وَعَنْ طَلْقِ بْنِ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: كُلُوا وَاشْرَبُوا، وَلَا يَهِيدَنَّكُمُ السَّاطِعُ الْمُصْعِدُ حَتَّى يَعْتَرِضَ لَكُمُ الْأَحْمَرُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Талқ ибн Әли (р.а.) Алла Елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Жеп-ішіңдер. Көкке тік көтерілген жарық сендерге бөгет болмасын. Қызғылт шапақ көкжиекке көлденең жайылғанша жеп-іше беріңдер».1
Түсіндірме
Хадис қараңғыда көкжиектен көрінетін алғашқы жарыққа алданбауға үндейді. Бұл жарық таңның басталғанын білдірмейді, оның жақындағанынан хабар береді. Сондықтан оны «жалған таң» дейді. Хадисте ол «әс-сатиғ әл-мусғид», яғни көкке тік көтерілген жарық деп аталған.
«Фәжр әс-садиқ» деп аталатын шынайы таң хадисте «ахмар» сөзімен берілген. Бұл сөздің тура мағынасы – «қызыл». Мұнда басында қызғылт тартып, артынан ағара түсетін таң меңзеледі. Арабтар кейде «ахмар» сөзін «ақ» мағынасында да қолданған. Мәселен, Алла Елшісінің (с.а.с.) «Мен қызылдар мен қараларға пайғамбар болып жіберілдім» деген сөзіндегі «қызылдар» ақ өңді адамдарды білдіреді. Сол сияқты اِمْرَأَةٌ حَمْرَاءُ тіркесін де «ақ өңді әйел» деген мағынада қолданған. Демек, хадис көкжиектен шынайы таңның жарығы көрінгенше сәресі ішуге болатынын аңғартады.
- 1Әбу Дәуіт, «Саум», №2348. Тирмизи, «Саум», №705.