وَعَنْ عَطَاءِ بْنِ يَسَارٍ: «أَنَّ مُعَاوِيَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ بَاعَ سِقَايَةً مِنْ ذَهَبٍ أَوْ وَرِقٍ بِأَكْثَرَ مِنْ وَزْنِهَا، فَقَالَ لَهُ أَبُو الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَنْهَى عَنْ مِثْلِ هَذَا إِلَّا مِثْلًا بِمِثْلٍ. فَقَالَ مُعَاوِيَةُ: مَا أَرَى بِهَذَا بَأْسًا. فَقَالَ أَبُو الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: مَنْ يَعْذِرُنِي مِنْ مُعَاوِيَةَ؟ أَنَا أُخْبِرُهُ عَنْ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، وَهُوَ يُخْبِرُنِي عَنْ رَأْيِهِ. لَا أُسَاكِنُكَ بِأَرْضٍ أَنْتَ بِهَا. ثُمَّ قَدِمَ أَبُو الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ عَلَى عُمَرَ بْنِ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، فَذَكَرَ لَهُ ذَلِكَ، فَكَتَبَ عُمَرُ إِلَى مُعَاوِيَةَ أَنْ لَا تَبِيعَ ذَلِكَ إِلَّا مِثْلًا بِمِثْلٍ وَوَزْنًا بِوَزْنٍ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ وَالنَّسَائِيُّ.
Ата ибн Ясар былай дейді: «Мұғауия (р.а.) алтыннан не күмістен жасалған су ішетін ыдысты өз салмағынан артық мөлшерге сатты. Әбу Дәрда (р.а.) оған: “Алла елшісінің (с.а.с.) мұндай саудаға тек екі жағы тең болғанда ғана рұқсат еткенін естідім”, – деді. Мұғауия: “Мен мұның еш айыбын көріп тұрған жоқпын”, – деп жауап берді. Әбу Дәрда: “Мұғауияның бұл ісіне қарсы шыққанымда мені кім қолдар? Мен оған Алла елшісінің (с.а.с.) сөзін жеткізіп тұрмын, ал ол маған өз пікірін айтады. Сен тұратын жерде мен тұрмаймын”, – деді. Содан кейін ол Омар ибн әл-Хаттабқа (р.а.) барып, болған жайды айтты. Омар Мұғауияға хат жазып, мұндай ыдысты тек тең мөлшермен, салмағына сай сатуды тапсырды»1.
Түсіндірме
«السِّقَايَةُ» إِنَاءٌ يُشْرَبُ فِيهِ.
Шархта Имам Мәликтің шәкірттері «сиқая» сөзін алқа (қилада) деп түсінгені айтылады. Сиқая – су ішетін ыдыс. Оны кейде сұйықтықтың көлемін өлшеуге де қолданған. Шархта ыдыстың алтыннан жасалып, інжу, жақұт және зәбәржатпен безендірілгені, Мұғауияның оған алты жүз динар төлегені туралы дерек те келтіріледі.
Шархта Мұғауияның «Мен мұның еш айыбын көріп тұрған жоқпын» деген сөзін Ибн Аббастың (р.а.) осы айырбастағы артық мөлшерді риба санамаған пікірімен байланыстыруға болатыны айтылады. Әбу Дәрда бұл жауапты сүннетке қайшы деп ұғып, қатты ренжіген. Шархта оның реніші орынды саналады. Кей ғалымдар сүннетке сүйенген ескертуді қабылдамаған кісіден бойды аулақ ұстауға болады дегенде осы оқиғаны мысалға алған. Тәбук жорығына шықпай қалған Кәғб ибн Мәликпен (р.а.) сөйлеспеуді Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бұйырғанын да осыған мысал еткен. Кей ғалымдар бидғат таратқан кісімен араласпау туралы пікіріне осы оқиғаны дәлел келтірген. Шархта Ибн Масғұдтың жаназада күліп тұрған адамға «Аллаға ант етемін, сенімен енді сөйлеспеймін» дегені де айтылады.
Мағынасы ұқсас бір оқиға Убада ибн әс-Самит пен Мұғауияға (р.а.) қатысты да риуаят етілген. Бұл екі бөлек оқиға болуы мүмкін.
- 1Мәлик, «Муатта», «Сауда», 2/634 (№1324). Нәсәи, «Сауда» (№4572) оқиғаның алғашқы бөлігін келтіреді.