وَعَنْ أَسْلَمَ قَالَ: «فَعَلَ ذَلِكَ عُمَرُ، يَعْنِي الْقَضَاءَ، وَقَالَ: الْخَطْبُ يَسِيرٌ وَقَدِ اجْتَهَدْنَا». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ. «الْخَطْبُ»: الْأَمْرُ وَالشَّأْنُ.
Әсләмнің айтуынша, Омар (р.а.) қазасын өтеген де «Бұл іс жеңіл. Біз шамамызша уақытты анықтадық», – деген.1
Түсіндірме
Риуаят мұнда қысқартылып берілген. Толық нұсқасында Рамазандағы бір бұлтты күні Омар (р.а.) күн батты деп ойлап, ауыз ашқаны баяндалады. Сонда бір адам келіп «Уа, мүміндердің әміршісі! Күн көрінді», – деп хабар береді. Омар:
– Бұл іс жеңіл. Күн батты деп шамаладық, – дейді.
Имам Мәлик «Дұрысын Алла біледі, біздің түсінуімізше, Омар “Бұл іс жеңіл” дегенде, оразаның қазасын меңзеген, яғни “Орнына бір күн ұстаймыз” дегісі келген», – деп түсіндірген.
Басқа нұсқада Омардың (р.а.) «Уа, жұрт! Ауыз ашқан кісі бір күннің қазасын өтеу оңай екенін білсін. Әлі ауыз ашпаған адам оразасын аяқтасын», – дегені айтылады.
Омардан жеткен бұл риуаят мазмұны мен үкімі жағынан Алла Елшісі (с.а.с.) дәуіріндегі оқиға туралы алдыңғы риуаятқа сай келеді.
- 1Мәлик, «Муатта», «Сиям», 44 (1/303).