عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: كَانَ عَاشُورَاءُ يُصَامُ قَبْلَ رَمَضَانَ. فَلَمَّا نَزَلَ رَمَضَانُ كَانَ مَنْ شَاءَ صَامَ وَمَنْ شَاءَ أَفْطَرَ. أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.
Айша анамыз (р.а.): «Рамазан оразасы парыз етілгенге дейін Ашура оразасы ұсталатын. Рамазан оразасы парыз болған соң, қалаған адам Ашурада ораза ұстады, қаламаған адам ұстамады»1, – дейді.
Түсіндірме
1. Бұл оқиға Бұхаридегі нұсқада анығырақ баяндалған. Айша анамыз (р.а.): «Құрайш жәһилия дәуірінде Ашура оразасын ұстайтын. Алла елшісі де ұстайтын. Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін де Ашурада ораза ұстап, мұсылмандарға да ұстауды бұйырды. Рамазан оразасы парыз етілгенде, Ашураны міндетті түрде ұстаудан қалды. Содан кейін қалаған адам ораза ұстады, қаламаған адам ұстамады», – деген.
Риуаяттан үш жайт аңғарылады.
1. Меккеліктер Ашура оразасын білген әрі ұстаған, ал Мәдинадағы арабтар оны ұстамаған. Алла елшісінің оларды осы оразаны ұстауға шақыруы соны білдіреді.
2. Рамазан оразасы парыз етілгенге дейін Алла елшісі Ашура оразасын уәжіп санап ұстаған.
3. Рамазан оразасы парыз болған соң, Ашура оразасы нәпіл күйінде қалды. Қалаған адам оны ұстай берді.
Өзге риуаяттарда Алла елшісінің рамазан оразасы парыз болғаннан кейін де Ашура оразасын ұстағаны айтылады.
2. Кей ғалымдар осы риуаятқа сүйеніп, Алла елшісінің Ашура оразасын ұстауды қашан бұйырғанын шамалаған. Һижрет рабиғул-әууәл айында болғандықтан, бұйрық һижреттің екінші жылының басында берілген болуы керек. Рамазан оразасы сол жылы парыз етілді. Демек, Ашураны міндетті түрде ұстау бір жылға ғана тән болған, одан кейін әркімнің қалауына қалдырылған. Егер Ашураның парыз етілгенін білдіретін риуаяттар сахих болса, бұл хадис сол міндеттің күші жойылғанын көрсетеді. Қазы Ияд алғашқы буын ғалымдарының кейбірі Ашура оразасын әлі де парыз санағанын жеткізеді. Кейін бұл пікірді ұстанған ғалым қалмаған.
Ибн Абдулбарр ғалымдардың Ашура оразасы парыз емес, мұстахаб екеніне бірауыздан келіскенін айтады.
Ибн Хажар құрайштың Ашура оразасын былай түсіндіреді: «Олар мұны бұрынғы шариғаттардың бірінен алған болуы мүмкін. Құрайштықтар сол күні де, басқа күндерде де Қағбаның жамылғысын қастерлеген». Ибн Хажар Икримадан жеткен мына хабарды да келтіреді: «Құрайш жәһилия дәуірінде бір күнә жасап, қатты қиналған. Оларға: “Ашурада ораза ұстаңдар, осы күнәларыңа кәффарат болар”, – делінген».
- 1Бұхари, «Саум», 69, «Хаж», 1, 47, «Мәнәқибул-ансар», 26, Тәпсір, «Бақара», 24. Мүслим, «Сиям», 115. Муатта, 33, Әбу Дәуіт, «Саум», 64 (№ 2442, 2443). Тирмизи, «Саум», 49, (753).