وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ أَعْرَابِيًّا قَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَخْبِرْنِي عَنِ الْهِجْرَةِ. فَقَالَ: وَيْحَكَ، إِنَّ شَأْنَهَا شَدِيدٌ. فَهَلْ لَكَ مِنْ إِبِلٍ؟ قَالَ: نَعَمْ. قَالَ: فَتُعْطِي صَدَقَتَهَا؟ قَالَ: نَعَمْ. قَالَ: فَهَلْ تَمْنَحُ مِنْهَا؟ قَالَ: نَعَمْ. قَالَ: فَتَحْلُبُهَا يَوْمَ وِرْدِهَا؟ قَالَ: نَعَمْ. قَالَ: فَاعْمَلْ مِنْ وَرَاءِ الْبِحَارِ، فَإِنَّ اللَّهَ لَنْ يَتِرَكَ مِنْ عَمَلِكَ شَيْئًا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.
Әбу Сағидтың (р.а.) айтуынша, бір бәдәуи келіп: «Уа, Алла Елшісі, маған һижра туралы айтып беріңізші», – деді. Алла Елшісі (с.а.с.): «Һижра – ауыр іс. Түйең бар ма?» – деп сұрады. «Иә», – деді ол. «Зекетін бересің бе?» – дегенде де «Иә», – деп жауап берді. «Сауып пайдалансын деп жұртқа уақытша бересің бе?» – деді. «Иә», – деді ол. «Суатқа келген күні сауасың ба?» – дегенге де «Иә», – деді. Сонда Алла Елшісі (с.а.с.): «Ендеше, сол шалғайда жүріп ізгі ісіңді істей бер. Алла амалыңның сауабынан ештеңе кемітпейді», – деді.1
Түсіндірме
1. Бұл өтініш Мекке алынғаннан кейін айтылған болуы мүмкін. Оған дейін Мәдинаға һижра жасау әр мүміннің міндеті еді. Бұл мәселе һижра бөлімінде кеңірек талданады (№5779 хадистің түсіндірмесін қараңыз). Ол кезеңде мұсылмандардың қарсыластары арасында азшылық күйде қиындық көрмеуі және Мәдинадағы мұсылман қауымының нығаюы үшін Исламды қабылдаған әр кісі, қанша қиын болса да, Мәдинаға көшуге тиіс болды. Ал мына хадисте бәдәуиге өз жерінде қалып, ізгі ісін жалғастыруға рұқсат етілген. Бұл жағдайдың өзгергенін, адамның өз мекенінде де мұсылмандық міндетін атқара алатынын көрсетеді.
2. Хадисте түйе зекеті де аталады. Ол зекет бөлімінде арнайы талданған.
- 1Бұхари, «Зекет», 36-тарау, №1452, «Әдеп», 95-тарау; Мүслим, «Имарат», 87-тарау, №1865; Әбу Дәуіт, «Жиһад», 1-тарау, №2477; Нәсәи, «Бәйға», 11-тарау (7/144).