Хадис

Кутуб ситтә, № 3240

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
440. № 3232–3246 хадистер
Нөмірі
№ 3240 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 9
3240
Кутуб ситтә, № 3240 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Усама ибн Зәйд

وَعَنْ أُسَامَةَ بْنِ زَيْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «أَرْسَلَتْ بِنْتُ النَّبِيِّ ﷺ إِلَيْهِ: إِنَّ ابْنًا لِي احْتُضِرَ فَاشْهَدْهُ. فَأَرْسَلَ يَقْرَأُ السَّلَامَ وَيَقُولُ: إِنَّ لِلَّهِ مَا أَخَذَ، وَلِلَّهِ مَا أَعْطَى، وَكُلُّ شَيْءٍ عِنْدَهُ بِأَجَلٍ مُسَمًّى، فَلْتَصْبِرْ وَلْتَحْتَسِبْ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.

Қазақша аудармасы

Усама ибн Зәйд (р.а.) былай дейді: «Пайғамбардың (с.а.с.) қызы әкесіне кісі жіберіп: “Ұлым ажал аузында жатыр, қасында болсаңыз”, – деп өтінді. Алла Елшісі (с.а.с.) сәлем жолдап: “Алғаны да, бергені де – Алланікі. Оның қасында әр нәрсенің белгіленген мерзімі бар. Сабыр етсін, сауабын Алладан күтсін”, – деді».1

Түсіндірме

1. Баласы ажал аузында жатқанда Алла Елшісін (с.а.с.) шақырған қызының есімі бұл нұсқада аталмаған. Ибн Әбу Шәйбаның бір риуаятында Зейнеп (р.а.) делінсе, кей нұсқада Фатима (р.а.) екені айтылады. Баланың кім екені де анық емес. Бір нұсқада «ұлым», екіншісінде «қызым» делінген. Әбу Дәуіттегі рауи «ұлым немесе қызым» деп күмән білдірген. Ибн Хажар оны Умама деп танып, риуаяттағы «ұлым» сөзінің орнына «қызым» болуы керек деп есептеген. Түсіндірмелерге қарағанда, Умама қатты науқастанып, Алла Елшісі (с.а.с.) оны көргенде көзіне жас алған. Дұғасы қабыл болып, бала айыққан. Ол Алла Елшісінен (с.а.с.) кейін де өмір сүрген. Фатима (р.а.) қайтыс болған соң, Әли (р.а.) Умамаға үйленіп, шейіт болғанға дейін онымен бірге тұрған.

2. «Алғаны да, бергені де – Алланікі» деген сөз бұл оқиғада «Алланың берген баласы да, алған баласы да Өзіне тиесілі» деген мағынада айтылған.

3. Бұхаридің бір нұсқасында Зейнептің (р.а.) Алла Елшісіне (с.а.с.) екінші рет кісі жіберіп, келуін табандап сұрағаны айтылады. Басқа нұсқада Пайғамбар (с.а.с.) үшінші шақырудан кейін қызының үйіне барған. Онымен бірге Абдуррахман ибн Ауф та барған.

Ибн Хажар Зейнептің (р.а.) табандап шақыруын екі түрлі түсіндіреді.

1. Ол ел ішінде «Зейнептің Алла Елшісі (с.а.с.) алдында қадірі жоқ» деген жаңсақ сөз тарамауын ойлаған болуы мүмкін.

2. Алла оның көңіліне Алла Елшісі (с.а.с.) жанына келсе, дұғасының берекесі тиетінін салған болуы мүмкін. Оқиғада сол үміті ақталды.

Алла Елшісінің (с.а.с.) алғашқы шақыруда бармауын да екі түрлі түсіндірген. Ол әуелде Алланың жазуына мойынсұнып, баруға асықпаған болуы мүмкін. Немесе бұл шақыруға барудың тойға шақырғандағыдай міндет еместігін білдіргісі келген.

4. Алла Елшісі (с.а.с.) Зейнепке (р.а.) барғанда, жанында Убада ибн әс-Самит, Усама ибн Зәйд, Сағд ибн Убада, Мұғаз ибн Жәбәл, Убай ибн Кәғб, Зәйд ибн Сәбит және басқа сахабалар болған. Баланың қиналғанын көргенде, Алла Елшісінің (с.а.с.) көзіне жас келді. Сағд ибн Убада: «Уа, Алла Елшісі, бұл қалай?» – деп таңданды. Ол: «Бұл – Алланың құлдарының жүрегіне салған мейірімі. Алла құлдарының арасындағы мейірімділерге рақым етеді», – деп жауап берді.

5. Хадистен алынған өнегелер

• Ажал аузындағы адамның қасына дұғасы қабыл болады деп үміт етілетін кісілерді шақыруға болады.

• Осындай мақсатпен ант етуге болады.

• Көңіл айтуға арнайы шақыртусыз да баруға болады. Тойға бару үшін шақыру қажет.

• Біреу ант етіп өтінсе, антын бұздырмау үшін өтінішін орындау – мұстахаб.

• Сөзді сәлемдесуден бастау – мұстахаб.

• Науқастың жасына не қоғамдағы орнына қарамастан, көңілін сұрауға болады.

• Беделді адамдар халықтан алыстамауы керек. Алғаш шақырғанда бармаған күннің өзінде, кейінгі шақыруға баруы жөн.

• Әдеттен тыс көрінген іс жөнінде имамнан мән-жайын сұрау – мұстахаб.

• Сұрақты әдеппен қою керек.

• Алланың жаратқандарына мейірім танытып, қатыгездіктен сақтану керек.

• Дауыс көтеріп жоқтамай, көз жасын төгуге болады.

  1. 1Бұхари, «Жанаиз», 33-тарау, «Марда», 9-тарау, «Қадар», 4-тарау, «Әйман», 9-тарау, «Тәухид», 2, 25-тараулар; Мүслим, «Жанаиз», 11-тарау, №923; Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 28-тарау, №3125; Нәсәи, «Жанаиз», 22-тарау (4/21–22).