын да, малын да аямаған әр мұсылманға ортақ сипат санаған. Олар хижрет кезінде де, кейін де қолындағы малын аямаған Әбу Бәкірді (р.а.) мысалға келтіреді.
4. «Мұтазауир» – Алланың разылығын көздеп, бір-біріне зиярат етуші.
5. Табарани жеткізген бір нұсқада «мұтасаддиқин», яғни «бір-біріне садақа бергендер» деген қосымша бар.
Бұл амалдарды Алланың разылығы үшін атқарғандар жүрегін Оған арнап, тәухидке берік болғандықтан, хадисте уәде етілген сыйға ие болады.
- 1Мәлик, «Муатта», «Шиғр», 16-тарау (2-том, 953–954-беттер).