وَعَنْ أَبِي الْوَضِيءِ قَالَ: «غَزَوْنَا غَزْوَةً لَنَا فَنَزَلْنَا مَنْزِلًا، فَبَاعَ صَاحِبٌ لَنَا فَرَسًا بِغُلَامٍ، ثُمَّ أَقَامَا بَقِيَّةَ يَوْمِهِمَا وَلَيْلَتِهِمَا. فَلَمَّا أَصْبَحَا مِنَ الْغَدِ حَضَرَ الرَّحِيلُ، فَقَامَ إِلَى فَرَسِهِ يُسْرِجُهُ فَنَدِمَ، فَأَتَى الرَّجُلَ وَأَخَذَهُ بِالْبَيْعِ، فَأَبَى الرَّجُلُ أَنْ يَدْفَعَهُ إِلَيْهِ، فَقَالَ: بَيْنِي وَبَيْنَكَ أَبُو بَرْزَةَ صَاحِبُ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ. فَأَتَيَا أَبَا بَرْزَةَ فِي نَاحِيَةِ الْعَسْكَرِ فَقَالَا لَهُ هَذِهِ الْقِصَّةَ. فَقَالَ: أَتَرْضَيَانِ أَنْ أَقْضِيَ بَيْنَكُمَا بِقَضَاءِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ؟ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: “الْبَيِّعَانِ بِالْخِيَارِ مَا لَمْ يَتَفَرَّقَا”». قَالَ هِشَامُ بْنُ حَسَّانَ: حَدَّثَ جَمِيلٌ أَنَّهُ قَالَ: «مَا أُرَاكُمَا افْتَرَقْتُمَا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Әбул-Уади былай дейді: «Бірде жорыққа шығып, бір жерге аялдадық. Серігіміздің бірі атын бір жас құлға айырбастап сатты. Сатушы мен сатып алушы сол күннің қалған бөлігін және түнді бірге өткізді. Ертеңіне таң атқанда, жолға шығатын уақыт болды. Серігіміз атын ерттеуге барды да, сатқанына өкініп, сатып алушыға мәмілені бұзғысы келетінін айтты. Сатып алушы атты қайтарудан бас тартып, “Екеумізге Алла елшісінің (с.а.с.) сахабасы Әбу Барза төрелік етсін”, – деді. Олар әскердің бір шетінде тұрған Әбу Барзаға барып, болған жайды баяндады. Ол: “Араларыңа Алла елшісінің (с.а.с.) үкімімен төрелік айтуыма разысыңдар ма? Алла елшісі (с.а.с.) ‘Сатушы мен сатып алушы бір-бірінен ажырағанға дейін мәмілені бекіту не бұзу еркіне ие’ деген”, – деді». Һишам ибн Хассанның айтуынша, Жәмил Әбу Барзаның «Сендерді бір-біріңнен ажырады деп есептемеймін» деген сөзін де жеткізген1.
Түсіндірме
Риуаяттан Әбу Барзаның (р.а.) «ажырауды» денесімен алыстау деп ұққаны және сауда мәжілісінің аясын кең түсінгені байқалады. Оның пайымынша, екі тарап бір мекеннен кетпейінше, сол маңда бір-бірінен уақытша алыстауы мәжілісті аяқтамайды. Әбул-Уади екі кісінің мәміледен кейін сол күннің қалған бөлігін және түнді бір жерде өткізгенін айтады. Соған қарамастан Әбу Барза оларды әлі бір-бірінен бөлінбеген деп санаған. Осы аралықта тамақтану не дәретке бару сияқты қажеттермен бір-бірінен уақытша алыстауы мүмкін еді. Ондай үзілістер сол мекеннің шегінде болғандықтан, сауда мәжілісін үзбейді деп түсіндірілген. Тирмизи келтірген нұсқада оқиға кемеде болғаны айтылады.
Бұхари «Сауда-саттық» кітабының тиісті тарауында Ибн Омар, Шурайх, Шағби, Тауыс, Ата және Ибн Әбу Муләйка да осы пікірді ұстанғанын келтіреді.
№363 хадистің түсіндірмесінде айтылғандай, мәмілені түпкілікті бекітетін «ажырау» қай кезде орын алатыны жөнінде ғалымдар әртүрлі пікір айтқан.
Хаттаби «Мағалим әс-сунанда» әсіресе Мәлики ғалымдарының «бөлінуді» айқындайтын ортақ анықтама табылмағанын айтқанын жазады. Ертедегі ғалымдар пікірінің әртүрлі болуы кейінгілерге бұл мәселені жағдайға қарай шешуге мүмкіндік берді. Олар халықтың әдет-ғұрпына және сатушы мен сатып алушының бірге отырған жеріне сүйенді. Мысалы, кең үйде біреуі мәміле жасалған бөлмеден шығып, басқа бөлмеге өтсе, екеуі бір-бірінен бөлінген болып саналады. Ал базарда не дүкенде бірінің екіншісінен бірнеше адым ұзап кетуінің өзі жеткілікті деп қаралған.
- 1Әбу Дәуіт, «Ижара» (№3457). Кемеде болған нұсқасын Тирмизи №1246 хадистен кейінгі түсіндірмесінде келтірген.