Хадис

Кутуб ситтә, № 3332

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
452. Жолдас таңдау
Нөмірі
№ 3332 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
3332
Кутуб ситтә, № 3332 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Мұса

عَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «إِنَّمَا مَثَلُ الْجَلِيسِ الصَّالِحِ وَالْجَلِيسِ السَّوْءِ كَحَامِلِ الْمِسْكِ وَنَافِخِ الْكِيرِ، فَحَامِلُ الْمِسْكِ إِمَّا أَنْ يُحْذِيَكَ، وَإِمَّا أَنْ تَبْتَاعَ مِنْهُ، وَإِمَّا أَنْ تَجِدَ مِنْهُ رِيحًا طَيِّبَةً، وَنَافِخُ الْكِيرِ إِمَّا أَنْ يُحْرِقَ ثِيَابَكَ، وَإِمَّا أَنْ تَجِدَ رِيحًا خَبِيثَةً». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Мұса (р.а.) жеткізеді: «Алла Елшісі (с.а.с.) былай деді: “Жақсы жолдас пен жаман жолдас жұпар иіс сатушы мен көрік басқан ұстаға ұқсайды. Жұпар иіс сатушы саған иісінен сыйлайды, не одан өзің сатып аласың, не болмаса оның жанында жүріп жұпар иісін сезесің. Көрік басқан ұста киіміңді күйдіріп жібереді немесе одан жағымсыз иіс сезесің”»1.

Түсіндірме

Миск – жұпар бұғысынан алынатын хош иіс. Ибн Хажар оның қалай пайда болатыны жөнінде мынадай түсінік келтірген: «Жылдың белгілі бір мезгілінде жануардың кіндік тұсына қан жиналып, сол жер ісінеді. Ісік түскенше жануар мазасызданады. Сол өңірдің адамдары ісіктің түсуін тездету үшін түрлі амал қолданған. Жахыз бұл жануардың Қытайды мекендейтінін айтады».

Ғалымдар мискті, шығу тегі қан деп түсіндірілгенімен, табиғаты өзгергендіктен таза деп есептеген. Денеге не киімге жағуға болады. Мұсылман ғалымдары мисктің тазалығына бірауыздан келіскен.

Алла Елшісі (с.а.с.) мен сахабалары мискті хош иіс ретінде қолданған. Ол иістердің ең жақсысы саналған.

Алла Елшісі жақсы жолдасты миск сатушыға теңеген. Жақсы жолдастың дүниеге не ақыретке пайдасы тиіп, ізгілігі бойға сіңеді. Хадис сондай адаммен дос болуға үндеп, дүниеңе не ақыретіңе зиян келтіретін кісімен жолдастықтан сақтандырады.

  1. 1Бұхари, «Буюғ», 38-тарау, «Забаих», 31-тарау (№2101, №5534); Мүслим, «Бирр», №2628.