Хадис

Кутуб ситтә, № 3169

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
433. Ораза ұстауға тыйым салынған күндер
Нөмірі
№ 3169 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
3169
Кутуб ситтә, № 3169 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Сағид

عَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لَا يَصْلُحُ الصِّيَامُ فِي يَوْمَيْنِ: يَوْمِ الْفِطْرِ وَيَوْمِ النَّحْرِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ، وَهَذَا لَفْظُ مُسْلِمٍ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) Алла елшісінің: «Екі күнде ораза ұстауға болмайды: ораза айт күні және құрбан айттың алғашқы күні», – дегенін жеткізген.1

Түсіндірме

Алла елшісі екі айттың алғашқы күнінде ораза ұстауға тыйым салған. Ал ораза ұстауды нәзір еткен адамның нәзірі айт күніне тұспа-тұс келсе, оны орындауға міндетті ме? Ғалымдар бұл сұраққа әртүрлі жауап берген.

Ғалымдар екі айттың алғашқы күнінде нәзір, кәффарат, нәпіл, қаза немесе тәматтуғ қажылығының оразасы тәрізді ешбір оразаны ұстауға болмайтынына бірауыздан келіскен. Пікір алшақтығы осы тыйымға қарамастан ораза ұстаған кісіге қандай үкім жүретініне қатысты.

• Әбу Ханифа мұндай ораза ораза болып есептеледі және нәзір күшіне енеді деп үкім берген.

Көпшілік бұл пікірге қосылмаған: «Зәйд “Келген күнімде ораза ұстаймын” деп нәзір етіп, айт күні келсе, нәзірі күшіне енбейді», – дейді. Ханафилер: «Нәзір күшіне енеді. Ол оразаның қазасын өтеуі қажет», – деген. Бір риуаятта ораза ұстаудың орнына кедейді тойғызу керек делінген. Әузағидың пікірінше, қаза міндетті, бірақ ол ниетінде айт күнін алып тастаса, қаза қажет емес. Имам Мәликтен жеткен бір риуаятта қазаны өтеуге ниет етсе, өтейтіні, ниет етпесе, өтемейтіні айтылған.

Ибн Омарға осы сұрақ қойылғанда, ол жауап бермей, үкім айтуға асықпаған.

Бұл пікірталас «Тыйым салынған амалдың жарамды саналуы мүмкін бе?» деген сұрақтан туған. Көпшілік ғалым «Мүмкін емес» деген. Мұхаммед ибн әл-Хасан: «Мүмкін. Айт күні ораза ұстау мүмкін болғандықтан, ұстаған оразасы жарамды болады», – деген. Оған: «Бұл ақыл тұрғысынан мүмкін. Ал талас шариғаттағы үкім жайында болып тұр. Шариғат тыйған іс шариғат тұрғысынан орындалған болып саналмайды», – деп жауап берілген.

Рұқсат бермегендер мына дәлелді де келтіреді: «Жалпы нәпіл амал саналатын іске тыйым салынса, сол жерде ол амал жарамды деп танылмайды. Тыйым харамдықты білдірсе де, мәкрүһтікті білдірсе де, оны істемеген жөн. Ал нәпілді істеу құпталады. Осы екі үкім бір амалға қатар жүрмейді».

Имам Нәуәуи бұл мәселені былай түйіндейді: «Ғалымдар осы екі күнде нәзір, нәпіл, кәффарат секілді қандай мақсатпен болса да ораза ұстау харам екеніне бірауыздан келіскен. Адам осы екі күнде біле тұра ораза ұстауды нәзір етсе, Шафиғи мен көпшілік ғалым: “Нәзірі күшіне енбейді, қазасын өтеу де міндетті емес”, – дейді. Әбу Ханифа: “Нәзірі күшіне енеді, қазасын өтеуі керек. Сол екі күннің бірінде ораза ұстаған болса, нәзірін орындаған болып саналады”, – дейді. Өзге ғалымдар бұл мәселеде Әбу Ханифаға қосылмаған».

  1. 1Бұхари, «Саум», 67, Фадлус-«Салат», 6. Мүслим, «Сиям», 288, (827). Әбу Дәуіт, «Саум», 48 (№ 2417). Тирмизи, «Саум», 58, (772).