Хадис

Кутуб ситтә, № 3221

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
438. Ораза ұсталмайтын жағдайлар және қазасын өтеу
Нөмірі
№ 3221 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
3221
Кутуб ситтә, № 3221 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «جَاءَتِ امْرَأَةٌ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَقَالَتْ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنَّ أُمِّي مَاتَتْ وَعَلَيْهَا صَوْمُ نَذْرٍ، أَفَأَصُومُ عَنْهَا؟ قَالَ: أَرَأَيْتِ لَوْ كَانَ عَلَى أُمِّكِ دَيْنٌ فَقَضَيْتِيهِ، أَكَانَ يُؤَدِّي ذَلِكَ عَنْهَا؟ قَالَتْ: نَعَمْ. قَالَ: فَصُومِي عَنْ أُمِّكِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Бір әйел Алла Елшісіне (с.а.с.) келіп, “Уа, Алла Елшісі! Анам мойнында нәзір оразасы бар күйде қайтыс болды. Оның орнына ораза ұстасам бола ма?” – деп сұрады. Алла Елшісі:

– Анаңның мойнында қарызы болып, оны сен өтесең, қарызы өтелер ме еді? – деп сұрады. Әйел:

– Иә, – дегенде, Алла Елшісі (с.а.с.):

– Онда анаңның орнына ораза ұста, – деді».1

Түсіндірме

Осыған ұқсас бірнеше риуаят жеткен.

Кей нұсқада сұрақты әйел, енді бірінде ер адам қойған. Бірінде анасының, басқасында қарындасының атынан ораза ұстау туралы сұралады. Кей хабарда нәзір қарызы айтылады. Ғалымдардың бір тобы оны нәзір ораза, екінші тобы нәзір қажылық деп түсіндірген.

Бұл айырмашылықтарға қарап, кей ғалымдар хадисті мұдтариб санаған. Ибн Хажар риуаяттарда бір үкімге негіз болатын бөлек оқиғалар айтылғанын көрсеткен. Нәзір оразасы мен нәзір қажылығы жайлы сұраған адамдардың атын дереккөздеріне сүйеніп жеке атап, хабарды мұдтариб деуге келіспеген. Оның пікірінше, риуаяттардан шығатын үкім бірдей болса, сұрақ қойған адамның ер не әйел болуы немесе сұрақтың анасы не қарындасы жайлы қойылуы үкімге әсер етпейді.

Ибн Хажар марқұмның атынан ораза ұстауға болады, бұл амал міндетті емес, мәндүп деген.

  1. 1Бұхари, «Саум», 42. Мүслим, «Сиям», №1148. Әбу Дәуіт, «Анттар», №3307–3308. Тирмизи, «Саум», №716.