عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَوْ كُنْتُ آمِرًا أَحَدًا أَنْ يَسْجُدَ لِأَحَدٍ لَأَمَرْتُ الْمَرْأَةَ أَنْ تَسْجُدَ لِزَوْجِهَا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Алла Елшісі (с.а.с.): “Егер бір адамға басқа біреуге сәжде етуді бұйырар болсам, әйелге күйеуіне сәжде етуді бұйырар едім”, – деді»1.
Түсіндірме
Исламда сәжде тек Аллаға жасалады. Алла Елшісі (с.а.с.) осы шартты теңеу арқылы отбасыдағы ерлі-зайыптылардың ақысына назар аударған. Аятта ер кісіге шаңырақтың қамын ойлау және отбасының нәпақасын өтеу міндеті жүктеледі. «Ерлер әйелдерге қамқор. Өйткені Алла олардың біріне екіншісінен артық қасиет берген әрі олар өз малдарынан жұмсайды. Ізгі әйелдер бойсұнады...» («Ниса», 34).
Отбасындағы өзара ақы мен міндет жайы бірнеше хадисте айтылады. Тирмизи бұл тақырыпта Муаз ибн Жәбәл, Сурақа ибн Мәлик, Айша, Ибн Аббас, Абдулла ибн Әбу Әуфа, Талқ ибн Әли, Үммі Сәләма, Әнәс және Ибн Омардан (Алла баршасына разы болсын) да риуаяттар жеткенін жазады. Абдулла ибн Әбу Әуфаның нұсқасында былай делінген: «Муаз ибн Жәбәл (р.а.) Шамнан қайтып келгенде, Алла Елшісіне (с.а.с.) сәжде етті. Ол: “Муаз, бұл не?” – деп сұрады. Муаз: “Шамда жұрттың епископтары мен патриархтарына сәжде еткенін көрдім. Сізге де солай еткім келді”, – деді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): “Бұлай етпеңдер. Егер бір адамға Алладан басқаға сәжде етуді бұйырар болсам, әйелге күйеуіне сәжде етуді бұйырар едім. Мұхаммедтің жаны қолында болған Аллаға ант етейін, әйел күйеуінің ақысын өтемейінше, Раббысының ақысын өтеген болмайды. Күйеуі төсегіне шақырса, түйенің ерінде отырса да, оның өтінішін қайтармасын”, – деді».
Әнәстен (р.а.) жеткен риуаятта: «Бір адамның екінші адамға сәжде етуіне болмайды. Егер оған рұқсат етілгенде, күйеуінің ақысы үлкен болғандықтан, әйелге күйеуіне сәжде етуді бұйырар едім», – делінген.
- 1Тирмизи, «Радағ», 10-тарау (№1159).