وَعِنْدَ التِّرْمِذِيِّ: «تَعَلَّمُوا مِنْ أَنْسَابِكُمْ مَا تَصِلُونَ بِهِ أَرْحَامَكُمْ، فَإِنَّ صِلَةَ الرَّحِمِ مَحَبَّةٌ فِي الْأَهْلِ، مَثْرَاةٌ فِي الْمَالِ، مَنْسَأَةٌ فِي الْأَثَرِ». وَ«الْأَثَرُ» هُنَا الْأَجَلُ.
Тирмизи келтірген риуаятта: «Туыстық байланысты сақтауға жетерліктей ата-тектеріңді біліңдер. Туыстықты сақтау ағайын арасындағы сүйіспеншілікті арттырады, мал-мүлікті молайтады, ғұмырды ұзартады», – делінген1.
Түсіндірме
1. Алла Елшісі (с.а.с.) ата-тегін біліп, ағайынын тануға үндеген. Осы хадиске сүйенген ғалымдар туыстық байланысты сақтау міндетін ата-анамен шектемей, жақын ағайынды да атаған. Туыстықты сақтау дегеніміз – оларға жақындық танытып, мейірім мен жақсылық көрсету.
2. Туыстықты сақтау ғұмырды ұзартады дегенді ажал мерзімі өзгермейтіні туралы аятпен қалай ұштастыруға болады? Бір түсіндіру бойынша, адамның амалына береке дарып, уақыты босқа өтпесе, өмірі ұзарғандай болады. Туыстықты сақтаған жанды кейінгілер қайтыс болғаннан кейін де жақсылықпен еске алады немесе артында ізгі ұрпақ қалады деген пікірлер бар. Хадисте біздің пайымымыз жете бермейтін, ажалды кешіктіретін себептер меңзелуі де ықтимал. Алла ұзақ өмір беруін қалаған пендесіне туыстарымен сыйласуды нәсіп етеді. Елшінің (с.а.с.) сүйінші хабарына сеніп, уәде етілген сыйды үміт еткен адамның ізгі амалы зая кетпейді. «Құлым Мен туралы қандай ойда болса, Мен оған сондаймын» деген хадистің мағынасына сай, Алла ағайынымен осы үмітпен сыйласқан жанға ұзақ ғұмыр беруі немесе сол іске жұмсаған уақытына мол береке дарытып, ұзақ өмір сүргендей сауап жазуы мүмкін.
Ибн Хажар бұл мәселенің үш түрлі түсіндірмесін келтірген.
Бірінші түсіндірме бойынша, ғұмырдың ұзаруы – құлшылыққа жәрдем беріліп, уақыттың берекелі өтуі. Адамға ақыретте пайдасы тиетін іспен айналысу нәсіп етіліп, ғұмыры бекер өтпейді. Осыған ұқсас риуаятта Мұхаммед үмбетінің ғұмыры алдыңғы үмбеттерден қысқарақ болғандықтан, оған Қадір түні берілгені айтылады. Туыстықты сақтаған адамға құлшылықта береке дарып, күнәдан сақтануға жәрдем беріледі. Оны кейінгі ұрпақ жақсылықпен еске алып, тірі күніндегідей сауабы үзілмейді. Артында қалдырған пайдалы ілім, үздіксіз садақа мен ізгі ұрпақ та оған пайдасын тигізеді.
Екінші түсіндірме бойынша, ғұмыр расында ұзарады. Өзгеріс Алланың ілімінде емес, ғұмырға жауапты періштенің білуіндегі жазбада болады. Мысалы, періштеге: «Пәленше туыстықты сақтаса, жүз жыл, сақтамаса, алпыс жыл өмір сүреді», – деп айтылуы мүмкін. Ол адамның не істейтінін Алла әуелден біледі. Періштенің білуіндегі мерзім ғана артып не кемиді. «Алла қалағанын өшіреді, қалағанын қалдырады. Негізгі кітап Оның құзырында» деген аяттағы өшіру мен бекіту осы жазбаға қатысты («Рағыд», 39). Алланың іліміндегі, «Умм әл-китабтағы» үкім өзгермейді. Түпкілікті үкім «қаза-и мубрам», ал шартқа байланған үкім «қаза-и муаллақ» деп аталады. Омардың (р.а.): «Уа, Раббым, мені тозақ иелерінің қатарына жазған болсаң, өшіре гөр», – деп дұға еткені айтылады. Мұндағы өшіру періштеге мәлім жазбаға қатысты түсіндіріледі. Тиби алғашқы түсіндірмені хадиске жақын санаған. «Әл-Фаиқтың» авторы Замахшари де Алла туыстықты сақтаған адамның ізін дүниеде ұзақ қалдыруы мүмкін екенін айтқан.
Үшінші түсіндірме Табаранидің «Әл-Муғжам әс-сағир» еңбегіндегі риуаятқа сүйенеді. Әбу Дәрда жеткізеді: «Алла Елшісінің (с.а.с.) қасында “Туыстықты сақтаған адамның ғұмыры ұзарады” делінді. Сонда ол: “Ғұмыр ұзартылмайды. Алла Тағала: ‘Ажалдары келгенде, оны бір сәт кейіндете де, ілгерілете де алмайды’, – дейді (‘Ағраф’, 34). Бірақ ол дүниеден өткен соң, оған дұға ететін ізгі ұрпақ қалады”, – деді».
Табаранидің «Әл-Муғжам әл-кәбиріндегі» марфуғ риуаятта Алла ажалы жеткен адамның ғұмырын ұзартпайтыны, мұндағы ұзақ ғұмырдың ізгі ұрпақ арқылы жалғасатыны айтылады. Ибн Фурак ғұмырдың ұзаруын туыстықты сақтаған адамның ақылы мен пайымын Алланың зақымнан қорғауы деп түсіндірген.
3. Хадисте ата-текті білу мәндүп амал ретінде көрсетілген.
- 1№3289 – Бұхари, «Әдеп», 12-тарау (№5985). №3290 – Тирмизи, «Бирр», 49-тарау (№1980, өзге нөмірлеуде №1979).