Хадис

Кутуб ситтә, № 3159

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
430. Зұлхижжаның алғашқы он күні
Нөмірі
№ 3159 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 2
3159
Кутуб ситтә, № 3159 · тараудағы реті: 2

وَعَنِ الْقَاسِمِ بْنِ مُحَمَّدٍ قَالَ: كَانَتْ عَائِشَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا تَصُومُ يَوْمَ عَرَفَةَ، وَلَقَدْ رَأَيْتُهَا عَشِيَّةَ عَرَفَةَ يَدْفَعُ الْإِمَامُ، ثُمَّ تَقِفُ حَتَّى يَبْيَضَّ مَا بَيْنَهَا وَبَيْنَ النَّاسِ مِنَ الْأَرْضِ، ثُمَّ تَدْعُو بِشَرَابٍ فَتُفْطِرُ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Қасым ибн Мұхаммед: «Айша анамыз (р.а.) арафа күні ораза ұстайтын. Бірде арафа күні кешке қажылық әмірі Мүздәлифаға бет алғанда, Айшаның орнында кідіріп қалғанын көрдім. Ол адамдар біраз жерге ұзап, арасы ашылғанша күтті. Содан кейін сусын алдырып, аузын ашты»,1 – дейді.

Түсіндірме

Бұл риуаят Айша анамыздың Арафатта уақфа жасаған күні ораза ұстағанын көрсетеді. Имам Мәликтің айтуынша, ол қажылармен арада біраз жер қалсын әрі көпшілік оның ауыз ашқанын көрмесін деп кідірген. Айдың не жұлдыздың көрінуін күткен жоқ.

Абдулла ибн әз-Зубайр, Осман ибн Әбу әл-Ас және Исхақ ибн Раһуя да Арафатта ораза ұстаған деген риуаят бар.

Қатада: «Ораза дұға етуге мұрша бермей әлсіретпесе, оны ұстаудың сөкеттігі жоқ», – деген. Ата: «Арафа қыста келсе, ораза ұстаймын, жазда келсе, ұстамаймын», – деген. Ол жаздың ыстығында ораза адамды әлсіретіп, дұғасына кедергі келтірсе, аузын ашық ұстаған абзал деп меңзеген.

Ибн Абдулбарр Ибн Омардың (р.а.) мына сөзін жеткізген: «Мен Алла елшісімен, Әбу Бәкірмен, Омармен және Османмен (р.а.) бірге қажылық жасадым. Олар арафа күні ораза ұстамады. Мен де ұстамаймын».

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Хаж», 133 (1/375, № 834).