وَعَنْ وَهْبٍ بْنِ حُذَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِذَا خَرَجَ الرَّجُلُ لِحَاجَتِهِ ثُمَّ عَادَ فَهُوَ أَحَقُّ بِمَجْلِسِهِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.
Уаһб ибн Хузайфа (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі (с.а.с.): “Кісі бір шаруасымен шығып, қайта оралса, бұрынғы орнына отыруға оның ақысы басым”, – деді»1.
Түсіндірме
Нәуәуи бұл үкімді мешітте намаз күтіп отырған адамның дәрет алу секілді шаруамен аз уақытқа шығып, қайта келуімен түсіндірген. Қайтып келгенде, өз орнына отыруға оның ақысы басым. Шафиғи мәзһабындағы басым пікір бойынша, кейін отырған адам оған орнын беруге міндетті. Имам Мәлик пен кей ғалымдар мұны мұстахаб деп қараған. Шафиғи ғалымдарының пікірінше, кеткен адам орнына жайнамаз секілді зат қалдырса да, қалдырмаса да, сол мәжіліске қайтқанда орнына отыруға ақысы бар. Бұл ақы басқа уақытқа жүрмейді. №3329 риуаятта Алла Елшісінің (с.а.с.) қайта келетінін білдіру үшін отырған жеріне бір затын қалдырғаны айтылады.
Қади Ияд ғалымдардың пәтуа беру үшін мешіттің бір орнына үнемі отыратын кісінің ақысы жайында пікірлескенін айтады. Имам Мәликтің пікірінше, отырған орны жұртқа мәлім болса, сол орынға оның ақысы бар.
Қади Иядтың айтуынша, ғалымдардың көбі мұны міндетті құқықтан гөрі құптарлық тәртіп, яғни истихсан деп қараған. Имам Мәликтің сөзі де осыны меңзеуі мүмкін.
Ешкімге тиесілі емес ашық жерге немесе жол бойына үнемі отыратын адамға да осыған ұқсас үкім айтылған. Ондай кісі шаруасы біткенше сол жерде отыруға құқылы.
Қади Ияд бұл пікірді Мәуәрдидің Мәликтен жеткізгенін айтады. Ондағы мақсат орынға қатысты даудың алдын алу болған.
Құртуби ғалымдардың басым бөлігі мұны міндетті үкім санамағанын айтқан.
- 1Тирмизи, «Әдеп», 10 (2752).