وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: حَقُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ خَمْسٌ: رَدُّ السَّلَا مِ، وَعِيَادَةُ الْمَرِيضِ، وَاتِّبَاعُ الْجَنَازَةِ، وَإِجَابَةُ الدَّعْوَةِ، وَتَشْمِيتُ الْعَاطِسِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ. وَزَادَ مُسْلِمٌ فِي رِوَايَةٍ: «وَإِذَا دَعَاكَ فَأَجِبْهُ، وَإِذَا اسْتَنْصَحَكَ فَانْصَحْ لَهُ».
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі (с.а.с.): “Мұсылманның мұсылмандағы ақысы бесеу. Сәлеміне жауап беру, ауырса халін сұрау, жаназасына қатысу, шақырса бару және түшкірсе ‘Ярхамукаллаһ’ деу”, – деді»1.
Мүслімнің бір нұсқасында: «Шақырса, бар. Кеңес сұраса, ақылыңды айт», – деген қосымша бар.
Түсіндірме
1. Бұл нұсқада мұсылманның мұсылмандағы ақысы бесеу деп аталған. Тирмизидегі риуаятта олар алтау болып, алтыншысы «өзіңе қалағанды оған да қалау» деп көрсетілген. Басқа нұсқада жәбір көрген адамға жәрдем беру қосылып, жеті ақы аталады.
2. Хадисте аталған істер мұсылманның мұсылмандағы ақысы деп көрсетілген. Бір риуаятта сахаба: «Алла Елшісі (с.а.с.) бізге жеті нәрсені бұйырып, жеті нәрседен тыйды», – деген.
Ибн Хажардың айтуынша, кей ғалымдар аталған ақыларды өтеуді уәжіп деп санаған. Олар «Бір мұсылманға екінші мұсылманның алдында бес істі орындау уәжіп» деген риуаятты да дәлел еткен. Мәликилердің бір бөлігі мен заһирилердің көбі осы пікірде. Ибн Әбу Жамра кейбір ақыларды парыз айн, яғни әркімнің өзіне жүктелетін міндет деп түсіндірген. Ибн әл-Қайим хадистерде міндеттілік «ақы» сөзімен, бұйрық райымен және сахабалардың «Алла Елшісі бізге бұйырды» деген сөзімен де білдірілгенін көрсетеді. Оның пікірінше, фиқһ ғалымдары кейбір үкімді бұдан аз дәлелмен де уәжіп санаған. Ханафилер мен ханбалилердің көбі оларды парыз кифая деп қарайды: бір топ адам орындаса, қалғанынан міндет түседі. Шафиғилер мен мәликилердің бір бөлігі осы амалдарды мұстахаб санаған.
- 1Бұхари, «Жаназа», 2. Мүслим, «Сәлем», 4 (2162). Әбу Дәуіт, «Әдеп», 98 (5030). Тирмизи, «Әдеп», 1 (2738). Нәсәи, «Жаназа», 52 (4/52).