عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ قَتَادَةَ بْنِ مِلْحَانَ الْقَيْسِيِّ عَنْ أَبِيهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَأْمُرُنَا أَنْ نَصُومَ أَيَّامَ الْبِيضِ ثَلَاثَ عَشْرَةَ، وَأَرْبَعَ عَشْرَةَ، وَخَمْسَ عَشْرَةَ، وَقَالَ: «هُنَّ كَهَيْئَةِ الدَّهْرِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.
Абдулла ибн Қатада ибн Милхан әл-Қайси әкесінен (р.а.) мына риуаятты жеткізген: «Алла елшісі бізге айдың жарық күндерінде, яғни он үшінші, он төртінші және он бесінші күндері ораза ұстауды бұйыратын. “Бұл жыл бойы ораза ұстағанмен тең”, – дейтін».1
Түсіндірме
Араб тіліндегі «бид» сөзі «ақ» дегенді білдіреді. Қамари айдың он үшінші, он төртінші және он бесінші түндерінде ай толып, кештен таңға дейін айналаны жарық етеді. Сондықтан бұл күндер «әййәмул-бид», яғни «жарық күндер» аталған. Дәлірек айтқанда, олардың түндері жарық, бірақ атауда жарықтық күнге телінген.
Алла елшісі бұл күндері ораза ұстауды мұстахаб санаған. «Бұл жыл бойы ораза ұстағанмен тең» дегені сол күндердегі оразаға жыл бойы ораза ұстағандай сауап жазылатынын білдіреді. Есебі жоғарыдағыдай. «Әнғам» сүресінің 160-аятында ізгі істің сауабы он еселенетіні айтылады. Айына үш күн ораза ұстау бір айға тең. Ай сайын үш күннен ұстаса, бір жыл ораза ұстағанмен теңеседі.
- 1Әбу Дәуіт, «Саум», 68 (№ 2449). Нәсәи, «Саум», 83, (4, 220, 221).